«Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасына 64 мыңнан астам адам қатысуда

АСТАНА. 23 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақстанда жұмыссыз азаматтарды оқыту және жұмыспен қамту арқылы еліміздің еңбек әлеуетін арттыруға бағытталған «Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасы жүзеге асырылуда.

«Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасына 64 мыңнан астам адам қатысуда

7 айдың қорытындысы бойынша «Жұмыспен қамту бағдарламасы-2020» қатысушылары саны 64 мыңнан асқан. Бұл жайында Pm. kz сайтында жазылып отыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпарына қарағанда, үстіміздегі жылғы 7 ай ішінде 64,7 мың қазақстандық бағдарлама қатысушысы болып, әлеуметтік келісімдерге қол қойған. Әрі қосымша оқытусыз бос жұмыс орындарына 8,5 мың адам жұмысқа орналастырылған.

«Әлеуметтік келісімдерге қол қоюшылардың 46 522-сі жұмыссыз азаматтар. Өзін өзі қамтамасыз ететін азаматтардың үлесі 23 пайыз, аз қамтылған азаматтардың үлесі - 4,4 пайыз», - делінген ведомство ақпарында.

Жұмыспен қамту бағдарламасының оқыту және жұмысқа орналасуды көздейтін  І бағыты бойынша, 49,7 мың қазақстандық оқу оқыған, 38,2 мың адам кәсіби даярлықтан, 9,7 мың адам қайта даярлаудан өткен. Оқу бітірген 9,8 мың қатысушы тұрақты жұмысқа орналасқан.

Оқу бітіргендер арасынан жұмысқа орналасқандардың ең көп саны Қостанай, Атырау, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелген.

Ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған ІІ бағыт бойынша 3 364 адам шағын несие алған. Қазіргі кезде 2,5 мыңнан астам адам өз істерін ашқан. Кәсіпкерлік негізін 3,7 мың адам оқыған.

Бағдарламаның еңбек ресурстарының ұтқырлығын көтеру жөніндегі ІІ бағытына келетін болсақ, жоспарланған 1115 үйдің 1391 пәтерлі 427 үйі салынған. Бағдарлама қатысушылары 251 үйге қоныстанды. Қазір 497 үйдің құрылысы салынуда.

Сонымен қатар, IV бағыт бойынша әлеуметтік-экономикалық дамуы орта және жоғары әлеуетті ауылдарда инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жүргізілуде.

7 айдың қорытындысы бойынша ауылда 4,8 мыңдай жұмыс орны құрылып, онда бүгінде 4771 адам жұмыс істеп жатыр. Бұдан басқа 309 әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын жөндеу жоспарланған, ауылдардың инженерлік-көлік инфрақұрылымдары нысандарын қайта жөндеу, коммуналдық сала мен ауылдарды абаттандыру жұмыстары қатар жүргізілуде.

Жоғарыда аталған жұмыс орындарын құруға, оқытуға және жұмыссыздарды әлеуметтік қолдауға  байланысты шараларды жүзеге асыру еңбек нарығындағы көрсеткіштерге оң әсер  етеді. ҚР Статистика агенттігінің мәліметтеріне қарағанда, 2010 жылдан бастап күні бүгінге дейін жұмыспен қамтылған азаматтардың саны 471 мыңға артып, 8,5 млн адамды құраған.

Жұртшылықтың жұмыспен қамтылуын арттыру ҚР Үкіметінің экономиканың тұрақты өсуіне, республиканың еңбек нарығын дамытуға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған басты мақсаты болып табылады.