Жолдауда қамтылған мәселелер күрделі де ауқымды - Т.Шоқабасов, профессор, БҚО
ОРАЛ. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауын зор ынтамен тыңдадым. Жолдауда қамтылған мәселелердің күрделі де ауқымды екені сөзсіз.
Елбасы жетістіктерді талдаумен қатар алда тұрған міндеттерге де жан-жақты тоқталды. Бұл туралы М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, профессор Темеш Шоқабасов мәлім етті.
Оның айтуынша, Нұрсұлтан Әбішұлы «Ең асыл мұрат - еңселі ел болу» дей келіп, халықтың әлеуметтік жағдайына қатысты жағдаяттарды айқындап берді. Қазір Қазақстанда орташа жалақы 80 мың теңгеге жетті, зейнетақы көбеюде. Алдағы шілде айынан бастап, бюджет жүйесіндегі қызметкерлердің жалақы мөлшері 30 пайызға өсуі тиіс. «Елбасымыз келеңсіз жәйттерді де жасырған жоқ. Бүгінде елімізде 149 университет бар екен. Бұл шектен тыс көп. «Жасанды» ғалымдарды қалыпқа құйғандай етіп, жасап «шығарумен» келіспейтіндігін айта келіп, ол білім саласында саннан гөрі сапаға көшу қажеттігіне айрықша тоқталды. Мемлекеттік тілдің мәселесін де назардан тыс қалдырған емес. Мысалы, күні бүгін халқымыздың 70 пайызы қазақ тілін меңгерген. Ал 2020 жылы ел тұрғындарының 95 пайызы мемлекеттік тілде емін-еркін сөйлеуі тиіс. Осыдан артық тілімізге қандай қамқорлық болуы мүмкін?!», - деді Т.Шоқабасов.