Жошы ұлысында түркілік дәстүр мен ислам құндылықтары салтанат құрды - Бақытжан Сатершинов
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Сатершинов Жошы ұлысы мен Дешті Қыпшақтағы діни сабақтастық туралы ой бөлісті.
- X-XIII ғасырлар аралығында Қазақстан территориясы сол кездері гүлденген ортағасырлық ислам өркениетінің ажырамас бөлігіне айналып, осы тұста түркілік дәстүр мен исламдық құндылықтардың синтезі толық салтанат құрды. Орталық Азияны, Жошы ұлысы мен Дешті Қыпшақты мекендеген түркі тілдес тайпалар Имам Ағзам Әбу Ханифа қалыптастырған аһли рай мектебінің арқасында дәл осы мәзхабтағы сүннеттік исламды қабылдады. Орыс шығыстанушысы Н.Веселовский ортағасырлық қыпшақтардың дініне тоқталып: «Шыңғыс хан келуден бұрын қыпшақ-половецтердің басым көпшілігі мұсылман дінін қабылдаған еді» деп жазады, - деді ол.
Бақытжан Сатершиновтың айтуынша, Шыңғыс хан өз империясындағы діндерге толерантты қараған. Ал ұлы билеушінің немересі Берке хан Жошы ұлысына ислам дінін енгізген.
- Алтын Орда түркілік дәстүрді жаңа әлемдік деңгейге шығарған, бір жағынан Русь пен Византия сынды христиан елдерімен, екінші жағынан Араб халифатынан қалған мұсылман елдерімен тығыз байланыс орнатып, жаңа интеграциялық үдерістерге ұйытқы болған еуразиялық алып империя болды. XIII ғасырдың басынан бастап Шыңғыс ханның шапқыншылығы нәтижесінде Ұлы моңғол империясының, кейінірек Жошы ұлысының негізінде Алтын Орда империясының түркі мәдениетіне үлкен ықпалы болды. Шыңғыс ханның бейнесі, оның шапқыншылығы мен құрған империясы туралы пікірлер әртүрлі: біреулер оның жағымсыз жағын, екіншілері жағымды жақтарын алға тартады. Түркия ғалымы Йылмаз Өзтүна Шыңғыс ханның арғы тегін түрік деп анықтап, жалпы моңғолдар мен түркілер арасында бәлендей айырмашылық болмағанын айтады. Шыңғыс ханның өзі тәңірілік дінді ұстанса да, сол кездегі Жібек жолы бойында тараған барлық ұлы діндерді сыйлап, толеранттылық көрсеткен. Ол қытай монахтарын болса да, христиан поптарын немесе мұсылман дәруіштерін де құрметпен қарсы алып, өсиеттерін тыңдап отырған. Жетісу мен Шығыс Түркістан моңғолдарға бейбіт жолмен бағынған. Шыңғыс ханның немересі Берке хан Алтын Ордаға ислам дінін енгізді. Ал бұл империяның жаппай исламдануы XIV ғасырдың бірінші жартысындағы Өзбек хан Мұхаммедтің билеген тұсына тап келеді. Қазақтың «Дін Өзбектен қалған», «Өзбек ханның тұсында атамыз қазақ дін баққан, Алтын Орда хандары жердің жүзін шаңдатқан» деген халық аузындағы сөздері де осыны дәлелдейді, - деді ғалым.
Сондай-ақ философия ғылымдарының докторы Алтын орда билеушілері қыпшақтардың діні мен дәстүрін қабылдау арқылы өздері де қыпшақтанғанын айтады.
- Ислам дәстүрлі мәдениеттен берік орын алғандықтан, қазақы тарихи сана да өз бойына мұсылмандық құндылықтарды сіңірді. Тарихи сана қалыптасуына дәстүрлі дала заңдарына сүйенген әдет те, ислам құндылықтарына негізделген шариғат та өз ықпалын тигізді. Көптілді әрі көпдінді орасан үлкен қағанатты бағындыру үшін қатал заң да керек. Кезінде Шыңғыс ханның дала заңдарынан құрастырған «Жасағындағы» «көбі азына мойынұсыну, азы көбінің дәстүрін құрметтеу» деген жалғыз сөйлемнің нәтижесінде моңғолдар бағындырған елдің тілі мен дінін қабылдады да, ал бағынушылар олардың ережелеріне көнді. Алтын Орда билігінің басындағылар да осылайша қыпшақтанды, - дейді Бақытжан Сатершинов.