Жөнделмеген көлік, пайдаланылмаған жабдық: Атырау медицинасында 17,5 млрд теңгенің бұзушылығы анықталды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы жеті медициналық ұйымға жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысында жалпы 17,5 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар, тиімсіз жоспарлау, мемлекеттік активтерді тиімсіз пайдалану және ықтимал шығындарға қатысты фактілер анықталды.

Жедел жәрдем
Фото: Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалы

Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясы 7 медициналық ұйымның 2023–2025 жылдар аралығындағы қаржысына аудит жүргізген. Тексеру 62,6 млрд теңгені қамтыған. 17,5 млрд теңге болатын бұзушылық анықталды. Оның 1,2 млрд теңгесі қаржылық бұзушылыққа, 1,1 млрд теңгесі тиімсіз жоспарлауға, 13,7 млрд теңгесі мемлекет активтерін тиімсіз пайдалануға қатысты. Тағы 1,4 млрд теңге ықтимал шығындар мен жіберіп алған пайда ретінде көрсетілген.

Сонымен бірге аудит нәтижесінде 195 рәсімдік және 6 жүйелік бұзушылық тіркелген. Қаржылық бұзушылықтардың бір бөлігі өтеуге, тағы бір бөлігі қалпына келтіруге жатқызылған. Аудит материалдары бойынша 71 материал әкімшілік іс жүргізуге жолданған.

Атырау облыстық перинаталдық орталығында жарғыда көзделмеген 719 қызмет көрсетіліп, одан 57,3 млн теңге табыс алынған. Сондай-ақ 931 мың теңгенің алты ақылы медициналық қызметі бойынша шарттар мен төлемді растайтын құжаттар рәсімделмеген. Орталықта күрделі жөндеу кезінде орындалмаған жұмысқа 5,5 млн теңге төленген.

- «Б» акушерлік корпусын күрделі жөндеу» жобасы бойынша іс жүзінде орындалмаған «Қасбетті жерден және құрылыс ағаштарынан қолмен әк бояуынан тазарту» жұмысы үшін 5 млн 492 мың теңге көлемінде бюджет қаражаты негізсіз төленген, - деп мәлімдеді тексеру комиссиясы.

Желдету және ауа баптау жүйесін күрделі жөндеу кезінде актілерімен расталмаған жұмысқа 139,7 млн теңге жұмсалған. Бұдан бөлек, медициналық көмек көрсетуге бөлінген 79,7 млн теңге шарт нысанасына сәйкес пайдаланылмаған. Оның 62,3 млн теңгесі күрделі жөндеуге жататын жұмысты ағымдағы жөндеу ретінде жүргізуге бағытталған.

Жедел жәрдем станциясында 32 көлік пайдаланылмаған

Медициналық жедел жәрдем станциясында жанар-жағармайды белгіленген нормадан артық есептен шығару салдарынан 23,5 млн теңге негізсіз жұмсалған. Сонымен қатар біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін эпидемиолог пен оның көмекшісіне 16,9 млн теңге еңбекақы және оған байланысты төлемдер жасалған. Фармацевтке қойылатын талаптарға сәйкес келмейтін қызметкердің фармацевтикалық қызмет атқарғаны да анықталған. Оған 6,1 млн теңге төленген.

Станцияда жол-көлік оқиғасына ұшыраған құны 202 млн теңге болатын сегіз санитариялық автокөлік жөнделмеген. Ал құны 1 млрд 57,2 млн теңге болатын 32 санитариялық автокөлік жарамсыз күйде болып, пайдаланылмаған.

Қызметтік үйлер кәсіпорын қаражатына жөнделген

Балалар ауруханасында қызметкерлер пайдалануындағы үш тұрғын үйді кәсіпорын қаражаты есебінен жөндеуге 3,2 млн теңге жұмсалған. Бұл қаражатты қызметкерлерден өндіріп алу шаралары қабылданбаған. Сондай-ақ құны 2 млн теңге болатын турникет пайдаланылмаған.

- Тұрғын үй-жайларды пайдалану шарттарының талаптарына сәйкес, жалға алушының әрекеті немесе қажетті және уақытылы шаралар қолданбауы салдарынан тұрғын үй жарамсыз күйге келтірілген жағдайда, оны жалға алушы өз бетінше және өз қаражаты есебінен қалпына келтіруге не жалға берушіге келтірілген залалды белгіленген тәртіппен өтеуге міндетті болған, - деп түсіндірді тексеру комиссиясы.

Фтизиопульмонология орталығында орындалмаған жұмыс үшін 1 млн теңге негізсіз төленген. Оның 723,8 мың теңгесі бюджетке өтеліп, 279 мың теңгенің жұмысы нақты орындалған.

Медициналық жабдықтар пайдаланылмай тұр

Кардиологиялық орталықта құны 15,4 млн теңге болатын 12 медициналық жабдықтың пайдаланылмағаны анықталған. Сондай-ақ Перинаталдық және Фтизиопульмонология орталықтарымен бірге дәрі-дәрмекке қажеттілікті тиісті есептеулермен негіздемеу салдарынан 2 млрд 257,7 млн теңге мемлекеттік активтердің тиімсіз пайдаланылуына жол берілген.

Бірнеше медициналық ұйым бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мониторингі нәтижесінде анықталған бұзушылықтар мен шегерімдер салдарынан 1 млрд 353,2 млн теңге кіріс алынбай қалған. Бұл көрсеткіш бірнеше ұйымға ортақ.

Сонымен қатар аудит объектілеріндегі 10 өндірістік базада лицензияға тиісті қосымшалар рәсімделместен медициналық қызмет көрсетілген. Осы қызметтерді қаржыландыруға жалпы 6 млрд 582,4 млн теңге бағытталған.

Аудит барысында медициналық ұйымдардың даму жоспарлары мен олардың орындалуы туралы есептерге қатысты да кемшіліктер анықталған. Кейбір ұйымдарда байқау кеңесі туралы ережелер мен ұйымдық құрылым белгіленген тәртіппен бекітілмеген. 2025 жылы ұлттық дәрілік формулярға енгізілмеген дәрілік заттарды сатып алу фактілері анықталған.

Аудит қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою, бюджет қаражаты мен мемлекеттік активтерді басқарудың тиімділігін арттыру, ішкі бақылауды күшейту және медициналық ұйымдардағы кадр тапшылығын азайту жөнінде ұсынымдар берілген.

Бұған дейін Қызылорда облысында балабақша есепшісі 21,5 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінгенін жазған едік.