Жұмыс тобы еңбек өтіліне негізделген зейнетақы жүйесіне көшу ұсынысын талқылайды

АСТАНА. KAZINFORM – Жасқа байланысты зейнетақы тағайындау үлгісінен еңбек өтіліне негізделген жүйеге көшу мүмкін бе? Бұл сұраққа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев жауап берді.

Зейнетақы жинағы: салымшылардың шотындағы жалпы сома нешеге жетті
Фото: Kazinform/Midjourney

- Бұл жөніндегі сенатордың ұсынысы бізге жолданды. Жалпы, бізде зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер бойынша арнайы жұмыс тобы бар. Мамыр айында ол жерде үш ұсыныс қаралады, яғни оны сарашылармен және өкілетті органдармен талқылау керек, - деді А.Ертаев Үкіметтегі баспасөз мәслихатында.

Айта кетейік, бұған дейін депутат еңбек өтілі негізіндегі зейнетақы үлгісіне көшуді ұсынғанын жазғанбыз. 

- Бұл реформаны іске асырудағы күтілетін нәтиже – жұмыссыздық деңгейін төмендету, масылдық көзқарасты қысқарту мен енжарлықты ынталандырмау және мерзімінен бұрын экономикалық белсенділіктен негізсіз шығуды болдырмау мен азаматтардың еңбекке жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру, сондай-ақ мемлекеттік бюджет пен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына ауыртпалықты азайту есебінен зейнетақы жүйесінде ауқымды қаржы теңгерімділігін қамтамасыз ету болады, - дейді сенатор Амангелді Нұғманов.