Журналистерді БҚО әкімі Н.Ноғаев құттықтады

ОРАЛ. 28 маусым. ҚазАқпарат - 28 маусым күні баспасөз қызметкерлерінің күніне орай Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының залына жиналған жұртшылықты облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтады.

Журналистерді БҚО әкімі Н.Ноғаев құттықтады

Облыс басшысының атап өткеніндей, бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы маңызы зор. Әсіресе, Елбасы тапсырмаларын орындау, мемлекет саясатын халыққа жеткізу жолында орталық және жергілікті атқарушы органдардың жұмысын көрсетуде журналистер әрдайым жауапкершілік танытып келеді. Кейбір өзекті мәселелер журналистер қаламына ілігіп немесе теледидар бетіне шығып, содан кейін шешімін тауып жатады. «Алғаш радио шыққан кезде газет кейін қалады-ау делінді. Кейін теледидар пайда болғанда, радионы ешкім тыңдамайды, газетті ешкім оқымайды деген қауіп болған. Технология дамып, ғаламтор жайлаған мезгілде соның бәрі керексіз болып қалады делінді. Жоқ, олай емес. Әрқайсысының өзіндік орны бар. Сіздер оны күнделікті еңбектеріңізбен дәлелдеп келесіздер», деді әкім.

Бұдан кейін бірқатар журналистерге облыс әкімінің алғысхаттары табыс етілді.

«Нұр Отан» ХДП БҚО филиалы төрағасының орынбасары Аққали Әубекеров, облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Тілекқабыл Имашев та баспасөз қызметкерлерін сый-сияпатсыз қалдырған жоқ. Енді бірқатарына Қазақстан Журналистер одағы мен БҚО филиалының марапаттары тапсырылды.

Шара барысында Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының әртістері ән мен биден шашу шашты.