Жұмысшы мамандықтары жылы: Орал қаласында «Адам. Еңбек. Өлке» атты фотокөрме ашылды
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында кәсіби фотограф, «Үркер» сыйлығының иегері Мейірбек Тажқұрановтың «Адам. Еңбек. Өлке» атты фотокөрмесі келушілер назарына ұсынылды.

«Жайық Пресс» ЖШС мен БҚО кәсіподақтар орталығы ұйымдастырған, еңбек адамдарының өмірі мен еңбегін арқау еткен фотокөрме Жұмысшы мамандықтары жылына арналды. Бұл — еңбек адамының қоғамдағы орнын айқындап, оның мәртебесін көтеруге бағытталған маңызды бастама.
Сонымен қатар биыл Қазақстандағы кәсіподақтар қозғалысының 120 жылдығы, ҚР Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығы кең көлемде аталып өтілуде. Осы тарихи оқиғалар аясында елімізде еңбек мәдениетін дәріптеуге, жұмысшы мамандықтарының маңызын арттыруға және кәсіподақтардың ел дамуындағы рөлін көрсетуге арналған бірқатар жобалар іске асырылып жатыр. Соның бірі — Адам. Еңбек. Өлке» атты фотокөрме.
Фотокөрме ел аумағындағы әр түрлі салаларда еңбек етіп жүрген қарапайым жұмысшылардың шынайы бейнесін, олардың өмір сүру салтын, еңбектегі табандылығы мен кәсібіне деген адалдығын көрсетеді.

— Кәсіподақ ұйымы үшін еңбек адамы — басты құндылық. Сондықтан осындай көрме арқылы біз қоғам назарын қарапайым еңбек иелерінің ерен еңбегіне аударғымыз келеді. Бұл — еңбекке деген құрметті арттырудың, жастарды кәсіптік-техникалық білім алуға ынталандырудың, сондай-ақ кәсіподақ қозғалысының тарихи рөлі мен бүгінгі миссиясын кеңінен таныстырудың бір жолы, — деді БҚО кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Бауыржан Атауов.
Оның айтуынша, «Адам. Еңбек. Өлке» көрмесі — бұл өнер мен еңбек үндестігін танытатын ерекше жоба. Келушілер әр фотосуреттен тек кәсіби шеберлікті ғана емес, елге деген сүйіспеншілікті, туған жерге деген жанашырлықты да сезіне алады.

Мейірбек Тажқұранов кәсіби фотосурет түсірумен айналысып келе жатқанына 12 жыл болғанын жеткізді.

— Бұған дейін де фотокөрмелерім де ұйымдастырылып жүр. Дегенмен облыстық деңгейде алғаш рет 80-ге жуық еңбегім қойылып отыр. Фотокөрме 30 қыркүйекке дейін жұмыс істейді, — деді М.Тажқұранов.
Электромонтер Аршат Нұржанұлы көрмеден мол әсер алғанын айтады.

— Осындай ауқымды іс-шарада өз суретіңді көру ерекше сезімге бөлейді екен. Ал сол сәтті шеберлікпен суретке түсірудің өзі ыждағат пен еңбек екеніне түсірілім барысында көзім жетті. Мені де көпшілікке танытқаны үшін Мейірбекке алғысымды білдіріп, шығармашылық табыс тілеймін, — деді А.Нұржанұлы.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда халықаралық суретшілер симпозиумы мәресіне жеткенін жазған болатынбыз.