ЖОО-дағы жаңа модель: бірқатар мамандық бойынша үш жылдық оқыту ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында депутат Махамбет Хасенов Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жоғары білім берудің үш жылдық моделін кеңейту және кадр даярлауды экономика қажеттіліктеріне сай бейімдеуге қатысты депутаттық сауал жолдады.
- Салаға жауапты министрліктің мәліметінше, 2035 жылға дейін Қазақстан экономикасына 2,9 млн маман қажет болады. Оның 1,8 миллионы – жұмысшы мамандықтары. Бұл мәселе кәсіпорындардың күнделікті жұмысынан, инвестициялық жобалардың іске асуына дейін тікелей әсер етеді. Тіпті, 2025 жылғы Enbek.kz порталында 1,3 млн бос жұмыс орны және 1,4 млн түйіндеме жарияланған. Бос жұмыс орындарының 75%-ы білікті мамандарға қатысты болған. Бұл көрсеткіш экономикаға нақты құзыреті бар мамандарға сұраныстың артып бара жатқанын көрсетеді, - деді Махамбет Хасенов.
Осы орайда ол кадр тапшылығы кәсіпорынға толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндік бермейтінін еске салды. Қолда бар қызметкерлерге қосымша жүктеме түседі. Компания қажетті маманды өзі іздеп, қайта даярлап, оған қосымша уақыт, қаржы жұмсайды.
- Бұл жалпы әлемдік экономикадағы мәселе. World Economic Forum-ның дерегіне сәйкес, жұмыс берушілердің 63 пайызы қажетті құзыреті бар мамандардың жетіспеушілігін бизнестің дамуына кедергі келтіретін негізгі фактор дейді. 2030 жылға қарай қызметкерлердің 59 пайызына жаңа құзыретті меңгеру немесе біліктілігін арттыру қажет болады. Сондықтан біз кадр даярлау сапасына ғана емес, маманның еңбек нарығына қаншалықты тез шығатынына да қарауымыз керек. Осы орайда үш жыл ішінде білікті маман даярлау тетігін одан әрі дамытуды ұсынамыз. Қазақстанда үш жылдық бакалавриаттың нақты тәжірибесі бар. Мысалы: Almaty Management University, Astana IT University студенттері үш жыл ішінде 240 академиялық кредит игеруде. Бұл тәжірибе 3 жылдық форматтың жұмыс істейтінінің нақты дәлелі. Үш жылдық формат бағдарламаны жай ғана қысқарту емес, мәселе сол білім мен құзыретті тиімдірек оқу траекториясы арқылы меңгеру. Әсіресе, IT, цифрлық технологиялар, маркетинг, сервис, туризм сияқты еңбек нарығы жылдам өзгеретін салалар үшін маңызды. Нарық пен технология төрт жыл күтпейді. Білім беру жүйесі де экономикадағы өзгерістерден қалып қоймауы керек, - деді депутат.
Сонымен қатар ол барлық мамандықты бірдей үш жылдық форматқа көшіру мүмкін емес екенін атап өтті. Әр саланы жеке зерттеу қажет. Негізгі өлшемдер – жұмыс берушілердің сұранысы, кәсіби стандарттар, академиялық кредит саны, қажетті құзыреттер, түлектің мамандығына сай жұмыс істеуі.
- Үш жылдық формат маманның еңбек нарығына бір жыл ерте шығуына, тәжірибе жинауына, табыс табуы, салық төлеуі және кәсіпорын жұмысына қосылуы деген сөз. Осы орайда «Respublica» партиясы кадр тапшылығын реттеуге бағытталған бірнеше нақты ұсыныс енгізеді. Біріншіден, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Атамекен» палатасы және салалық бизнес өкілдері үш жылда сапалы даярлауға болатын қолданбалы білім беру бағдарламаларын анықтауы қажет. Екіншіден, осындай бағыттар бойынша пилоттық жоба іске қосып, триместрлік оқу жүйесін, жазғы семестр, дуалды білім беру және кәсіпорындардағы өндірістік практиканы кеңінен қолдануды ұсынамыз. Үшіншіден, нарықтың мамандарға сұранысын әр салалық министрлік қалыптастырып, кейін олардың мамандығына сай жұмысқа тұруына жауапты болуы керек, - деді Махамбет Хасенов.
Бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрлігі Үкіметке жоғары оқу орындарында оқу ұзақтығын қысқартуға қатысты ұсыныс енгізді.