ЖОЛДЫБАЕВ МОЛДАҒАЛИ

Қарасудағы (қазіргі Батыс Қазақстан облысы Казталовка ауданы) 6 сыныптық орыс-қазақ мектебін, Орынбор орыс-қазақ мұғалімдер мектебін бітірген. 1910-1918 жылдары Жұбанышкөл, Бұлдырты 4 сыныптық бірінші басқыш мектептерінде және Қарасу 6 сыныптық орыс-қазақ мектебінде мұғалім болып жұмыс істеген. 1913-1914 жылдары «Айқап» журналында «Қазақтардың қазіргі халі», «Болашақ», «Ауылда», «Құрметті Әлжановқа жауап» мақалалары, 1915 жылы «Қазақ» газетінде «М. Жаңа байбақты» деген бүркеншік есіммен «Бала тәрбиесі», «Ғалымның надаңдықтан жеңілуі» мақалалары жарык көрген. 1917 жылы 1-Орал облыстық қазақ съезін ұйымдастыруға қатысқан. 1917 жылы шілдеде 1-Жалпықазақ съезін өткізуші бюроның атынан Бүкілресейлік құрылтай жиналысы депутаттығына каңдидат ретінде ұсынылған. 1918 жылы қаңтарда Қаратөбеде өткен 3-Орал облыстық қазақ съезінің делегаты болып сайланған. Орал губерниялық революциялық комитеті төралқасының 1920 жылғы 8 шілдедегі қаулысымен Жымпиты уездік революциялық комитетінің уақытша құрамына төрағалық етті. Сол жылы жаңадан құрылған РК(б)П Жымпиты уездік комитетінің алғашқы мүшелерінің бірі болып сайланды және мәдени-ағарту бөлімінің меңгерушісі, уездік комитет жанындағы сауатсыздықты жою комиссиясының төрағасы қызметтерін атқарып, лекторлар тобының мүшесі болған. 1921 жылы РК(б)П Жымпиты уездік комитетінің төрағасы, 1921-1922 жылдары Орал губерниялық атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1922 жылы Орынбордағы Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариатының Ғылым, баспасөз жөне әдебиет ісін басқаратын академиялық орталығының (Қазақстанның білім ордасы) төрағасы қызметтерін атқарып, өлкедегі ғылым мен білім беру саласын, баспасөз бен әдебиетті дамыту ісіне елеулі үлес қосқан.
1923-1924 жылдары «Еңбекші Қазақ» (Егемен Қазақстан) газетінің жауапты редакторы міндетін атқарған. Сонымен бір мезгілде Қазақ халық ағарту институтында, Орынбор жұмысшы факультетінде, тағы басқа оқу орындарында орыс жөне қазақ әдебиеті тарихынан сабақ берді. 1927 жылы жаңадан шыға бастаған педагогикалық басылым - «Жаңа мектеп» («Қазақстан мектебі») журналының алғашкы редакторы болып тағайындалып, Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариаты жанындағы әдістемелік кеңестің төрағасы болған. Осы жылдары Телжан Шонановпен бірге «Рабочая книга для чтения (1-й год обучения)» оқу құралын (1929, Қызылордада), Мұхтар Әуезов, Әуелбек Қоңыратбаевпен бірігіп «19 ғасыр мен 20 ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» оқулығын (1933, Алматыда) және Әуелбек Қоңыратбаев, Мұқаметжан Қаратаевпен бірігіп 4-сыныпқа арналған «Әдебиет хрестоматиясының» екінші бөлімін (1934, Қызылордада) жазды. 1933-1937 жылдары БК(б)П Орталық Комитеті жанындағы Марксизм-ленинизм институтының Қазақ бөлімшесінің қызметкері болды. Қазақ педагогикалық институтында, Алматы журналистер мектебінде фольклордан, ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихынан дәрістер оқып, доцент ғылыми атағына ие болған. Қаламгерлік қызметінің өнбойында өз есімімен және «Ү», «Сасқан» бүркеншік есімдерімен, «Сын», «Әдебиет дүниесінде», «Исатай Тайманұлы», тағы басқа мақалалар, «Жол-жөнекей», «Айрылу», «Тірілу», «Бес қашқын» атты әңгіме-новеллалар жазды.
1937 жылы желтоқсанда бұрын Алаш қозғалысына қатысқаны үшін «халық жауы» деген жалған айыппен тұтқынға алынып, 1938 жылы ақпанда ату жазасына кесілді. Алаш қайраткерлерімен бірге 1988 жылы ақталған.
Дерек көзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 4 том