Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жұмыс берушілер ЕШЕБЖ-ге қандай мәлімет енгізуге міндетті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жұмыс берушілер еңбек шартын жасасу, оған өзгерістер енгізу және тоқтату туралы мәліметті Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (ЕШЕБЖ) заңнамада белгіленген мерзімде енгізуге міндетті.

Еңбек шартын тіркеуге қатысты жаңа талаптар мен жауапкершілік енгізіледі
Фото: Pixabay

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мұрат Шәкенов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.

Оның айтуынша, еңбек шарты туралы мәлімет тараптар құжатқа қол қойған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде ЕШЕБЖ-ге енгізілуі тиіс.

— Еңбек шартына өзгерістер немесе толықтырулар енгізілген жағдайда бұл туралы мәлімет 15 күнтізбелік күн ішінде жаңартылуы қажет. Ал еңбек қатынастары тоқтатылса, ақпарат үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жүйеге енгізілуге тиіс, — деді Мұрат Шәкенов.

Жұмыс беруші ЕШЕБЖ-ге еңбек шарты туралы мәліметпен бірге қызметкердің жеке деректерін, лауазымын немесе кәсібін, жұмыс орнын, еңбек шартының қолданылу мерзімін, жұмысқа кіріскен күнін, сондай-ақ еңбек шартының жасалған күні мен нөмірін енгізуге міндетті.

Сонымен қатар жүйеде қызметкерге жүктілікке және босануға, сондай-ақ жаңа туған баланы асырап алуға байланысты берілген демалыс туралы мәлімет те көрсетілуі тиіс. Ақпаратты ЕШЕБЖ-ге енгізу тәртібі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

Еске салайық, бұған дейін еңбек кітапшасында қате кеткен немесе қажетті жазбалар болмаған жағдайда еңбек өтілін мұрағат анықтамасы, өзге де растайтын құжаттар немесе сот арқылы дәлелдеуге болатынын жазған едік.