Жұмыс тобы қаржыны жұмсаудың тиімділігін бақылауға алды
КӨКШЕТАУ. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Ақмола облыстық филиалы жанынан дағдарысқа қарсы іс-шара аясында мемлекеттік қаржыны тиімді пайдалануды бақылау жөнінде жұмыс тобы құрылып, алғашқы отырысында бөлінген қаржыны ұқсатып пайдалану жайы қарастырылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Валерий Маначевский бастаған жұмыс тобының құрамына бірқатар мекеме басшылары мен орынбасарлары, облыстық мәслихаттың депутаттары, банк жүйесі жетекшілері, үкіметтік емес ұйымдар, қаржылық құрылымдардың лауазымды қызметкерлері тартылған. Жұмыс тобының мүшесі, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қолдау қоры АҚ облыстық аймақтық филиалының директоры Қанат Нұрмағанбетовтың мәлімдеуінше, өңірде 4 банк арқылы 1 миллиард 290 миллион теңге қаржы 35 серпінді жобаны ұқсатуға бағытталған. Олардың көшбасшысы «ТұранӘлемБанкі» мен «Халық Банкі» болып отыр. Барлық қаржы жергілікті қажеттілікке орай басым бағыттарға жаратылатын болады. Соған сәйкес әр өңірдің өзіндік ерекшелігі мен қажеттілігі есепке алынған. Отырыс барысында қаржыны бөлуде несиелік кепілдік, пайыздық көрсеткіш, қаржының уақытылы қайтарылуы, ауыл шаруашылығын несиелендіруге жеңілдіктерді ескеру, кепілдік мүлікті бағалау, жер телімдерін кепілге берудегі мөлшерлік есеп жайы әңгіме арқауына айналып, тиісті құрылымдар тарапынан түсінік берілді.