Журналдың мақсаты - балалар шығармашылығын дамыту

АСТАНА. 1 қазан. ҚазАқпарат - Астана қаласында 2009 жылдан бастап республикалық «Балалар шығармашылығы»  журналы жарық көріп келеді.
None
None

Бұл мемлекеттік тілде шығатын және еліміздің барлық өңіріне тарайтын балалар басылымы. Айталық, өзге журналдар танымал ақын-жазушылардың балаларға арналған шығармаларын жарияласа, «Балалар шығармашылығы» журналы балалардың өздері жазған тырнақалды туындыларын береді. Журнал оқушылардың шығармашылығын насихаттайды, тұрмысы төмен отбасындағы талантты балалардың жан-жақты көрінуіне де қолдау көрсетеді.

Қазақ балалары әдебиетін қолдау және дамыту «Парыз» қоғамдық қорының директоры, республикалық «Балалар шығармашылығы» журналының бас редакторы Әділбек Жақыпұлы: «Балалардың жазған өлең, әңгімелері талапқа сай болмай жатса, елеп-екшеп, шағындап, тіл заңдылығына келмей тұрған тұстарын түзетеміз. Бірақ стилін, айтайын деген ойын сақтаймыз. Жыл сайын оқырман өсіп келеді. Республика бойынша екі мың данасын балалар почта арқылы жаздыртып алады. Мұның сыртында 1,5 мың данасын қала мектептеріне таратамыз. Сондай-ақ 500 дана журналды жетім балалар үйіне, мектеп-интернаттарға тегін береміз. Ондағы тәрбиеленушілер де хат жазып тұрады. Әсіресе, алыс шалғай өңірде тұратын оқушылар журналды қызыға оқиды және өздері жазған туындыларын бізге жібереді. Мүмкіндігінше ауыл балаларының өлең-әңгімелерін және де автордың суретін қоса жариялаймыз. Балалардың азамат болып қалыптасуына журналдың ықпалы көп деп ойлаймын»,-дейді.

Журналдың Бас редакторы алдағы жоспарларымен бөлісті. Ол байланыс жасап тұрған балаларға арнайы тақырыптар беріп, сол бойынша шығарма жазуға баулығанды жөн көріп отырғанын айтты. Басылым бетінде патриоттық тақырыпта «Қазақ әлемі» деген айдар ашылған. Онда халқымыздың тарихынан, әдет-ғұрпынан бірсыпыра танымдық материалдар жарияланады. Сондай-ақ балалардың сурет салу өнеріне де көңіл аударылады. Спорт пен өнер жолында жүрген дарынды балалар да дәріптелмек.

«Қазір келесі жылға баспасөзге жазылу науқаны басталып кетті. Осы орайда бұрын байланыс орнатқан мектептермен хабарласып жатырмыз. Жаңадан жазылатындардың қатарын молайтпақпыз. Журналымызды таныстыру мақсатында үлкен компаниялардың назарына ұсынамыз. Олардан ақша сұрамаймыз. Отанын ойлайтын, патриоттық сезімі бар азаматтар болса, бізге хабарласады. Өздерінің балалары үшін журналды жаздыртып алады»,- деді Ә.Жақыпұлы.

Соңғы жаңалықтар