Жүктілікке байланысты әлеуметтік төлемді рәсімдеуде қандай қателіктер жиі кездеседі
АЛМАТЫ. KAZINFORM – «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Алматы қалалық бөлімшесі директорының орынбасары Балғын Сатбекқызы жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемді рәсімдеу кезінде жиі кездесетін қателіктер туралы айтып берді.
Оның айтуынша, ресми еңбек шартының болмауынан, жұмыс берушінің әлеуметтік аударымды уақытылы төлемеуінен, құжаттағы мәліметтің мемлекеттік ақпараттық жүйедегі дерекпен сәйкес келмеуінен және құжаттар топтамасының толық ұсынылмауынан жүкті әйелдерде көп мәселе туындайды.
- Кейбір жағдайда қор қосымша тексеру жүргізеді. Бұған әлеуметтік аударымдардың уақытылы төленбеуі, табыс көлемі мен төленген әлеуметтік аударымдардың сәйкес келмеуі, әртүрлі өңірлердегі бірнеше жұмыс берушіден бір мезгілде әлеуметтік аударымдардың түсуі немесе әйелдің жүктілік бойынша есепке тұрғанға дейін әлеуметтік аударымдардың болмауы негіз болуы мүмкін. Егер тексеру барысында заң бұзушылық анықталса немесе әлеуметтік төлемді тағайындауға заңды негіз болмаса, төлем тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылданады, - деп түсіндірді маман.
Балғын Сатбекқызы бала тууы тіркелгеннен кейін ата-аналарға SMS-хабарлама жіберілетінін атап өтті. Сол арқылы мемлекеттік органдарға бармай-ақ, бала тууына байланысты мемлекеттік жәрдемақыны және бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді рәсімдеуге болады.
Айтуынша, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар төленбеген, жұмыс істемейтін аналарға бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы республикалық бюджет қаражаты есебінен төленеді.
- Бүгінде әлеуметтік төлемге өтінішті екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары, eGov.kz порталы және Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы да беруге болады. Электрондық форматта бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді, сондай-ақ мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген жағдайда жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемді рәсімдеу қызметі қолжетімді, - деді ол.
Сондай-ақ маман әлеуметтік төлемге тек жалдамалы қызметкерлер ғана емес, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысып, әлеуметтік аударымдар төлейтін өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар да құқылы екенін еске салды. Олар жүктілік пен босануға, бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтімге, еңбекке қабілеттілігінен айырылуға, жұмысынан, асыраушысынан айырылуға байланысты әлеуметтік төлем ала алады.
Еске салайық, Жамбыл облысында жүктілігі үзіліп, мүгедектік алған әйел ауруханадан 5 млн теңге өндіріп алды.