Жолдаудағы түпкі мақсат - халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсарту - Мәжіліс депутаты Г. Исімбаева
АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаты Гүлмира Исімбаева Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан 2050» стратегиясы -қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» - атты халыққа жолдауын насихаттау мақсатында Алматы қаласындағы «Экономика және статистика» академиясында, №6 қалалық емханасында кездесулер өткізді.
Кездесуге академияның оқытушылары мен студенттері және оқу орнындағы «Нұр Отан» ХДП бастауыш партия ұйымының мүшелері қатысты. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.
Депутаттың айтуынша, Елбасы алға қойып отырған жаңа міндеттер әр адамнан үлкен жауапкершілікті, сапалы еңбекті, белсенділікті, білімділік пен тәрбиелікті және өз елінің патриоты болуды талап етеді. «Мемлекет басшысының халыққа Жолдауы тарихи маңызы бар құжат. Жалпы Елбасының биылғы жолдауын төрт бағытқа бөліп қарауға болады. Бұлар: біртұтастық, бәсекеге қабілеттілік, капитал мен мәдениет. Осы бағыттың барлығындағы түпкі мақсат - халықтың әлеуметтік өмірін жақсарту, денсаулығы мықты, салауатты өмір салтын ұстанатын, білімді, білікті кадрлар дайындау. Ал бұл дегеніңіз жұртшылық үшін - жоғары жалақы, жұмыспен, баспанамен қамту, еңбекке бейім кәсіпкерлер мен озық ойлы азаматтарды қолдау. Сол үшін біз елге, ғылым мен адамзат өміріне пайдалы инновациялық ойларды жүзеге асыратын, бәсекеге қабілетті ұлттық қоғам мен азаматтарды тәрбиелеуіміз керек», - деп атап өтті депутат.
Жүздесу барысында Мәжіліс депутатына студенттер тарапынан «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы бойынша сауалдар қойылды.
Сондай-ақ, депутат №6 қалалық емхана жұмысымен танысты. Мұндағы мақсат - Елбасының Жолдауы мен Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру бағдарламасында тапсырылған халықтың денсаулығы мен медициналық көмек көрсетілу сапасына назар аударту. Бұл ретте халық қалаулысы мекеменің заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталуы мен олардың іс-жүзінде қолданылуына мән беріп, мамандардың біліктілігі мен кадр мәселесі, емделушілердің дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі, тегін медициналық көмектің берілуі туралы әңгіме өрбітті.
Жүздесу барысында жалпы медицина саласының қызметкерлері мен дәрігерлердің құқығын қорғайтын Қазақстандағы Медициналық құқық жөніндегі ассосация құру мәселесі және әлемдік тәжірибеде кең қолданысқа ие болып отырған адам ағзасындағы ауруды анықтау үшін «капсулалы әдістің» тиімді тұстары мен қолданысқа енгізу қажеттілігі туралы ұсыныстар айтылды.