Жұмыс орнын желіде жариялау цифрлық қауіп төндіреді — маман пікірі

АСТАНА. KAZINFORM — Алаяқтарға азаматтардың атынан несие рәсімдеуге рұқсатты олардың өздері береді. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің маманы айтты.

Жұмыс орнын желіде жариялау цифрлық қауіп төндіреді 
Фото: видеодан алынған кадр

— Алаяқтар тек сіздің дербес деректеріңізді білгенімен, сіздің атыңыздан несие рәсімдей алмайды. Бұл үшін адамның өзі SMS-код немесе өзге де растау әдістері арқылы рұқсат беруі керек. Егер мұндай растау болмаса, несие рәсімдеу мүмкін емес, — дейді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитеті төраға орынбасары Үмітжан Арықбекова Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында.

Маманның пікірінше, адамның жұмыс орнын ашық жариялау цифрлық қауіпсіздікке қатер төндіреді.

— Азаматтардың жұмыс орны да жеке деректерге жатады. Егер адам өз жұмыс орнын білместікпен интернетке жариялап қойса, алаяқтар сол мекемеге хабарласып, ол туралы ақпарат алуға тырысуы мүмкін. Мысалы, мекемеге қоңырау шалып, «осындай адаммен байланыстырып жіберіңіз» немесе «маған хабарлассын» деп сендіру арқылы түрлі алаяқтық әрекеттерге барады. Осылайша, азаматтардың ақшасын заңсыз түрде иемденеді, — дейді ол.

Ақпараттық қауіпсіздік комитеті осындай мәселелердің алдын алу үшін «Стоп кредит» қызметін іске қосқан.

— Бұл бағытта Ақпараттық қауіпсіздік комитеті қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр. Алаяқтардан сақтану үшін eGov қосымшасына «Стоп кредит» қызметі енгізілді. Бұл қызметті кез келген азамат пайдалана алады, — дейді студия қонағы.

Үмітжан Арықбекова фишингтік сайттардан сақтану жолын да түсіндірді.

— Біз жиі «фишингтік сайт» туралы айтып жатамыз, бірақ көпшілік бұл ұғымды жете түсіне бермейді. Егер сізге қандай да бір компанияның сілтемесін жіберіп, «осы сілтемеге кіріңіз» деп хабарласқан адам болса, оған бірден кірмеңіз. Бізде Nomad Guard атты жүйе бар. Сол жүйеге кіріп, жіберілген сілтемені енгізу арқылы оның заңды сайт әлде фишингтік сілтеме екенін тексеруге болады, — дейді Ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары.

Министрлік маманы еліміздегі түрлі заңды ұйымдарға мессенджер арқылы қоңырау шалуға тыйым салынғанын да жеткізді.

— Қазіргі таңда Ақпараттық қауіпсіздік комитеті қандай да бір ұйымдарға WhatsApp, Telegram сияқты мессенджерлер арқылы азаматтарға қоңырау шалуға тыйым салды. Енді кез келген ұйым тек тіркелген қалалық нөмір арқылы ғана хабарласуы тиіс. Сол себепті, егер сізге біреу мобильді нөмірмен хабарласып, қандай да бір мәселені баяндап жатса, міндетті түрде оның жұмыс нөмірін сұраңыз. Себебі алаяқтардың көпшілігінде ресми жұмыс нөмірі болмайды, — дейді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін министрлік маманы Цифрлық кодекс қай уақытта бетілетіні туралы пікір білдірген еді.

Соңғы жаңалықтар