17:10, 03 Наурыз 2009 | GMT +5
Жұмыссыздар мен жұмысынан босап қалғандарды әлеуметтік қолдау үшін бюджеттен 5,2 млрд. теңге қарастырылып отыр ? А. Самақова
АСТАНА. Наурыздың 3-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ағымдағы жылы жұмыссыздар мен жұмыстан босап қалғандарды әлеуметтік қолдау үшін бюджеттен 5,2 млрд. теңге қарастырылып отыр.
Бұл туралы «Қазақстан Республикасындағы халықты жұмыспен қамтудың өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстелде «Нұр Отан» ХДП фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңес төрайымы Айткүл Самақова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биылғы жылы шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота 2008 жылмен салыстырғанда екі есеге дейін төмендетілді. Бұнымен қоса, жергілікті кадрлармен жеткілікті түрде қамтамасыз етуге болатын барлық мамандықтар мен кәсіптер түріне шетелдіктердің тартылуын шектеу мәселелері қарастырылуда. Сондай-ақ жұмыссыздар мен жұмыстан босатылған азаматтарды әлеуметтік қолдау шаралары да шешімін табатын болады. Бұл мақсатта ағымдағы жылдың бюджетінен 5,2 млрд. теңге бөлініп отыр», - деді А. Самақова.
Оның айтуынша, мемлекет тарапынан жұмыссыздық мәселесі бойынша тиісті деңгейде шаралар атқарылып жатқанымен, халықты еңбекпен қамту жағдайы әлі де өзекті күйінде қалып отыр.
Ұсынылған мәліметтерге қарағанда, 2009 жылғы қаңтардың 1-індегі жағдай бойынша республикамызда түрлі себептермен 7,2 мың адам жұмыс істейтін 25 кәсіпорынның жұмысы тоқтаған екен. Ал ішінара жұмыспен қамту шарасы 72,2 мың адам еңбек ететін 234 кәсіпорынға енгізілген. Мәжбүрлі еңбек демалысына шыққандар саны 11,5 мың адамды құрайды.