Журналистік әдеп кодексі таза жұмыс істемейтін әріптестерге қатысты кінәлаушылық ой туындатуы қажет - заң ғылымының докторы М.Башимов

АСТАНА. 23 шілде. ҚазАқпарат - Қазіргі уақытта тілшілер қауымының арасында өзектілігі артып отырған журналистік әдеп кодексін бұзу әкімішілік не болмаса қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз болмайды.

Журналистік әдеп кодексі таза жұмыс істемейтін әріптестерге қатысты кінәлаушылық ой туындатуы қажет - заң ғылымының докторы М.Башимов

Ұзын-ырғасына келер болсақ, ол БАҚ саласында қалам ұстаған жандарды әділдікке шақыратын адамгершілік ұстанымдарының жинағы болып табылады. Ал бұл ұстанымдарды ұстану не одан тайқуды әрбір журналист өзі шешуі қажет, деп санайды «Адам және заң» заңгерлік газетінің бас редакторы, Бас редакторлар клубының мүшесі, заң ғылымының докторы Марат Башимов. Сонымен қатар ол ҚазАқпаратқа берген сұхбатында журналистердің корпоративтік кодексі еш нәрсеге бөгет болмайтындығын баса айтты.

- Марат Советұлы, сіз елімізде журналист, сонымен қатар тәжірибелі заңгер ретінде де танымалсыз. Сондықтан да таяу аралықта ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде жобасы талқылануы тиісті журналистік әдеп кодексіне қатысты сіздің пікіріңізді білгіміз келеді. Соңғы уақытта бұл, әсіресе БАҚ өкілдерінің арасында өзекті болып отыр. Өйткені, біріншіден көпшілікке оның не үшін қажеттігі әрі онда қандай нормалардың болатындығы мүлдем түсініксіз. Ал екіншіден, оның қабылдану мүмкіншілігі қандай екендігі де қызықтырады.

- Бүгінгі таңда журналистік әдеп кодексін қабылдау мәселесі пісіп-жетілгендігін айтуым қажет. Өйткені, барлық басқа елдерде ол бар және де барлығы да іс жүзінде оны ұстануға тырысады - өзін-өзі реттеу институты барлық жерде де жұмыс істеуде. Бір жерлерде ол журналистік қоғамдастық аясында, келесінде, үкімет жанында жұмыс істейді, ал тағы бірінде «баспасөз құқығы жөніндегі омбудсмен институты» құрылады.

Мұның ең басты  мән-мағынасы неде? Әлемнің барлық елдерінің заңдарында іс жүзінде бірдей «БАҚ толық және сенімді ақпарат таратуы қажет», деп жазылған. Нақ осы сенімділік  - әр кезде де адамгершілік-этикалық бағалау мен дауды тудыратын мәселе. Ол сот арқылы құқықтық алаңда не болмаса өзін-өзі реттеу институты арқылы, яғни журналистік әдеп кодексі арқылы қарастырылады.

Көтеріп отырған мәселенің өзектілігі мынада: қазіргі уақытта Қазақстанда БАҚ-та қаңқу сөздердің жариялану және таралу үрдісі байқала бастады. Мәселен, таяуда Ақтөбеде ҰҚКД-нің қызметіне қатысты осыдан бір жылғы материал жарық көрді әрі барлық басқа БАҚ-тар фактіні тексерместен жаңа ақпарат деген оймен жарыса жариялады. Міне осылайша журналистер қоғамды тектен тек дүрліктірді. Міне, осындай оқиғалар баршылық.

Біз әрқашанда да БАҚ адамдардың ақыл-ойына әсер ететін маңызды институт екендігін айтып отырамыз. Сондықтан да журналистер әрбір іс-қимылына екі есе жауапкершілікпен қарауы тиісті. Өйткені қоғамдық пікірді небәрі бір-ақ минуттың ішінде қалыптастырып, ал жағдайдың түйінін тарқатуға, әсіресе ол саяси сипатқа ие болса, мол күш-жігер қажет. Бұл жерде материалға өз пайым-пікіріңді тықпалаудың еш қажеті жоқ. Бүгінде сөз бостандығын желеу өтіп, осындай қадамға баратын да журналистер бар.

Бұл орайда біз журналистің адамгершілік жауапкершілігі институты турасына айтамыз. Кей кезде адамгершілік құқықтық институтқа қарағанда адамға қатты әсер етеді. Өйткені саналы журналист әр кезде де шынай әрі толық ақпарат береді, бұған қоғам да ұмтылды. Журналистің міндеті материалды беру, ал азаматтар өздері ұғынып, баға беруі керек.

Мен кодекс дер уақытында қабылданып отыр деп санаймын. Өйткені елде үнемі лаңкестік фактілердің пайда болуымен байланысты және басқа да өзекті оқиғалар орын алуда әрі бұл ретте адамдарды алдауға, дүрбелең туындатуға және де осы арқылы қоғамды бөлшектеуге болмайды.

- Еліміздің БАҚ туралы заңында сіздің айтып отырғандарыңыздың барлығы да көрсетілген. Онда журналисті әділ болуға міндеттейін норма бар. Демек, бұған қосымша кодекс қабылдаудың қандай қажеттілігі туындап отыр?

- Кодекс барынша адамгершілік ұстанымдарға, мәселен, «әділ бол» деген сынды мәселеге негізделеді. Ал заңда «әділ бол» деп жаза алмайсың. Адамгершілік ұстанымдар журналист әділ, шыншыл болуы тиіс, журналист адами тұрғыда ұжданды болуы керек дейді. Яғни, кодексте заңға жазуға болмайтын адамгершілік нормалар басым.

- Яғни кодекстің қабылдануынан ешқандай қорқыныш жоқ  қой?

- Жоқ, бізде мемлекеттік қызметкерлер әдебі, дәрігерлердің тәртіп ережесі, оқытушылардың, ішкі істер органдары қызметкерлерінің әдебі бар ғой. Бұған ешкімнің де қарсылығы жоқ, барлығы да қолдайды. Онда неге журналистердің әдеп кодексін енгізбеске? Корпоративтік мәнде ол журналистерге еш бөгет жасамайды. Тек ол адамгершілік жауапкершілікті қалыптастыруға шақырады.

- Нақтылай түссек, кодекс нормасын бұзу ешқандай әкімшілік, әсіресе қылмыстық жауапкершілікке тартуға түрткі болмайды ғой?

- Жоқ, ол тек журналистер арасында таза жұмыс істемейтін әріптестеріне кінәлаушылық ой туындатуға түрткі болуы ғана қажет. Ондайлардың арамызда бар екендігін жасырып қайтеміз? Бүкіл әлемде ақылы, тапсырыспен жазылатын материалдар бар, ал тапсырыспен жазылған дүние ақиқат емес. БАҚ-ты  қоғамдық пікір қалыптастырудағы маңызды институт ретінде күштілер өз мақсаттарына пайдаланады, криминалдық элементтер де жиі баспасөз қызметіне жүгінеді. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, құқықтық нормалар әр кезде де екпін бере алмайды. Ал журналистер ақылды адамдар, нәсік психологтар, олар көптеген жайттарды байқайды және олар іс жүзінде әріптестеріне адамгершілік тұрғыда баға бере алады.