Жөндеу жұмыстары жүргізілетін тұрғын үйлерде автоматтандырылған жылу пункттерін орнату міндеттеледі

АСТАНА. 8 мамыр. ҚазАқпарат -  Жылу энергиясын тұтынуды төмендету бойынша қанатқақты жобаны іске асыру айтарлықтай тиімді көрсеткіштерге қол жеткізді.
None
None

Бұл туралы бүгін селекторлық режимдегі Үкімет отырысында Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігінің төрағасы Серік Нокин мәлім етті.

Айта кетейік, бюджет есебінен қайтарымды негізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бойынша бағдарлама аясында 2011 жылы 373 көп пәтерлі тұрғын үйлер жөндеуден өтті. Осы тұрғыда жөндеу жұмыстары үйлердің қабырғаларын жылыту, шатырларын жаңарту, жертөлелері мен кіреберістерді жылытып, тиісті жұмыстар жүргізуге негізделген.

«Қанатқақты жоба режимінде 14 тұрғын үйде автоматтандырылған жылу пункттері және жылу энергиясын тұтынуды есептейтін жабдықтар орнатылды», - деді агенттік басшысы.

Ақтөбе облысында 6 үйде, Алматы облысында 1 үйде және Астана қаласында 7 үйде осындай жабдықтар орнатылған. Осы орайда өткен жылу беру маусымы аяқталғаннан кейін аталған үйлерде жөндеу жұмысынан кейін жылуды тұтыну бойынша төлемдерге сараптама жасалды. Мәселен, Ақтөбе қаласындағы 1 тұрғын үйде жылу үшін төлем 35 пайызға үнемделген.

«Осындай жағдай аталған автоматтандырылған жылу пункті мен есептеу жабдықтары орнатылған қалған үйлерде де тіркелді. Осы арқылы жылу энергиясын тұтынуды төмендетудің қанатқақты жобасын жүзеге асыру айтарлықтай тиімді көрсеткіштерге қол жеткізді», - деді С. Нокин.

Атап айтқанда, Үкіметтің қаулысы бойынша биылғы 20 сәуірде тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде автоматтандырылған жылу пункті мен есептеу құралдарын орнату міндеті бойынша тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына түзетулер енгізілді. «Бұл өз кезегінде тұтынушылар тарапынан энергияны тиімді тұтынуды ынталандырады», - деп түйіндеді агенттік төрағасы.

Соңғы жаңалықтар