«Жұмыс орындарын сақтауға келісті» - баспасөзге шолу

***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Таразда қар еріп, жер былжырап жатыр. Ал, облыс орталығынан 50-60 шақырым қашықтықтағы Жуалы ауданында ақ түтек боран көз аштырар емес. Қатар жатқан Жуалы мен Түлкібас аудандарындағы асуларда қыстың күндері қиын жағдай қалыптасып, көлік қатынасы жиі-жиі тоқтап қалатыны жыл сайын қайталанады. Биыл да сол жағдай. Соңғы екі аптада Тараз бен Шымкенттің арасында қатынаған көліктердің жүргенінен тұрғаны көп.
Техниканың дамыған заманында Табиғат - Анаға қарсы тұру тіптен мүмкін болмай тұр. 18 желтоқсаннан бері Жамбыл облысында қар құрсауында қалып қойған 337 адам құтқарылды. Оның 30-ы жас балалар екен. Жалпы алғанда, соңғы он күнде төтенше жағдай қызметіне көмек сұраған 1470 қоңырау түсіпті.
- Боран кезінде қар күреу тіптен мүмкін емес. Боран жолды лезде-ақ жауып, бітеп тастайды. Әйтпесе техниканың бәрі сақадай-сай тұр. Дәл қазір Жуалы ауданының алты ауылына қатынау мүлдем қиынға айналды. Әйтсе де әскери техникалардың көмегімен бұл ауылдарға 3 тонна азық-түлік жөнелтілді. Жол бойында 17 жылыту пункттері жұмыс істеуде. Ауа райын болжаушы стансалардың мәліметтеріне және төтенше жағдайлар жөніндегі қызметтің тұрғындардың ұялы телефондарына жіберген SMS хабарларына сапарға шыққан жолаушылар мұқият қарап, сақ болса дұрыс болар еді, - дейді Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысының орынбасары, полковник Талғат Сабиров.
Қазір жолаушыларды қар «тұтқынында» қалдырмау үшін жергілікті әкімдік пен төтенше жағдай қызметі қолынан келгеннің бәрін жасауда. Бұл бағыттағы жұмыстарға 120 адам мен 23 техника жұмылдырылған. Бұл материал «Жолаушылардың жүргенінен тұрғаны көп» деген тақарыппен берілген.
«Бәйтерек» холдингінің еншілес компаниясы «Қазақстанның Даму банкі» (ҚДБ) жылды шығынсыз, ірі индустриялық жобалардың өскелең портфелімен аяқтап отыр. 2016 жылы ҚДБ-ны несиелік үдерісте түбегейлі өзгерістер күтіп тұр. Елдегі жаңа индустрияландырудың бас банкіне өзгеру не үшін қажет? ҚДБ-ның басқарма төрағасы Болат Жәмішев «Егемен Қазақстанға» осы мәселелер жөнінде әңгімелейді.
«Ең басты нәтиже - валюталық сілкіністер мен экономиканың барлық секторларындағы іскерлік белсенділіктің төмендеуіне қарамастан, біз шығынсыз қызметті қамтамасыз ете алдық. ҚДБ стратегиясына сәйкес, рентабелділігі жоғары емес жобаларды қаржыландырғандықтан, біз барынша табыс табуды мақсат етпейміз, бірақ оған қоса, шығынға да жол бермеуге тиіс екенімізді атап өткім келеді.
Оң қаржы нәтижесіне қол жеткізу үшін заемшылармен үлкен жұмыс жүргізілді, атап айтқанда: валюта бағамының өзгерісіне сезімтал жобалар бойынша заемдарды қайта құрылымдау жүргізілді; шетелдік валютада қаржыландырылған өзге жобалар бойынша біз неғұрлым арзан қаржыландыру көздерімен алмастыру жолдарын таптық. Бұл шаралар несиелік портфельдің сапасын сақтап қалуға жағдай жасады - жұмыс істемейтін заемдар үлесі жыл қорытындысы бойынша 4 пайыздан аспайды.
Жалпы алғанда, банк қызметтің шешуші жоспарлы көрсеткіштерін орындады, ал кейбір көрсеткіштер бойынша біз оза отырып, алға жылжудамыз. Атап айтқанда, несиелік портфель қаңтар-қараша айларының қорытындысы бойынша бүтіндей жылға жоспарланған 963 млрд.теңгенің орнына 1,3 трлн.теңгеден асып түсті»,-дейді Б. Жәмішев. Сұхбат « Мақсат - шығынға жол бермеу» деген тақырыппен көпшілік назарына ұсынылған.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, әлемді шарпыған дағдарыс кезінде жұмысшылардың жұмыс орнын сақтап қалу мақсатында Маңғыстау облысының әкімдігі мен өлкедегі ірі өндіріс ошақтары «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Бузачи Оперейтинг ЛТД» компаниясының филиалы және кәсіподақ мекемелері арасында үшжақты меморандумға қол қойылды. Басты мақсат - жұмыс орындарын сақтап қалу, тұрғындарды әлеуметтік қамту, өндіріс үдерісін тұрақтандыру. Қазіргі таңда осы компаниялардың қарқынды жұмыс жасауының нәтижесінде ағымдағы жылы 15 млн тоннаға жуық қара алтын өндірілген.
Жиында сөз алған аймақ басшысы Алик Айдарбаев облыста өндірістік кешеннің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, жұмыс орындарын сақтау мақсатында қол қойылатын үш жақты меморандумның маңыздылығына тоқталды.
- Біздің басты мақсатымыз - қолдан келгенше барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, облыста жұмыс жасап тұрған мекемелердің тоқтап қалмауының алдын алу. Бүгінгі меморандумға қатысып отырған төрт мұнай компаниясында 20 мыңға жуық адам еңбек етеді. Сондықтан жұмысшылардың тұрақты жұмыс орнын сақтап қалу мақсатында біз осындай қадамға барып отырмыз. Кейбір компанияларда әлеуметтік көмектің мөлшері қысқаруы мүмкін, бірақ жұмыс орындарының қысқаруына жол бермеуіміз керек, - деп атап өтті А.Айдарбаев. Бұл туралы «Жұмыс орындарын сақтауға келісті» атты мақаладан толық оқи аласыздар.
Осы басылымда «Алаш автономиясының әскері» деген мақала жарияланды. Алматыдағы «Тянь-Шань» қонақүйінде алаштанушы журналист Болат Мүрсәлімнің «Алаш автономиясының әскері» кітабының тұсаукесері өтті.
2012 жылы «Алашорда» атты суретті кітап құрастырып, Алаш арыстарының ғасыр бойы құлыпталып жатқан суреттерін тауып, үлкен еңбек тындырған Болат содан кейін де бұл тақырыпты терең қаузай түсіпті. Біз білгенде, алаштанушы жас ғалым Санкт-Петербор, Мәскеу, Омбы мұрағаттарын ақтарып, тележобаларға атсалысып қана қоймай, дәл осы Алаш әскері хақында киносценарий дайындап та жүрген. Демек, Болаттың бұл ізденісі мақсатты, шешімді әрекетке жұмылдырылған, нәтижесі өте ерекше және соны еңбек екенін бірден айтып өткіміз келеді.
***
«Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС бас директоры Серікбек Елшібеков электронды сатып алулар жайында егжей-тегжейлі баяндап берген.
«Сатып алулардың жаңа жүйесі «Самұрық-Қазына» компанияларына 138 миллиард теңге үнемдеуге мүмкіндік берді. Осы орайда елеулі айырмашылықты байқауға болады. Сонымен бірге жеткізушілерге түскен пайда 17 млрд. теңгені құрады. Бүгінде Электронды сатып алулардың ақпараттық жүйесінде 38 мыңнан астам әлеуетті жеткізушілер тіркелген, сондай-ақ 202 мыңнан астам электронды стап алулар жүргізілді»,-деді С. Елшібеков.
Атап айтқанда, сатып алулардың ақпараттық жүйесі 2013 жылы енгізілген болатын.
«Жақын арада сатып алулар үдерісінің ашықтығы деңгейін арттыра түсетін жаңа механизм енгізіледі. Бұл тұрғыда келісімдердің есебі карточкасы туралы айтып отырмыз. Бұл құрал жеткізушілер мен тапсырыс берушілер үшін келісім бойынша міндеттемелер орындалмаған жағдайда тараптардың жауапкершілігі тепе-теңділігін бекітеді»,-деді ол. Бұл сұхбат «В открытом формате» деген тақырыппен берілген.