Жүк көлігі Қарағанды облысындағы екі ауданды жарықсыз қалдырды
Белгілі болғандай, жүк көлігі бортын көтеріп жүріп бара жатқанда, ГРЭС-2 – Қарағайлы-1,2 жоғары вольтты желісін үзіп өткен. Аталмыш желінің ұзындығы шамамен 250 шақырым. Сондықтан Қарқаралы ауданы түгел дерлік және Бұқар Жырау ауданы ішінара электр қуатынсыз қалды.
Қарағанды облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, «Қарағанды Жарық» ЖШС мамандары күні бойы қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Бұқар Жырау ауданының тұтынушылары толығымен желіге қайта қосылды, Қарқаралы ауданының тұтынушылары бүгін және ертең қосылады. Яғни бұл екі тізбекті желі», - деді Облыстың энергетика және ТКШ басқармасының бөлім басшысы Гүлбарам Әділғожина.
Бұл аудандарда кен орындарының көп болуы және ауыр жүктердің қозғалысы салдарынан осындай апаттар жиі орын алатыны айтылды. Сол себепті электр тарату желісін реконструкциядан өткізу қажет.
«Жалпы бұл желіні реконструкциялау жоспарланған. Яғни олар әртүрлі діңгектерде болуы үшін 2 бір тізбекті желі арқылы өткізу керек. Бұл кезек-кезекпен жүзеге асырылатын 2 инвестициялық бағдарлама болады. Өйткені ол миллиардтаған қаражатты қажет ететін жоба», - деп қосты Гүлбарам Әділғожина.