ЖШС-ға 5,3 млн. астам теңге залал келтірген азаматша жазасын алды - БҚО
ОРАЛ. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті Наталья Кобзаренкоға қатысты қылмыстық істі аяғына дейін жеткізді.
Департаменттің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, ол «Пивной дом Кабиев» ЖШС Орал филиалы кассирі қызметін атқара жүріп, 2008 жылғы 8 қараша мен 2009 жылғы 3 наурыз аралығында сеніп тапсырылған ақша қаражатын иемдену мақсатымен қызмет бабын пайдаланған. Атап айтқанда, ЖШС ақша қаражаттарына еркін қол жеткізе тұрып, экспедиторлардан алынған ақша қаражаттарын кассаға кірістемеу және жалған бухгалтерлік есептерді жасау жолымен ЖШС-ға жалпы сомасы 5,3 млн. теңгеден астам, ірі мөлшерде материалдық шығын келтірген.
Орал қалалық соты Н.Кобзаренконы ҚР ҚК 176-бабы 3-бөлімі «б» тармағымен (сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін иемдену немесе рәсуалау) қарастырылған қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, мүлкін тәркілеумен 5 жылға бас бостандығынан, 3 жылға дейін материалдық жауапты қызмет атқару құқығынан айыруға, жазасын жалпы тәртіптегі түзеу колониясында өтеуге үкім етті.
Н.Кобзаренкодан «Пивной дом Кабиев» ЖШС ОФ пайдасына 5,3 млн. теңге өндіріліп алынды.