Жомарт Ертаев бостандыққа шықты

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Bank RBK-ның бұрынғы басшысы Жомарт Ертаев түрмеден босатылды. 

Жомарт Ертаев
Фото: Kazinform

Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті банкирдің бостандыққа шыққанын Kazinform тілшісіне ресми түрде растады.

— Ол сот тағайындаған жазасын толық өтегендіктен босатылды, — деп хабарлады комитет.

Босатылғанына қарамастан, Жомарт Ертаев 6 жыл құқық қорғау органдарының тұрақты бақылауында болады.

— Әкімшілік бақылау құқық қорғау органдарының түрмеден босатылғаннан кейінгі адамның мінез-құлқын заңды түрде қадағалау үшін жүргізіледі, — деп түсіндірді Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі.

Еске салайық, Жомарт Ертаев 2018 жылғы мамырда Мәскеуде Қазақстан ІІМ Интерпол ұлттық орталық бюросының сұрауы бойынша ұсталған. Ол аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген күдікпен халықаралық іздеуде болған.

2019 жылғы наурызда ол Ресей Федерациясынан Қазақстанға экстрадицияланды.

Тергеу дерегінше, Ертаев 2011-2017 жылдары қызметтік өкілетін пайдаланып, алдын ала сөз байласқан тұлғалармен бірге «Bank RBK» АҚ-нан 144 млрд теңге жымқырды деген күдікке ілінді. Бұл іске барлығы 54 адам тартылып, олардың қатарында 41 топ-менеджер мен банк қызметкерлері болған.

2020 жылғы қарашада Алматы соты Жомарт Ертаевты 11 жылға бас бостандығынан айырды.