«Жұмыстың берекесін кетіргендер болды»: Тоқаев жас шенеуніктерді сынға алды
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға сенім артып, оларға жауапты қызметтерді жүктеу қажет екенін айтты. Бұл ретте Президент Үкіметте жоғары лауазым атқарған кейбір жастар жүктелген міндетті мүлтіксіз орындай алмағанын еске салып, мұндай жағдайға жол бермеу қажеттігін атап өтті.
Бұл туралы Президент Тәуелсіздік сарайында өткен БАҚ өкілдерімен брифингте пікір білдірді.
– Сіз Мемлекет басшысы ретінде жастарға сенім артып, оларға ұдайы қолдау көрсетіп келесіз. Құрылтай депутаттығына үміткерлер арасында түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген жастар бар. Сіздің ойыңызша, олар Құрылтай жұмысына серпін бере ала ма? – деп сұрақ қойды журналист.
– Оны көре жатармыз. Біз жастарға сенім артамыз. Оларды кезінде түрлі лауазымдарға тағайындадық. Үкіметте жоғары қызмет атқарған жастардың бәрі өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындады деп айта алмаймын. Әрине, түрлі кедергі мен себеп кезігіп жатады, – деп жауап берді Мемлекет басшысы.
Дегенмен Президент жастарға сенім артып, жауапкершілік жүктеу керегін, онсыз болмайтынын баса айтты.
– Қазақстан – демография тұрғысынан жас мемлекет. Сондықтан жастарға зор сенім артамыз. Олар да бұған дайын болуға тиіс. Әйтпесе, кезінде министр болып, Үкіметке келген соң жұмыстың берекесін кетіргендер де болды. Бұған жол бермеуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, бүгін еліміздің барлық өңірінде Құрылтай депутаттарын сайлау басталды. Дауыс беру 10 423 сайлау учаскесінде өтеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520 сайлау учаскесінде дауыс берді.
Бұған дейін Президент «Вице-президент кім болады?» деген сұраққа жауап берген еді.