Жұбан ана

None
None
Жұбан ана – ХІ ғасырда ірге көтерген тарихи маңызы зор, географиялық орны жағынан Ұлытау өңіріндегі сәулетті көне ескерткіштердің тобына кіретін күмбезді кесене.
Күмбез Қарағанды облысының Ұлытау ауданында, Жарық-Жезқазған темір жолының 189-шы разъезінен солтүстік-шығысқа қарай екі шақырым жерде, Сарысу өзенінің оң жақ жағалауында орналасқан. 1772 жылы Жұбан ана күмбезі туралы алғашқы жазба деректерді орыс ғалымы П.Рычков «Орынбор топографиясында» келтіреді. 1863 жылы қазақтың ұлы ғалымы Ш.Уәлиханов ескерткіш жайында кішігірім мақала жазып, оның жоба-суретін алғаш сызып қалдырады. Онда жергілікті халықтың бұл кесенені «Әулие қабірі» деп атайтындығын жазады. Күмбез туралы әр кезде осы өңірде болған орыс ғалымдары С.Броневский, А.Левшин, А.Красовский, И.Кастанье жазба мәліметтер қалдырған. Кеңес дәуірінде ғұлама ғалым, академик Әлкей Марғұлан бұл ескерткішті қыпшақтардың ортағасырлық құрлысына жатқызады. Жұбан ана күмбезі төрт бұрышты текше жобамен салынған. Қабырға қалауының үстінен барабан (мойындық) шығарып, оған сегіз қырлы күмбез орнатылған. Ішкі төрт бұрышында сүйірлеп шығарған михрабтары бар. Ауызы оңтүстік-шығысқа қарайды. Күмбезі мен барабаны шаршы кірпіштермен өрілген. Ескерткіштің аумағы сыртқы периметрі бойынша 6х6 метр, ішкі жағы 4х4 метр, биіктігі 6 метр. Іргетасы биіктігі 50 см тас тақталармен қаланған. Құрылысқа көлемі 27х27х6 см кірпіштер пайдаланған. Жұбана ана күмбезі республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Дереккөзі: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 4 том Қ.Ахметов, Ұлытау, «Менің Отаным - Қазақстан» сериясы
Соңғы жаңалықтар
telegram