Жүзуден Астанада өткен дәстүрлі ел біріншілігінде алматылықтар командалық есепте екінші орын алды

АЛМАТЫ. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеше Астанада аяқталған суға жүзуден Андрей Гавриловты еске түсіруге арналған дәстүрлі Қазақстан біріншілігінде алматылықтар командалық есепте жарыс қожайындарын ғана алға жіберіп жүлделі екінші орынды иеленді,

Жүзуден Астанада өткен дәстүрлі ел біріншілігінде алматылықтар командалық есепте екінші орын алды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Андрей Гавриловты еске түсіруге бұл байрақты бәсеке сәуірдің 26-сы күні басталған болатын. Биыл бесінші рет өткен жарысқа 240-тан аса спортшы ел біріншілігінің 30 жүлделер жиынтығын сарапқа салды. Оған Азия ойындарының және Шығыс Азия ойындарының жүлдегері А. Гавриловтың жеке бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Александр Кудрявцев бастаған қазылар алқасы төрелік жасады. Жыл сайын өтетін бұл турнирде былтыр 100-ден астам команда қатысқан еді. Астаналықтар бұл жолы да өткен жылғы жетістігін қаталап, командалық есепте үздік топ жарды. Онда мамандандырылған олимпиялық резервтің № 4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттерінен құралған құрама команда 1207 ұпай жинады. Елордалықтардың қоржынында 12 алтын, 9 күміс және 2 қола жүлде бар. Жарыс қожайындарынан 6 ұпайы кем алматылықтар (1001 ұпай) екінші, ал Жамбыл облысының командасы 858 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді.