Жолдауда жүктелген міндеттер оқушыларды отаншылдыққа тәрбиелейді

Сұңқар орта мектебінің ұстаздар қауымы Жолдауды халыққа түсіндіру мақсатында арнайы жиын өткізіп, оған ауылдағы ардагерлер кеңесінің өкілдері, ауыл азаматтары, оқушылар қатысты. Кездесуді Сұңқар орта мектебінің директоры Айнұр Есбаева ашып, жүргізіп отырды. Сондай-ақ жиналған жұртшылыққа Жолдауды түсіндіріп, арнайы баяндама жасады.
Елбасы өз Жолдауында «Мемлекет әлеуметтік жалдамалы баспананы салып, оны тұрғындарға сатып алу құқын бере отырып, ұзақ мерзімді жалға ұсынады. Баспананы тікелей, делдалдарсыз және несиеге барынша төмен пайызбен ұсыну оның сатып алу құнын арзандатуға мүмкіндік береді. Бастапқы жарнаның болмауы мен ипотека үшін төмен пайыздар баспананы қазақстандықтардың көптеген жіктері үшін қолжетімді ете түседі. Сондықтан 2015-2016 жылдар ішінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды қосымша 180 миллиард теңге сомасында ұлғайтамыз» деп атап көрсетті. Ауыл тұрғындары Елбасының ел Үкіметіне баспананы жалға алу мүмкіндігін жеңілдетуді тапсырғанына дән риза. Расында елімізде баспана мәселесі күнтәртібінде тұр. Ауылға аттанған жастарды бірінші кезекте баспана мәселесі қинайтыны анық. Ауыл әкімшілігінің жастар саясатының спорт нұсқаушысы, жас маман Асылан Әтеев Елбасының Жолдауда жүктеген міндеттерінің ішінде баспанаға бастапқы жарнаның болмауы, ипотеканың төмен пайызбен берілуі көптеген жастардың тұрғын үймен қамтылуына жол ашып, ол өз кезегінде жастардың білікті маман болып қалыптасуына септігін тигізеді дейді.
Ал Сұңқар ауылына іргелес Қараарша ауылының тұрғыны Ырысбике Сұртаева Президенттің 2015 жылды Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтеміз дегеніне қуанышты екенін айтты. Бұл турасында Елбасы Жолдауда «2015 жыл - ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Осынау тарихи белестер Жаңа Қазақстандық Патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие. Біз 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жарияладық. Елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы ең басты назарда» деп атап өткен болатын.
Сұңқар орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Жанұзақ Нұқанов осынау тарихи межелердің қат-қатынан келуі көңіл қуантарлық жайт екенін, сонымен қатар оқушыларды отаншылдыққа баулитынын тілге тиек етті.
Жиынды қорытындылаған мектеп директоры Айнұр Есбаева Жолдауда жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін өскелең ұрпақтың патриоттық рухта тәрбиеленіп, білімді, парасатты болу керектігін және осы бағытта Сұңқар орта мектебінің ұстаздары аянбай еңбек ететінін атап өтті.