ЖРВИ өршіп тұр: Қарағанды облысында 30-ға жуық сынып қашықтан оқитын болды
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысында маусымдық респираторлық инфекциялар санының артуына байланысты санитарлық шектеулер күшейтіліп жатыр. Бірқатар мектеп сыныптары онлайн оқыту форматына көшірілді, ал дәрігерлер тұмау мен басқа да вирустардың белсенділігін тіркеуді жалғастырып отыр.
Қазақстанда 2025–2026 жылдардағы эпидемиологиялық маусым кезеңінде тұмау, ЖРВИ және COVID-19-ға қарсы профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар күшейтілген. Олар 2025 жылғы 22 тамызда шыққан Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысымен бекітілген.
Құжатқа сәйкес 15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы вакцинация жүргізілуде, медициналық ұйымдардың кіреберістерінде сүзгілер орнатылған, персоналға маска тағу міндеттелген. Дәрігерді үйге шақырғанда жүкті әйелдер мен бір жасқа дейінгі балаларға басымдық беріледі. Балабақшаларда күн сайын таңертеңгі фильтр жасалады, ЖРВИ немесе тұмау белгілері бар балалар топтарға қабылданбайды.
Мектептердегі шаралар эпидемиологиялық жағдайға қарай қатаңдатылады. Инкубациялық кезең ішінде бір сыныпта оқушылардың 20–30%-ы ауырып тіркелген жағдайда кабинет жүйесін уақытша тоқтату, жаңа балаларды қабылдауды шектеу және қолжетімді жерлерге санитайзерлер орнату ұсынылады.
— Егер сыныптағы науқастардың үлесі 30% және одан асса, білім алушылар онлайн форматқа ауыстырылады. Қазіргі таңда облыстағы алты мектептің 29 сыныбы қашықтан оқып жатыр, — деп хабарлады Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде.
Айта кетейік, санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің дерегінше, 1 қазан мен 20 қараша аралығында өңірде 75 859 ЖРВИ жағдайы тіркелген, оның 57%-ын 14 жасқа дейінгі балалар. Маусымдық А (H3N2) тұмауының 61 жағдайы зертханалық тұрғыда расталды. Бұл вирус әдетте суық маусымда таралатын штамм. Науқастардың 80%-ы — балалар, олардың ешқайсысы вакцина алмаған.
Аталған вирус жаңа штаммдарға жатпайды: оның симптомдары классикалық тұмауға тән — дене қызуының күрт көтерілуі, бас және бұлшық еттің ауыруы, қалтырау мен жалпы әлсіздік.
Сонымен қатар, өңірде басқа да респираторлық вирустардың белсенділігі анықталып отыр. Гриппозды емес инфекцияларға зерттелген 492 үлгінің 44%-ы оң нәтиже берген. Ең көп таралғандары — риновирус (44%), парагрипп (25%), боковирус (12%), аденовирус (9,5%), РС-вирус (1,3%) және өзге патогендер.