Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қосымша жұмыс істеген жағдайда нені білу керек

АСТАНА.KAZINFORM — ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Мұрат Шәкенов қызметтерді қоса атқару және қоса жұмыс істеу жағдайында жұмыскерлердің құқығын қорғау бойынша мәлімдеме жасады.

В Кызылординской области начала работать диспетчерская служба Единого центра связи «109»
Фото: Қызылорда облысының аумақтық сайлау комиссиясы

Оның сөзінше, аталған тақырып қазіргі жағдайда өте өзекті. Өйткені көптеген жұмыс беруші өндірістегі жұмысты үзбеу үшін қарамағындағы мамандардан қызметтерді қоса атқаруды және қоса жұмыс істеуді сұрайды.

– Мемлекеттік бақылау практикасы дәл осы салада еңбек заңнамасының талаптары жиі бұзылатынын көрсетіп отыр. Атап айтқанда, қосымша жұмыс ақысының төленбеуі, оның жазбаша түрде рәсімделмеуі және жұмыс уақытының белгіленген нормалардан асып кетуі сияқты заң бұзушылықтар жиі кездеседі, – деді Мұрат Шәкенов Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Оның мәлімдеуінше, ең алдымен, қызметтерді қоса атқару мен қоса жұмыс істеу ұғымдарын ажырата білу қажет.

в
Фото: Астана қаласының коммуникациялар қызметі

ҚР Еңбек кодексі 1-бабы 1-тармағының 56-тармақшасына сәйкес, қоса жұмыс істеу дегеніміз – жұмыскердің негізгі жұмысынан бос уақытында, еңбек шарты негізінде тұрақты ақы төленетін басқа жұмысты орындауы.

Қоса жұмыс істеу кезінде міндетті түрде жеке еңбек шарты жасалады. Ондай қызмет негізгі жұмыс орнында (ішкі қоса жұмыс істеу) да, басқа жұмыс берушіде (сыртқы қоса жұмыс істеу) де атқарылуы мүмкін. Басқа жұмыс берушіге қоса жұмысқа орналасқан кезде жұмыскер негізгі жұмыс орны бойынша еңбек жағдайлары мен жұмыстың сипаты туралы анықтаманы ұсынуға міндетті. Бұл талап ҚР Еңбек кодексі 32-бабы 4-тармағында бекітілген.

Ал қызметтерді қоса атқару азаматтардың негізгі жұмыс орнында жүзеге асады.

– Бұл қатынастар ҚР Еңбек кодексінің 111-бабымен реттеледі. Аталған бапқа сәйкес, жұмыскерге қосымша жұмысты орындағаны үшін міндетті түрде қосымша ақы төленеді. Қосымша ақының мөлшері орындалатын жұмыстың көлеміне қарай жұмыс беруші мен жұмыскердің келісімі бойынша айқындалады. Жұмыскер қосымша жұмысты орындаудан бас тартуға, ал жұмыс беруші екінші тарапты кемінде үш жұмыс күні бұрын хабардар ете отырып, мұндай тапсырманың күшін жоюға құқылы, – деді Мұрат Шәкенов Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Сонымен бірге, оның мәлімдеуінше, Еңбек заңнамасының негізгі қағидаттарының бірі – жұмыскердің еңбек функциясын өзгерту еркі. Демек, жұмыс беруші жұмыскердің келісімінсіз және тиісті рәсімдеусіз оны қосымша жұмысты орындауға біржақты тәртіппен міндеттей алмайды.

Ал жұмыскердің негізгі кепілдіктерінің бірі – еңбегі үшін әділ ақы алу құқығы.

– Іс жүзінде кейбір жұмыскерлер уақытша болмаған қызметкерлердің міндеттерін орындайды немесе бірнеше лауазымды қоса атқарады, алайда бұл қосымша келісіммен рәсімделмейді және тиісті ақы төленбейді. Мұндай әрекеттер ҚР Еңбек кодексінің 111-бабы талаптарының бұзылуы саналады, – деді маман.

Одан бөлек, жұмыс уақыты режимінің сақталуына ерекше назар аударылады. Қоса жұмыс істеу кезіндегі жұмыс ұзақтығы негізгі жұмыстан тыс тәулігіне төрт сағаттан аспауға тиіс. Ал жалпы жұмыс уақытының ұзақтығы тәулігіне он екі сағаттан көп болмауы қажет.

– Тағы бір маңызды кепілдік – қоса жұмыс істейтін жұмыскердің негізгі жұмыс орны бойынша берілетін жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысымен бір мезгілде демалыс алу құқығы. Бұл Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 92-бабында көзделген, – Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы.

Сонымен қатар заңнамада жұмыскерлердің жекелеген санаттары үшін қоса жұмыс істеуге шектеулер белгіленген. Мұндай шектеулер ҚР Еңбек кодексінің 26-бабында қарастырылып, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әрі жұмыскерлердің денсаулығын қорғауға бағытталған.

Мұрат Шәкенов мемлекеттік бақылау тәжірибесінде ең жиі кездесетін құқық бұзушылықтарды атап өтті. Олар:

· қызметтерді қоса атқару кезінде қосымша келісімнің болмауы;

· қосымша жұмыс үшін қосымша ақының төленбеуі;

· жұмыс уақытының белгіленген ұзақтығынан асып кетуі;

· еңбек шартының орнына азаматтық-құқықтық шарттардың жасалуы;

· қоса жұмыс істеу кезінде жеке еңбек шартының жасалмауы.

Маманның айтуынша, аталған құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда мемлекеттік еңбек инспекторлары оларды жою туралы міндетті нұсқамалар береді. Ал кінәлі тұлғалар ҚР заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

– Сондай-ақ, ҚР Еңбек кодексі 52-бабының 2-тармағында қоса жұмыс істейтін жұмыскермен жасалған еңбек шартын тоқтатудың арнайы негізі көзделген. Егер дәл сол қызметті негізгі жұмыс орны ретінде істейтін басқа маман қабылданса, онда қоса жұмыс істейтін қызметкермен еңбек шарты тоқтатылады, – деді ол.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы жұмыскерлерге мынадай кеңес берді:

· қол қою алдында барлық құжаттарды мұқият зерделеу;

· қосымша жұмыстың міндетті түрде жазбаша рәсімделуін талап ету;

· қосымша ақы мен демалысқа қатысты өз құқықтарын білу;

· құқықтары бұзылған жағдайда жұмыс берушіге, мемлекеттік еңбек инспекторына немесе сотқа жүгіну.

Оның сөзінше, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын тиімді қорғау жұмыс берушілер ҚР Еңбек кодексінің талаптарын қатаң сақтаған жағдайда ғана мүмкін болады. Жұмыс беруші еңбек қатынастарын заң талаптарына сәйкес рәсімдеуге, қосымша жұмыстың ақысын уақытылы төлеуге, жұмыс уақытының нормаларын сақтауға және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге міндетті.

– Осылайша, қызметтерді қоса атқару және қоса жұмыс істеу кезінде ҚР Еңбек кодексінің талаптарын сақтау жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғаудың маңызды кепілі саналады. Мемлекеттік бақылаудың негізгі міндеті – құқық бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, жұмыс берушілерге кеңес беру және еңбек заңнамасын сақтау мәдениетін қалыптастыру арқылы олардың алдын алу. Тек жұмыс берушілердің, жұмыскерлердің және мемлекеттік органдардың бірлескен күш-жігері нәтижесінде ғана қауіпсіз, әділ және заңды еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге болады, – деп түйіндеді Мұрат Шәкенов.

Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстауда 165 жұмыскерге жалақыны уақытылы төлемеген кәсіпорын жауапқа тартылғанын жазғанбыз.

Сондай-ақ Қазақстанда жұмыс іздеушілер саны күрт өсті.