ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТТЕР: «Самұрық-Қазына» қоры 3,5 млн. шаршы метр қолжетімді баспана салады

АСТАНА. 7 ақпан. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Өткен аптада «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының жаңа басшысы Өмірзақ Шөкеев жаңартылған құрамда компанияның кеңейтілген алқа мәжілісін өткізді. «Жаңартылған құрамда» деп отырғанымыз, бұған дейін ол қордың басқарушы директорлар құрамын біршама өзгертіп, жаңа тағайындаулар жасаған болатын.

ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТТЕР: «Самұрық-Қазына» қоры 3,5 млн. шаршы метр қолжетімді баспана салады

Осындай кадрлық жұмыстан кейін, кеңейтілген алқа мәжілісін өткізуді ұйғарған қор басшысы Ө.Шөкеев «Самұрық-Қазына» қызметінің  негізгі бағыттарын айқындап, алдағы мақсат-міндеттерді белгілеп берді.

 Әрине, «Самұрық-Қазынаның» алдағы жұмысы Елбасының биылғы Жолдауы аясында берілген тапсырмалармен тығыз байланысты болмақ. Оның негізгісі - «Колжетімді баспана» бағдарламасына атсалысу. Қазіргі кезде Жолдау жүктеген осы бір маңызды міндетке қатысты «Самұрық-Қазынаның» нақты жоспары да жоқ емес. Оған сәйкес, 2012-2015 жылдары аралығында «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» және «Самұрық-Қазынаның» өзі кезең-кезеңімен  500 мың шаршы метр көлеміндегі жылдық межеге шығуды жоспарлап отыр. Ал қалған 500 мың шаршы метрді Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігі өз мойнына алып отыр. 2013 жылы - 200 мың шаршы метр, 2014 жылы - 300 мың шаршы метр, ал 2015 жылдан бастап «Самұрық-Қазына» жыл сайын 500 мың шаршы метрден тұрғын-үй кешенін пайдалануға беруді көздейді. Жалпы, 2020 жылға дейін 3,5 млн. шаршы метр баспана салу жоспарланған. Қор басқармасы төрағасының орынбасары Қуандық Бишімбаевтың айтуына қарғанда, бір-екі айдың ішінде осы бастамаға қатысты екі қанатқақты жоба Ақмола және Алматы облыстарында қолға алынбақ. Жоспар бойынша жергілікті жерлердегі тұрғын үйдің бағасы бір шаршы метрі үшін 800 доллар, ал Астана мен Алматы қалаларында ол 1000 доллардан аспауы тиіс. Бағдарламаға қатысатын азаматтар ол баспананы, алдымен, жалға алып, уақыт өте келе, өз меншігіне сатып ала алады. Қордың жаңа басшысы Өмірзақ Шөкеев «Қолжетімді баспана» бағдарламасымен қатар, бұған дейін дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында салынған тұрғын үй кешендерін бітіріп, қалған үлескерлердің мәселесін шешуге мүдделі екен.  

Жалпы, қазіргі кезде «Самұрық-Қазына» қоры 164 инвестициялық жобаға жетекшілік етіп келеді. Олардың жалпы құны - 126 млрд. доллар. Олардың арқасында алдағы бес жылда 20 мың тұрақты жаңа жұмыс орындарын ашуға болады. Дегенмен, «Самұрық-Қазына» осы жобалардың тек 50 шақтысын ғана тексеріп үлгерген. Қордың жаңа басшысы Өмірзақ Шөкеев атап көрсеткендей, қалған 100-ден астам жобаның тиімділігі әлі анықталмаған. «Шынын айту керек, олардың ішінде тиімсіз жобалар да бар. Сондықтан барлық жобаларды толықтай тексеріп шығу қажет. Біз тиімсіз жобаларды қаржыландырмаймыз», - деп қадап айтты Ө.Шөкеев. Алдағы уақытта «Самұрық-Қазына» жеті жобаға негізгі басымдық беретін болады. Олар - Ақтаудағы мұнай зауытында шикізатты тереңдей өңдеу, Атырау газ-химия кешенінің қуатын арттыру, Қарашығанақ кенінде газ өңдеу зауытын салу, «Тобыл-Көкшетау-Астана» газ құбырын салу, Балқаш ЖЭС құрылысын бастау, «Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл»  темір жолдарын іске қосу.

Алқа мәжілісі аясында журналистерге сұхбат берген Ө.Шөкеев алдағы уақытта «Самұрық-Қазына» қорына кіретін ұлттық компанияларда біраз қысқартулар болатындығын жеткізді. Оның сөзіне қарғанда, «ҚазМұнайГаз» компаниясының орталық аппараты 25 пайызға қысқарса, «ҚазМұнайГаз. Барлау және өндіру» кәсіпорнында басқарушылардың саны 50 пайызға азаяды. «Бұған дейін Қазақстан темір жолы» компаниясы өз аппаратын 15 пайызға қысқартқан болатын. Алдағы уақытта тағы 17 пайызға қысқарту болады деген жоспар бар. Осы орайда атап өтер басты мәселе, ол - ұлттық компанияларда болатын қысқартулар бұл жаппай қысқарту емес. Оны тиімсіз еңбек күшін қысқарту деп түсіну қажет», - дейді Ө. Шөкеев. «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының басшысы Владимир Школьник те өз  аппаратын 26 пайызға қысқартуға әзір екендігін жеткізді. Ол Алматыда отырған әкімшілік аппараты қызметкерлерінің басым бөлігін жергілікті жерлердегі кеніштерге жібермек. «Бұған дейін Алматыда отырған 900-дей  қызметкерлер кеніштердің жанында болып, сол жерде әкімшілік жұмыстармен айналысатын болады. Алматыда тек салық және басқа да мәселелермен айналысатын мамандар қалады», - дейді ол. «Самұрық-Қазынаның» басшысы бұл бастаманы қолдап отыр. «Себебі әкімшіліктің жергілікті жерден емес, орталықта отырып басқару тәжірибесі тиімсіз. «ӨзенМұнайГаз» компаниясының басшылығы да Астанада отырып, Жаңаөзендегі филиалды басқарған екен. Бірақ оның арты неге ұласқанын бәрі жақсы біледі», - деп атап көрсетті Ө.Шөкеев.

Бұдан басқа, «Самұрық Қазына» әл-ауқат қорының жаңа басшысы ұлттық компаниялардың басшыларына тауар мен қызметтерді сатып алу кезінде қазақстандық қамтуды барынша ұлғайтуды тапсырды. Оның мәліметіне сүйенсек, 2010 жылы «Самұрық Қазына» қорына қарасты ұлттық компаниялардың сатып алулар саласындағы үлесі екі есе өскен болатын. Ол кезде қазақстандық қамту деңгейге 50 пайыз болған. «2011 жылы бұл көрсеткіш бес-ақ пайызға өсті. Алайда, 2009 жылы оның деңгейі 70 пайыз шамасында болған. Сондықтан мен алдағы уақытта қазақстандық қамту көлемін бұрынғы 70 пайыздық межеге жеткізуді тапсырамын. Әрбір басшы бұл мәселені жіті бақылауда ұстауы тиіс. Қазіргі кезде қор жанынан қазақстандық қамту бойынша жаңа департамент ашылды. Алдағы уақытта ол маған барлық жағдай бойынша тікелей есеп беретін болады», - дейді Ө. Шөкеев. Бұдан былай қор төрағасы «Самұрық-Қазына» аясындағы барлық сатып алуларды ашық электронды жүйе арқылы жүргізуге нетті.  

Сондай-ақ Өмірзақ Естайұлы ұлттық компаниялардың басшыларын «БТА» банктің қарызын қайта құрылымдау науқанына атсалысуға шақырды. «Біздіңше, «БТА» банкте қалыптасқан жағдай тұрақтанады. Осыған байланысты мен «Самұрық-Қазына» тобына кіретін барлық ұлттық компаниялардың басшыларын осы мәселеге назар аударуға шақырамын. Біз бәріміз бірлесіп, аталған банкке қолдау көрсетуіміз қажет. Бұл жұмыс ол жерде сан алуан депозит және есепшоттарды ашуға байланысты. Сондықтан банк қызметіне қатысты қандай да бір қарама-қайшы әрекеттер болмауы тиіс. Бұл - нақты әрі ашық ұстаным», - деп атап көрсетті Ө.Шөкеев. Қор төрағасы атап көрсеткендей, қазіргі кезде осы мәселеге қатысты несие берушілер комитеті құрылып жатыр. «Біз бұл комитеттің жұмысы барысында несие берушілермен кездесіп, «БТА» банкті екінші рет қайта құрылымдау бойынша тиісті шешім қабылдауымыз қажет. Міне, осы шешімнен кейін кім және қанша қаржы құятынын анықтайтын боламыз. Қор өз үлесін қосуға даяр. Бірақ несие берушілер де өз капиталдарын салуы тиіс», -  дейді Ө.Шөкеев.