Жұмыс бар, кадр жоқ: СҚО-ның еңбек нарығында қандай мамандарға сұраныс жоғары
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Қазақстан энергетикасы жаңа даму кезеңіне қадам басты. Елде энергетика және коммуналдық секторды жаңғыртуға бағытталған ұлттық жоба жүзеге асырылып жатқанымен, оны іске асыратын білікті мамандарға сұраныс артып келеді. Бұл мәселе әсіресе Солтүстік Қазақстан облысының еңбек нарығында анық байқалып отыр.
Жұмыс берушілер кімді іздейді?
Enbek.kz электрондық еңбек биржасында бүгінде СҚО бойынша 2200-ден астам бос жұмыс орны жарияланған.
Еңбек нарығында ең алдымен денсаулық сақтау, энергетика, өндіріс және ауыл шаруашылығы салалары бойынша мамандарға сұраныс жоғары. Денсаулық сақтау жүйесінде жалпы тәжірибелік дәрігерлерге, фельдшерлер мен мейірбикелерге сұраныс көп. Энергетика саласында электрмонтерлер, электргазбен дәнекерлеушілер, электрслесарьлар және инженер-энергетиктер тапшы. Өндірісте токарьлар, фрезерлеушілер, слесарьлар мен ағаш ұсталары қажет болса, ауыл шаруашылығында тракторшы-машинистер, ветеринариялық дәрігерлер, агрономдар және мал шаруашылығы саласының мамандарына сұраныс сақталып отыр.
— Айлап маман табылмайтын бос жұмыс орындары бар. Олардың кейбіріне жұмыс берушілер жоғары еңбекақы ұсынып отыр, мәселен, біліктілігіне қарай тракторшы-машинистерге 650 мың теңгеге дейін, дәнекерлеушілерге 800 мың теңгеге дейін төлемек, — дейді СҚО еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары Алмагүл Рамазанова.
Ауыл шаруашылығына білікті мамандар керек
Агроөнеркәсіп кешені — өңір экономикасының жетекші салаларының бірі.
СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы саласында 284 бос жұмыс орны бар.
Соның ішінде агрономдарға, ветеринариялық дәрігерлерге, инженер-механиктерге, зоотехниктерге, механизаторларға, тракторшы-машинистерге, комбайншыларға және сауын қондырғыларының операторларына сұраныс жоғары.
— Қазіргі таңда өңірдің агроөнеркәсіп кешеніне жоғары техникалық білімі бар мамандармен қатар, білікті жұмысшы кадрлар да керек. Бос жұмыс орындарының саны нақты емес, өйткені кей жұмыс берушілер өздері іздейді. Мамандар тапшылығының негізгі себептері — жастардың қалаларға көшуі, ауылдық жерлерде еңбек етіп, өмір сүруге деген қызығушылықтың төмендігі және ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусымдық болуы. Агроөнеркәсіп кешенін одан әрі жаңғырту, цифрлық технологияларды енгізу және заманауи техникаларды пайдалану білікті мамандарға деген сұранысты арттырмаса, кемімейді. Әсіресе агрономдар, ветеринарлар, инженерлік-техникалық бағыттағы мамандар, механизаторлар мен заманауи ауыл шаруашылығы техникасының операторларына қажеттілік жоғары болмақ, — дейді СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Наурызбаев.
Биыл агроөнеркәсіп кешенінде 335 жаңа тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланған. Жылдың алғашқы жеті айында оның 164-і құрылды.
Бес мыңға жуық маман қажет
СҚО Кәсіпкерлер палатасы жүргізген зерттеу нәтижесіне сәйкес, өңірдегі 1471 жұмыс беруші алдағы үш жылда 4894 маман қажет болатынын көрсеткен.
Кадрларға ең жоғары сұраныс Петропавлда туындамақ. Мұнда 3152 жаңа маман қажет болады, бұл жалпы қажеттіліктің 64%. Сонымен қатар Есіл, Аққайың, Ғабит Мүсірепов және Тимирязев аудандарында да кадр тапшылығы сақталады.
— Салалар бойынша мемлекеттік басқару соңғы үш жылда алғаш рет көш бастап отыр. Алдағы үш жылда мұнда 1114 маман қажет болады. Сонымен қатар дәстүрлі түрде ауыл шаруашылығы, сауда және өңдеу өнеркәсібі салаларында да мамандарға деген тұрақты сұраныс сақталып отыр. Электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен қамтамасыз ету және ауа баптау жүйелері саласына да маманға сұраныс жоғары. Бұл бағытта 545 маман қажет болады деп болжанып отыр. Ал кадрларға ең төмен қажеттілік тау-кен өнеркәсібі, сондай-ақ ақпарат және байланыс салаларында тіркелген, — дейді СҚО кәсіпкерлер палатасы адам капиталын дамыту бөлімінің басшысы Ирина Торопова.
Кәсіпкерлер палатасындағы мәлімет бойынша, қазіргі уақытта жұмыс берушілер арасында ең көп сұранысқа ие мамандықтардың қатарында жұмысшы және техникалық бағыттағы кәсіптер көш бастап тұр.
Ең жоғары сұраныс аспаз мамандарына байқалады — 330 адам қажет. Сондай-ақ электромонтерлерге 220, логопедтерге 178, автослесарьларға 163 және тракторшы-машинистерге 132 жұмыс орны бар. Бұдан бөлек, инженер-механизаторлар — 65, автомеханиктер — 81, 49 дене шынықтыру пәнінің мұғаліміне сұраныс бар. Сонымен қатар бухгалтер-кассирлер, медициналық мейірбикелер және басқа да жұмысшы кәсіп иелеріне қажеттілік сақталып отыр.
Нарық талабына сай кадр даярлау
Еңбек нарығындағы өзгерістер жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына да әсер еткен.
Kozybayev University мәліметінше, «Электр энергетикасы», «Ақпараттық жүйелер», «Құрылыс», «Радиотехника», «Экономика», «Менеджмент» және «Қаржы» мамандықтары бойынша түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 100% жеткен.
— Кадр тапшылығы тек өндіріс пен ауыл шаруашылығында ғана емес, мемлекеттік қызмет саласында да байқалады. Өңірдегі мемлекеттік органдарға цифрландыру, экономика, қаржы, басқару және құқық салаларын меңгерген мамандар қажет. Осыған байланысты ақпараттық жүйелер, экономика, менеджмент, қаржы, есеп және аудит, құқықтану бағыттарының түлектеріне сұраныс жоғары болып отыр, — деп жауап берді университет өкілдері.
Қазіргі таңда еңбек нарығының талаптары өзгеріп, жұмыс берушілерге тек теориялық білім ғана емес, өндірістік тәжірибесі қалыптасқан мамандар қажет. Осыған байланысты Солтүстік Қазақстан университеті мен өңір кәсіпорындары арасындағы байланыс күшейіп келеді.
Жұмыс берушілер әсіресе биотехнология, тамақ өнімдерінің технологиясы, тағам қауіпсіздігі, инженеринг және инновациялық-өлшеу технологиялары, машина жасаудағы робототехника және инновациялық технологиялар, электр энергетикасы, құрылыс, экономика, бизнес және менеджмент бағыттары бойынша түлектерді жұмысқа қабылдауға әзір.
Дипломнан бұрын тәжірибе
Өңірдегі ірі жұмыс берушілердің бірі — «СЕВКАЗЭНЕРГО» кадр тапшылығын тек дайын маманды іздеу арқылы емес, оларды ерте кезеңнен даярлау арқылы шешуге тырысып келеді.
Бүгінде бұл компания құрамында екі мыңнан астам адам еңбек етеді. Ұжымда негізінен 30-50 жас аралығындағы білікті мамандар жұмыс істейді. Баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда 30 жасқа дейінгі жастардың үлесі 13% жетіп, біртіндеп артып келеді. Ал қызметкерлердің орташа жасы — 43 жас.
Компания 2016 жылдан бері PROFENERGY жобасын жүзеге асырып келеді. Оның аясында студенттер өндірістік тәжірибеден өтіп, тәлімгерлерден тәжірибе жинақтайды. Он жыл ішінде бағдарламаға 1100-ден астам студент қатысқан.
Былтыр компания Kozybayev University-мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, дуальды білім беру жүйесін дамытуға кірісті. Бұл — студенттердің оқу кезінде-ақ нақты өндірісте жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде жас мамандар диплом алған соң кәсіпорынның жұмысына бірден бейімделеді.
Кадрды ұстап қалу мәселесіне де ерекше көңіл бөлінеді. Компания қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз етеді, медициналық сақтандыру ұсынады, жастарға әлеуметтік қолдау көрсетеді, балалардың демалысын ұйымдастырады.
— Біздің басты құндылығымыз — адамдар. Біз әрбір энергетик өзін ертеңгі күні үшін сенімді, ал жастар үшін кәсіби дамуына мүмкіндік беретін жағдай жасауға ұмтыламыз. Заманауи технологияларды енгізу, сапалы білім беру және қызметкерлерге жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсету — компанияның тұрақтылығының кепілі, — дейді «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ бас директоры Анатолий Казановский.
Десек те, қазір компанияның екі кәсіпорнында 425 маманның орны бос тұр.
Басты капитал — адам
Сарапшылардың пікірінше, еңбек нарығындағы бүгінгі жағдай бір нәрсені анық көрсетіп отыр: өңірге ең алдымен нақты өндірісте жұмыс істейтін білікті мамандар қажет. Энергетикадағы жаңғырту, агроөнеркәсіптің цифрлануы және жаңа инвестициялық жобалардың іске асырылуы инженерлерге, энергетиктерге, механизаторларға, агрономдарға және басқа да жұмысшы мамандық иелеріне деген сұранысты алдағы жылдары одан әрі арттыра түседі.
Сондықтан бүгінгі күні Солтүстік Қазақстанда тек жаңа жұмыс орындарын ашу ғана емес, сол орындарға лайықты мамандарды даярлау басты міндетке айналып отыр.
Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Аризона университетінің президенті Суреш Гаримелламен кездесіп, аграрлық секторға жоғары білікті маман даярлау мәселесі талқыланғанын жазған едік.