Жозе Моуринью «Реалға» оралады: португалиялық маман үш жылдық келісімшартқа қол қойды
АСТАНА. KAZINFORM – Португалиялық бапкер Жозе Моуринью мадридтік «Реал Мадрид» клубына қайта оралады. Ол испаниялық клубпен үш жылдық келісімшартқа қол қойып, Мадридтегі алғашқы қызметінен кейін араға он жылдан астам уақыт салып команданы қайта тізгіндемек, деп хабарлайды BBC.
Ресми түрде «Реал» Моуриньюді клуб президентін сайлау іс-шарасынан кейін таныстырады. Сайлау 7 маусымға белгіленген. 63 жастағы маманның келісімшарты клубтың қазіргі президенті Флорентино Перес жеңіске жеткен жағдайда ғана күшіне енеді.
Айта кетейік, Перес мадридтік клубты 2009 жылдан бері басқарып келеді. Бұған дейін ол бұл қызметті 2000–2006 жылдары аралығында атқарған. Қазір оған кәсіпкер Энрике Рикельме қарсылас болып отыр. Дегенмен сарапшылар сайлаудың фавориті ретінде дәл Пересті атайды.
Моуринью өткен жылдың қыркүйегінен бері жаттықтырған «Бенфика» клубынан кетеді. Оның жетекшілігімен команда Португалия чемпионатын үшінші орында аяқтады.
Моуриньюдің «Реалдағы» алғашқы кезеңі 2010–2013 жылдарға сәйкес келеді. Осы уақыт ішінде португалиялық маман Испания чемпионатын, Испания кубогын және елдің Суперкубогын жеңіп алды. Сол кезде мадридтік клуб Ла Лигада нәтижелілік бойынша бірнеше рекорд орнатқан еді.
Енді Моуринью команданы Альваро Арбелоаның орнына басқарады. Арбелоа ұжым тізгінін Хаби Алонсо кеткеннен кейін қолға алған.
«Реал» үшін 2025/26 жылғы маусым сәтсіз өтті. Клуб бірде-бір жүлде жеңіп ала алмады, чемпиондықты «Барселонаға» беріп қойды және кезекті Эль Класикода каталониялық клубтан 0:2 есебімен жеңілді. Ал Чемпиондар лигасында мадридтік команда ширек финалда «Бавариядан» екі матч қорытындысы бойынша 4:6 есебімен ұтылып, жарыс жолынан шықты.
«Реалдан» 2013 жылы кеткеннен кейін Жозе Моуринью «Челси», «Манчестер Юнайтед», «Тоттенхэм Хотспур», «Рома» және «Фенербахче» командаларында жұмыс істеді. «Ромамен» бірге ол 2022 жылы УЕФА Конференция лигасын жеңіп алды.
Бұған дейін лондондық «Челси» клубының жаңа бас бапкерінің есімі белгілі болған еді. Бұл қызметке әлем чемпионы, 44 жастағы испаниялық маман Хаби Алонсо тағайындалды. Ол жұмысын 1 шілдеде бастайды, ал клубпен жасалған келісімі 2030 жылдың ортасына дейін есептелген.