Жұмыссызды кәсіпкерлікпен айналысуға бейімдеу маңызды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кез келген мемлекеттегі өзгеріс атаулының бәрі адамның қолымен жасалады. Экономиканың қуатын арттыратын да - қарапайым халық. Сондықтан да, дағдарыс жағадан алған уақытта жұртшылықты жұмыспен жарылқау - әлеуметтің әлеуетін арттыратын бірден бір бағдар саналады. Дағдарыс кезеңінде еліндегі жұмыссыздықты барынша төмендете алған үкімет - ең мықты үкімет. Ал жұмыссыздықты жоюдың тағы бір төте жолы - жаппай кәсіпкерлік.

Жұмыссызды кәсіпкерлікпен айналысуға бейімдеу маңызды

Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» халыққа Жолдауында елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50% болуын қамтамасыз етуді жүктеді. Нұрсұлтан Назарбаев бизнес мәселесін Қазақстандағы бірінші кезектегі мәселе екенін айтып, мұншама өршіл мақсатқа қол жеткізуге болатынын да жеткізген еді.

Шындығында, жаппай кәсіпкерлік экономиканы жандандырып, түрлі салалардың бойына қан жүгіртеді. Бұл ретте сарапшылар Қазақстанның алдында тұрған шешімін табуы тиіс кешенді міндеттерге де назар аудартады. Соның маңыздысы - жаппай кәсіпкерлік арқылы жаңа жұмыс орындарын құру, еңбек нарығын түбегейлі жаңғырту. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова да жаппай кәсіпкерлікке үйрету арқылы жастардың арасындағы жұмыссыздықты ауыздықтаймыз деген болатын. Бұл ретте министр соңғы бес жылдың ішінде жұмыспен қамту бағдарламасы аясында 380 мыңнан астам жасқа мемлекеттік қолдау көрсетілгенін алға тартады.

«Дегенмен де, қазіргі таңда жастар арасында жіті көңіл бөлуді талап етіп отырған 200 мыңға жуық азаматтар бар. Олардың 56 пайызы ауылда тұрады. 90 мыңы - жұмыссыздар, ал 103 мың адам - өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар. Бұлардың көпшілігі тек орта мектепті тәмамдаған жастар ғана болып отыр. Яғни, қажетті білімі ғана емес белгілі бір білігі жоқ. Осы санаттағы жастарға мемлекеттік қолдау ретінде биылғы жылы жүзеге асырылғалы отырған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында оқыту, кәсіпкерлікке баулу, несие беру және жастар практикасын кеңейту мәселелері қарастырылмақ», - дейді Тамара Дүйсенова.

Айта кететін тағы бір жайт, соңғы кездері депутаттардың да, сарапшылардың да «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы аясындағы халықты жұмыспен қамту қадамдарына көңілі толмай жүрген болатын.  Оның үстіне дәл осы бағдарлама ауыл халқы, әсіресе ауыл жастары үшін тиімсіздеу болды деген пікір де баршылық. Өйткені, бағдарлама аясында құрылған жұмыс орындарының басым бөлігі уақытша ғана болып шыққан. «Бүгін бар, ертең жоқ жұмыс орындары» шындап келгенде қазына қаражатын тиімсіз жұмсауды ғана көрсетті. Ал оның түбін қазбалағандар әлгі уақытша жұмыс орындарының өзі басым жағдайда «қағаз жүзінде» орындалып жатқанын алға тартады. Соның салдарынан бюджеттік қаражаттың біразы да желге ұшқан. Бұл - бір.

Екінші мәселе халықты жұмыспен қамту орталықтарынан жолдама алып, жұмысқа кіріспекші болғандардың басым бөлігі еңбек мекемелерінде тиісті кәсіпке бейім емес болып шыққан.  Яғни, жұмысшылардың кәсібилігі төмен болып, олар бағдарлама қалап берген «баспалдақтан» ары қарай көтеріле алмаған. Осылайша жұмыспен қамту орталықтарынан жолдама алғандардың ары қарайғы жұмыс орындары да тұрақсыз болып шықты. Бұндай олқылықты жою мақсатында Үкімет «2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын қабылдаған еді.

Бағдарламаның басты мақсаты халыққа нәтижелі жұмыс қамтып, жаппай кәсіпкерлік үшін жағдай жасап, жұртшылықтың табысын өсіруге жол ашу болып табылады. Бағдарламаға тартылатын һәм қамтылатын нысаналы топтың негізгі бөлігін жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, 15 жас пен 45 жас аралығындағы табысы айына 60 мың теңгеден төмен азаматтар ретінде болжанған. Жобаның қамтымдылығы 550 мың адамды құраса, оның 84 пайызы ауыл халқының үлесіне тиеді.

Айта кетерлігі, бұл нысаналы топ Қазақстандағы еңбек нарығының жағдайына жасалған сараптаулар негізінде анықталған. Мәселен, еліміздегі экономикалық белсенді халық саны 8,9 млн. адамды құрайды. Олардың ішінде 6,3 млн адам жалдамалы жұмысшылар болса, 2,1 млн адам өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, ал 447 мың адам - жұмыссыздар. Осының өзінен-ақ Қазақстандағы экономикалық белсенді халықтың арасында өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың саны аз емес екенін көруге болады. Бұл топтағылар экономикалық белсенді халықтың шамамен 24 пайызын құрайды әрі олардың 42 пайызының білімі жалпылама орташа немесе бастауыш біліммен ғана шектелгендер. Сонымен қатар, айлық табысы 60 мың теңгеден төмен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар мен жұмыссыздардың саны елімізде 853 мың адамға жетіп отыр. Олардың да басым бөлігі, шамамен 716 мың адам ауылды жерлерде тұрады.

Ал енді осы топқа Үкіметтің жаңа бағдарламасы қандай шарапат тигізеді? Атқарушы билік ең бірінші кезекте жұмыссыздарды жаппай оқыту арқылы нақты кәсіби дағдыларға бейімдеуді көздейді. Ондай кәсіби дағдыдан өткен азаматтар не жұмыспен қамтылатын болады, не болмаса өзінің жеке ісін, кәсібін ашуға бейімделеді.

Елбасы Жолдауында жүктелген жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытына келсек, бұл ретте әсіресе ауылдық жұртшылықтың өзінің жеке шаруаларын, кәсібін ашуға жағдай жасауға назар аударылған. Бұл үшін де ең алдымен ауыл азаматтарын кәсіпкерлік негіздеріне оқыту кең ауқымда белең алмақ. Ауылдағы ағайынның кәсібін жеңіл жолмен кредиттеуге де көңіл бөлінеді. Мәселен, шағын несие арқылы жүзеге асырылатын жобалардың қарызын мемлекет тарапынан субсидиялау, мемлекеттік кепілгерлікті дамыту мәселелеріне де назар бұрылады.

Тоқтала кететін жайт, 2017 жылы кәсіпкерлік бастамаларды микрокредиттермен қамтамасыз етуге қалаларда 10 млрд теңге, ал ауылдық жерлерде 27 млрд теңге қарастырылады. Дәл осы мәселеге қатысты Елбасы Жолдауда: «Бұдан былай Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады. Шағын несие беру аясын кеңейтіп, кәсіпкерлерге кепілдік жасау және қызмет көрсету тетіктерін белсенді пайдалану керек. Бұл шараларды бизнес жүргізу және қаржылық сауаттылыққа үйрету ісін ұйымдастырумен қатар атқару керек. Жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру керек. Қазақстанның әр өңірі жаппай кәсіпкерлікті, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар ұсынуға тиіс», - деген болатын. Бұл ретте жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны - бұрынғыша Үкімет пен әкімдер қызметінің тиімділігін бағалаудың негізгі критерийінің бірі болмақ.  

Ал 16 миллион теңгеге дейінгі кредиттеуге келсек, бұл түпкі сыйақы ставкасы 6 пайыздан аспайтын кредиттер. Ол қалалы жерлерде - «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы, ал ауылда - «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы берілетін болады. Ауылдағы кәсіпкерлікті шағын несиемен қамту барысында негізгі басымдық ауыл шаруашылығы кооперацияларындағы жеке қосалқы шаруашылықтарға, ауылдық округтардағы дайындау орталықтарын құруға берілетін болады.

Елбасы Жолдауынан кейін нақты бағдарды бетке алып, іске кіріскен Үкімет Нәтижелі жұмыс және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына қайта үңілді. Ендігіде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі аталмыш бағдарламаға қатысты қажетті құжаттарын даярлайтын болады.

«Жолдау бойынша іске асатын шараларды біз ақпанның 1-інде қолға аламыз. Оқу бойынша қыркүйектің 1-інде Білім министрлігі бастайды. Ал Ұлттық экономика мен Ауыл шаруашылығы министрлігі наурыздың 1-і күні өз жұмыстарына кіріседі. Қаржы бар. Ол 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджетте белгіленген», - деді Тамара Дүйсенова.

Бұдан бөлек, Президент тапсырмасына сәйкес, Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бизнестің барлық шығынын жаппай азайту жөнінде шаралар қабылдайтын болады. «Үкімет пен әкімдерге биылғы 1 шілдеге дейін бизнесті қайта реттеу жөніндегі жүйелі шаралар әзірлеу міндетін жүктеймін. Дамыған елдердің озық стандарттары мен тәжірибесін енгізу керек. Бұл жұмысты әсіресе өңірлік деңгейде атқару маңызды. Әкімдер Үкіметпен бірлесіп, Дүниежүзілік банк рейтингі негізінде өңірлерде бизнес жүргізу үшін жағдайды жақсарту жөнінде нақты жоспарлар әзірлеу керек. Елімізде бизнес жүргізуді жеңілдету жөнінен өңірлер мен қалалар рейтингін енгізу қажет», - деп атап өтті Елбасы Н. Назарбаев.

Түйіндей айтсақ, Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес, Үкімет ендігі күні азаматтарды кәсіпкерлік саласына тұрақты түрде тартып, олардың ел экономикасындағы үлесін арттыру үшін жұмыс жүргізетін болады. Мәліметтерге сүйенсек, қазіргі уақытта шағын және орта бизнестің үлесі ішкі жалпы өнімнің 25%-ын құрайды. Бұл салада еліміздің 3 миллионнан астам адамы жұмыс істеп жатыр. Былтырғы 2016 жылы шағын және орта бизнес саласында 11,2 трлн теңгенің өнімі өндірілген, бұл - 2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 6%-ға артық. Ендеше бизнестің жолын ашып, жүгін жеңілдету арқылы бұл көрсеткіштер алдағы уақытта еселене түсуі шарт. Жолдау жүктеген маңызды мәселенің бірі де осы.