Журналистік зерттеу: Бізге алыс та жақын Корея - ФОТОРЕПОРТАЖ

СЕУЛ. ҚазАқпарат - Бурыл тұман, барқыт таулы Оңтүстiк Корея мемлекетi барлығымызға "таңғы жұпар елi" ретiнде жақсы таныс. Жергiлiктi халық өзiнiң еңбекқорлығымен, жаңашылдығымен өзгелерден оқ бойы озық екенiн де бiлемiз. Дегенмен мұнда ешкiм асығыстыққа жол бермейдi, себебi олар жетiстiктiң басты кепiлi - тәртiп деп есептейдi. Жұмыстарын пайдақұмарлық пен өзiн-өзi асырау үшiн емес, жан рахаты үшiн жасайды.

Журналистік зерттеу: Бізге алыс та жақын Корея - ФОТОРЕПОРТАЖ

Әлемде заманауи технологияларды шығаратын аз елдiң бiрi осы Корея, бiрақ өздерiн "Хаңгук" деп атайтын бұл халық өзiнiң терең тарихын, салт-дәстүрiн, дiлi мен тiлiн бәрiнен жоғары қояды. Егер "таңғы жұпар елiне" ат басын бұрсаңыз, Оңтүстiк Корея астанасы - Сеул қаласында кәрiстердiң ұлттық болмысын, көне салты мен өмiрiн көз алдыңда паш ететiн ғасырдан ғасырларға жеткен бабалар мұрасы - "Кореяның ұлттық ауылынан" (The Korean Folk Village) айналып өтпегенiңiз абзал. Мұнда демалыс күндерi хаңгук халқы отбасыларымен бiрге демалуды дағдыға айналдырған. Сонымен қатар оқушыларға өз елiнiң тарихын таныту мақсатында жас жеткiншектердi Кореяның ұлттық ауылына әкеледi. Бұл мектеп бағдарламасына да енгiзiлген. Жалпы балаларды жастайынан патриоттық сезiмге, ұлттық дәстүрге тәрбиелеу мұнда жақсы жолға қойылған.

"Кореяның ұлттық ауылы" Сеулдың оңтүстiк-шығысында орналасқан. Ол жерге автобуспен, метро немесе таксимен оңай жетуге болады, бiрақ қала орталығынан бiршама алыс. Сондықтан жолға ертерек қамданғаныңыз абзал. Ауылдағы ғимараттар Чосон заманынан жетiп отыр, бiр кездерi шаруалар мен колөнершiлердiң панасы болған елді мекен бүгiнде ашық аспан астындағы музейге айналған.

Бас қақпадан кiрген сәтте көзiңiзге алдымен Корея елiнiң басты символдарының бiрi "Кимчхи" тағамы жасалатын мына қыш ыдыстар түседi. Кимчхи бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi I ғасырда пайда болды деген дерек бар. Қырыққабат осы құмыралардың iшiнде қазiргi күнге дейiн ашытылады. Онсыз кәрiстер ас iшпейдi, барлық үйде, әрбiр дәмханада алдымен осы кимчхидi алдыңызға ұсынады.

Ауылдың көшелерi осындай қызыл және көк түстi дәстүрлi шамдармен безендiрiлген. Қызыл мен көк түстерi "инь" мен "янь" тепе-теңдiгiнiң белгiсi. Жалпы бұл түстердiң символикалық мәнi барлық жерде ұшырасады.

Мынау сол кездегi бай-көпестiң үйi болса керек.

Бiраз қадам жүрген соң бiз "Тiлекшi тасқа" да жеттiк. Осы шомбал тасқа кореялықтар ғана емес, әр елден келген саяхаттанушылар өз армандарын, тiлектерiн, ең құпия сырларын жазып, байлап кетедi. Мен де бұл дәстүрге өз үлесiмдi қостым. Өз елiм - Қазақстанға тыныштық пен бейбiтшiлiк тiледiм.

Қаланың кiреберiсiнде Jangseung атты кореялықтардың көне тотемдерi қасқайып тұр. Бұл тотемдер көне кәрiстер үшiн ауылдың түрлi нәубет пен аурулардың қорғаушысы ретiнде қойылып келген. Сонымен бiрге олар жолдардың бойына ауылдардың бағытын көрсететiн белгi ретiнде де қолданылған.

Шаруалардың салт-тұрмысынан хабар беретiн мына диiрмен мен келi сонау Чосон мемлекетi тұсында пайдаланды.

Қолөнер шеберлерiнiң үйi, шеберханасы. Төбесi осындай сабанмен жабылған. Қақпа үстiнде оның қолөнершiнiң шеберханасы екендiгiн бiлдiрiп тұратын түрлi тұмарлар iлiнген.

Балабақша балақайлары болса керек. Жоғарыда атап өткенiмдей, кореялықтар өскелең ұрпақтың тәрбиесiне зор мән бередi.

Ауылдың қарапайым көшелерiнiң бiрi. Қарапайым болса да, әдемi көрiнедi.

Ал бұл ЮНЕСКО-ның дүниежүзiлiк мұралар тiзiмiне енген Кореяның ұлттық материалдық емес құндылықтарының бiрi - қанат үстiмен жүру өнерi. Хонг Ги Чхоль мырза жастайынан осы өнерге ден қойып, өзiнiң бар өмiрiн арнаған жан.

Хонг Ги Чхоль мырзаның өнерiнен кейiн шабыттанған кiшкентай балабақша тәрбиеленушiлерi төменде тартылған арқанға қатарласа сап түзеп жатыр. Кiм бiледi, мүмкiн болашақта бұлардың арасынан да қанат үстiмен жүрудiң нағыз шеберлерi шығып қалатын шығар...

Өз заманында кореялықтар да ат құлағында ойнаған халық болған. Темiр тақым жiгiттердiң өнерiн көру үшiн жұрт көп жиналды. Бiз де қосылдық...

Шабандоздардың керемет өнерлерi осымен тәмамдалған жоқ. Ат үстiнде шауып келе жатып, садақ та тартты.

Халық демiн iшке тартып тұрған сәт. Қамшымен аузындағы гүлiн де жұлып түсiрдi.

Ендi кәрiстердiң дәстүрлi биiне кезек жеттi. Ер адамдар ұлттық дауылпаздардың сүйемелдеуiмен би билейдi. Ұлттық бидiң өзiне тән қимылдары, дәстүрлi киiм үлгiсi көз тойдырады. Басты элемент - бас киiм. Бейнежазбасын қарай отырыңыздар.

Би бiттi, ұлттық мейрамханада дәм тату бұйырыпты. Мынау кореялықтардың танымал тағамдарының бiрi - Пибимпаб. Бұны жеместен бұрын араластыру керек екен. Әдемi безендiрiлген Пибимпабты қалай бұзуға болады!? Дегенмен "таңғы жұпар елi" астың қадiрiн бiледi екен. Өте дәмдi.

Мыңдаған жылдық тарихы бар күрiш арағы мен кимчхи.

Мейрамханадан сiздi ұлттық киiм киген қызметкер осылай шығарып салады.

Ауыл iшiндегi үйлердiң бiрi. Аула. Жапсарлас тұрған оншақты бөлме бар.

Соның бастысы - ошақ, ас үй. Осында кореялық әйелдер ерлерiне ас дайындаған.

Қонақ күтетiн орын. Сандық пен бiрнеше фарфор ыдыстардан өзге ештеңе жоқ. Қазiр оны дизайнерлер "минимализм" деп атап жүр. Бөлмелердiң сыртқы есiктерi қағазбен тысталады. Ол жаздың қапырығында бөлменiң iшiндегi циркуляцияның сақталуына ықпал етедi.

Жатын бөлме. Айта кету керек, отағасы мен оның зайыбы жеке бөлмелерде жататын болған. Асты да ерлер жеке отырып iшедi.

Анасы балаларымен дәстүрлi Ют Нори ойынын ойнап отыр. "Төрт таяқша" дегендi бiлдiретiн бұл ойын дойбыға ұқсайды.

Әрине, әр үйдiң ауласында кимчхи мен өзге де ашытқылар мен дәмдеуiштердi дайындайтын жоғарыда айтып өткен мына ыдыстар тұрады.

Тағы бiр бөлмеде балаларына тiл ұстартып, әлiп үйреткен. Бiлiм беру жағы маңызды орында болған. Қазiр де солай. Дәстүр тәртiптен құралған.

Тәртiп демекшi, ауылдағы полиция бөлiмшесiнiң iшiне де кiрiп көруге болады. Мұнда қылмыскердi жауапқа тарту, қылмысын мойындату үшiн түрлi азаптау тәсiлдерi қолданылған. Байлап қойып, дүре соққан. Әрине, бүгiнде бұл келмеске кеттi, дегенмен кәрiстер мұнда ортағасырларда қинау кезiнде пайдаланылған құрылғыларды көзбен көруге мүмкiндiк алып отыр.

Ал мына орындықта күдiктiнiң аяқтарын арқанмен қысып, тiзе арасын таяқпен керетiн болған. Қызық үшiн өзiмiзге жасатып көрдiк, шыны керек, бұнда қылмысыңды мойындамау мүмкiн емес.

Фотода Чосон заманындағы абақты. Қылмыскерлер осында қамалған.

Аса ауыр қылмыс жасағандар ағаш кiсенге тоғытылып отырды.

Шаруаның үйi.

Кореяның басты астарының бiрi - күрiш. Шаруа иелiгiндегi алқап осындай болған.

Сабаннан кәрiстердiң көне аяқ киiмiн жасап отырған қария. Сiрә, атадан-балаға жүздеген жылдар бойы дарып келген, осы күнi ұмыт қалуға шақ қалған өнердi сақтап келе жатқан соңғы тұяқтардың бiрi шығар. Сұрағанымызда, аяқ киiмдi ол бiр сағаттың көлемiнде өрiп шығатынын айтты.

Осындай ыдыстар да жасалады. Бұрын ең қажет заттардың бiрi болғанына күмән жоқ. Қазiргi заманда оны ескiнiң қалдығы, тарихи жәдiгер ретiнде сатып алатын көрiнедi.

Кезек үйлену тойына да жеттi. Күйеужiгiттiң үйiне келiндi әкеле жатыр.

Кореялықтардың үйлену рәсiмi өте салтанатты жағдайда өтедi. Ер жiгiт көк, ал келiн қызыл көлек киген. Көк пен қызыл инь мен янь тепе-теңдiгiн бiлдiретiндiгiн жоғарыда айттық. Шаңырақ көтерген жас жұбайлар өзара үйлесiм тапсын дегенi.

Кәрiс келiнi. Екi қапталында жеңгелерi. Рәсiм көп дегенде жарты сағатқа ғана жалғасады.

Бiз келгенде этноауылда тарихи фильм түсiрiлiп жатыр екен. Кiм бiледi, бiздiң елiмiзде танымал болып кеткен кәрiс сериалдарының бiрi түсiрiлiп жатқан шығар.

Кешендегi музейлердiң бiрiне де бас сұқтық. Жоғарыда айтқанымдай, ас iшкенде әйел адамдар ер кiсiлерге қосылмаған. Мұнда соның көрiнiсiн берiптi. Үлкен атаның қолына оның баласы, яғни үй атасы су құйып тұр. Сонан соң атасының қолына отағасы, отағасының қолына үлкен ұлы, үлкен ұлға ортаншы iнiсi, ортаншы iнiге кенжесi құрмет көрсетедi.

Корейлiктердiң көне кiтап басу өнерi.

Сол кездiң өзiнде мынадай қәрiп қалыптары пайдаланылған.

Хәкiмнiң хаттары осындай сырсандықтарда сақталды. Тура қазақтың сандығына ұқсайды.

Жылыту жүйесiнiң кiшкене көрiнiсi. Ас үйдiң оты еденнiң астымен өтiп барып, мұржадан шыққан. Осылайша еден күн суық кезде жылытылып тұрды. Керемет ойлап табылған әдiс. Қандай ой қорытуға болады?! Кореялықтар ұлттық болмыстың жоғалып кетпеуiне, өскелең ұрпақтың тәрбиесiне үлкен мән бередi. Кореяның этноауылынан осындай сезiм алып шықтық. Тiптi телеарналарда темекi шегу процесiн және денедегi тату суреттерiн көрсетуге тыйым салынған. Қазiргi заманның фильмдерiнде олар аяусыз жабылады. Балаларға арналған ұлттық нақыштағы және корей тiлiндегi бағдарламалар өте көп. Шiркiн, қазақ халқының тарихы мен дәстүрi кореялықтардан еш кем емес. Бiрақ соны таныту, ұлықтау жағы ақсап тұр. Елге келген әрбiр саяхаттаушы зәулiм ғимараттарға емес, ұлттық дәстүрдi көру үшiн келедi. Осындай этноауылдар салынса, қалайша жаман боламыз?!