Жұмыспен қамту мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі болып қала бермек
АСТАНА. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Алдағы жылдары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыспен қамту мәселесін басты назарда ұстайтын болады. Себебі әлемдік экономикада қалыптасқан жағдай кейбір жұмыс орындарының қысқаруына сеп болмақ.
Оған қоса, 2020 жылға қарай Қазақстанда маман тапшылығы туындауы әбден мүмкін. Оған нақты статистикалық мәліметтер дәлел.
Осыған байланысты алдағы уақытта ел Үкіметі бүгінгі еңбек ресурстарын сақтау, жұмысшылардың жағдайын жақсарту және халықтың жалақы қарызын барынша азайту жұмысына негізгі басымдық беретін болады. Оның бәрі еңбек қарым-қатынастары саласындағы текетірестерді болдырмауы тиіс. Ал шетелден көшіп жатқан оралмандар үшін Үкімет еңбекпен қамтудың өзгеше тетіктерін әзірлеуге мүдделі.
Министр Гүлшара Әбдіхалықованың хабарлауынша, өткен жылы «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасын ілкі жоба ретінде іске асырудың арқасында 38 мың адам жұмысқа тұрды. Ал еңбек ресурстарын тиімді реттеу барысында басқа аймақтардан көшіп келген жұмысшылар үшін 2012 жеке баспана және 13 көппәтерлі тұрғын үй салынды. Жалпы, 2011 жылы «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасына 37,4 млрд. теңге жұмсалды. Үкімет басшысының орынбасары Ербол Орынбаев еңбек ресурстарын реттеу бағдарламасы аясында көп шығындалудың қажеті жоқ деп санайды. «Себебі жұмыс іздейтін азаматтар ауылдан қалаға өздері-ақ келіп жатады. Біз оларға тек қолдау көрсетуіміз қажет. Ал үнемделген қаржыға әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға болады. Мәселен, біз ауылдық жерлерде мектеп сала аламыз», - дейді Е.Орынбаев.
Бұдан басқа, осы уақытқа дейін «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы кәсіби оқыту жүйесімен 69,2 мың адам қамтылып, олардың 43,9 мыңы кәсіби даярлықтан өтсе, 21,5 мың адам қайта даярлау курстарын бітірді. Ал 3,9 мың адам өз біліктілігін көтере алды. Осының нәтижесінде ұсынылған бос жұмыс орындары бойынша 6,2 мың адам жұмысқа орналасты. Әлеуметтік сала бойынша 16,2 мың адам жұмысқа тұрды. Бүгінде олардың орташа жалақы көлемі 45,7 мың теңгені құрайды.
Бағдарлама 4,6 мыңнан астам азаматқа кәсіпкерлік білім берді. Оған қатысқан 1435 адам шағын несие алып, өз бизнестерін ашқан. Негізі, өткен жылы «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясында атқарылған іс-шаралар отандық еңбек нарығына оң ықпал етті. Осы саладағы жұмыс әлі де жалғасатын болады. Бірақ, бұл құжатты әлі жетілдіре түсу қажет. Осыған орай ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев министр Гүлшара Әбдіхалықоваға тиісті тапсырма берді.
Министр ханым болса, еңбек нарығына барлық топтағы қазақстандықтардың шығуын қалады. Себебі 2020 жылға қарай отандық еңбек нарығында маман тапшылығы мәселесі туындайды. «Негізі, еліміздің Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасы аясында жыл сайын шамамен 200-300 мың маман қажет болады. Еңбек күшіне деген ондай сұранысты біз тек 2020 жылға дейін ғана қамтамасыз ете аламыз. Одан кейінгі жылдары өтпелі кезеңде дүниеге келген ұрпақ келеді. Бәріміз жақсы білеміз, ол кезде Қазақстандағы бала туу көрсеткіші тым төмен болған. Міне, осындай жағдайда зейнет жасындағы азаматтардың үлесі артады. Мәселен, 2000-2005 жылдары осы топтағы қазақстандықтардың саны 40-50 мың болса, кейінгі жылдары бұл көрсеткіш 90-100 мың адамға дейін жетті», - дейді Г.Әбдіхалықова. Осы орайда министр ханым еліміздегі бала туу көрсеткішін барынша арттыруға мүдделі екендігін жеткізді. Сондай-ақ мүгедектер, баласы бар аналар және егде жастағы жұмысшылардың әлеуетін пайдалану бойынша жұмыспен қамтудың тиімді тетіктері әзірленбек.
Министрліктің маман тапшылығына қатысты болжамын Халықаралық еңбек ұйымы да қуаттап отыр. Оның мәліметіне сәйкес, алдағы жылдары тұрақты жұмысы жоқ адамдардың саны 1,5 млрд.-тан асуы әбден мүмкін. Бұл жалпы әлем бойынша бар жұмыс күшінің тең жартысы екен. Жыл сайын еңбек нарығына 45 млн. жас келеді. Сондықтан ел экономикасын сауықтыру шаралары, ең алдымен жастар үшін жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесін шешуі тиіс.
Еңбек қатынастары саласындағы жалақы қарызы және тағы басқа түсініспеушіліктер бойынша министрлік Қазақстанның кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп жұмыс істемек. Федерация төрағасы Сиязбек Мұқашев еңбек қарым-қатынастары саласындағы жағдайды жақсарту бойынша нақты жұмысқа көшетін кез келді деп санайды. «Бүгінде дағдарыс аясында бүкіл әлемде жұмысшылар қозғалыстары жандана бастады. Оған бәріміз куәміз. Соңғы жылдары елімізде еңбек қарым-қатынастары саласындағы ахуал тұрақты болды. Бірақ Жаңаөзен қаласында болған жағдай бізді есеңгіретіп тастады, біздің әлсіз тұстарымызды ашып берді. Ол жағдайды ушықтырмауға болар еді. Бірақ жұмыс беруші - «ҚазМұнайГаз», тіпті жергілікті билік органдары өз мәселесін шеше алмады. Біз үшін бұл үлкен сабақ болды», - дейді С.Мұқашев. Осы орайда ол жалақы төлеудің әділ жүйесін енгізу мәселесіне тоқталып: «Негізі, еңбекті бағалау саласындағы тепе-теңсіздіктер бүгінде сан алуан әлеуметтік проблемаларға ұласып жатады. Бұл салада бізге біраз жұмыс жасау қажет. Ал азаматтық қызметкерлердің еңбегі үшін ақы төлеу жүйесін өзгертуге бүгінде ешбір кедергі жоқ сияқты. Бұл мәселенің талқыға салынғанына алты жыл болды. Біраз жұмыс атқарылып, жаңа жүйе әзірленді. Қазіргі кезде онымен бәрі келісіп тұр», - деп атап өтті.
Үкімет басшысының орынбасары Ербол Орынбаевтың пайымдауынша, бұл мәселе бойынша әлі де біраз жұмыс жасау қажет. «Себебі барлығына бірдей жалақы көтеретін болсақ, инфляцияға тап боламыз. Сондай-ақ біз шетелдік тәжірибені жан-жақты зерттеп, еліміздегі еңбек шиеленістерінің алдын алу жүйесін барынша дамытумыз қажет. Ал шетелден көшіп жатқан қандастарымыз үшін мен «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасына арнайы бөлім енгізуді ұсынамын. Онда көшіп келген оралмандарға жәрдемақы беру мәселесіне емес, олардың жергілікті қоғамда толыққанды бейімделуіне негізгі басымдық беру қажет. Бұдан басқа, еңбек қатынастары саласындағы жалақы бойынша қарызы бар компанияларға қатысты қатаң шараларды қолдануды күшейту қажет», - дейді Е.Орынбаев.