Жұмыспен қамту, АӨК субсидиялау және еңбек көші-қоны - К.Мәсімовтің СҚО-ға жұмыс сапарының басымдықты мәселелері (ФОТО)
Естеріңізге салсақ, бүгін ҚР Премьер-Министрі Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты. К. Мәсімов жер-жерлерде солтүстік өңірде жүзеге асырылып жатқан барлық мемлекеттік бағдарламаларды тексерді.
Жұмыс сапары барысында АӨК-ін дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті, онда Премьер-Министр агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау кезінде ауыл шаруашылығы дақылдарын қолдауға баса көңіл бөлуді тапсырды. Оған қоса, еттің экспорттық әлеуетін дамыту және ауыл шаруашылығы тауарларын субсидиялау мәселелерінде бизнес пен қоғамның пікірлері ескеріледі.
Өңірлердің өзекті проблемаларын қарау және шешуде Үкімет халықты жұмыспен қамтуға айрықша көңіл бөледі. Атап айтқанда, СҚО-да ҚР Премьер-Министрі «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын орындауды және өңірлер арасындағы еңбекті жұмылдыруды бағалады.
Бұл бағытта солтүстік өңір оң динамиканы көрсетіп келеді.
Сонымен, бес жылда Жұмыспен қамтудың жол картасына 36 мың адам қатысты. Оңтүстік өңірлерден облысқа 79 отбасы көшіп келді, ал 900-дан астам отбасы көшуге дайын.
Кеңес қорытындысы бойынша К. Мәсімов СҚО басшылығына жұмыспен қамту және еңбек көші-қоны мәселелерін айрықша бақылауда ұстауды тапсырды.
Сонымен қатар, Премьер-Министрдің Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысының тікелей таратылымын live және Periscope режімінде ресми парақшаларда көруге болады: Фейсбук және Туиттер.