Жұмысшылардың улануына аспазшылар кінәлі болып шықты
АҚТАУ. 14 наурыз. ҚазАқпарат - «Болашақ» станциясындағы «АстанаҚұрылысИмпекс» ЖШС-да болған жаппай улану оқиғасының салдары анықталды.
Бұл туралы МО санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бастығы Бекмұрат Өтесінов хабарлады.
«Бактериалогиялық зерттеу нәтижесі станция асханасында жұмыс істейтін 4 бірдей келіншектен сальмонеллез инфекциясын анықтаған. Бактерия аспаздар әзірлеген қуырылған балық арқылы жұмысшыларға жұғып, уланған», - деді Б. Өтесінов.
Еске сала кетейік, 8-9 наурыз күндері Жаңаөзеннен 70 шақырым қашықтықтағы «Болашақ» стансасындағы «АстанаҚұрылысИмпекс» ЖШС-ның 59 жұмысшысы ауруханаға жатқызылды. Олардың барлығына сальмонеллез инфекциясы жұққан деген диагноз қойылған болатын.
«Қазіргі уақытта жұмысшылардың барлығының жағдайы жақсарды. 16-сы орташа, қалғандары жеңіл дәрежедегі науқастар. 7 күндік емнен кейін үйлеріне қайтарылады», - дейді Жаңаөзен қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Жаңабай Оңайбаев.