14:02, 27 Мамыр 2009 | GMT +5
Жыл басынан бері 295 мемлекеттік қызметкер тәртіптік және әкімшілік жауапқа тартылды ? апталық брифинг
АСТАНА. Мамырдың 27-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ -Қаржы полициясы органдары жыл басынан бері сыбайлас жемқорлыққа қатысты 584 қылмысты анықтаған.
Бұл еліміздегі барлық құқық қорғау органдарының жемқорлық әрекеттеріне қатысты анықтаған фактілердің 76 пайызы. Анықталған істердің 407-і сотқа жолданды. Бұл көрсеткіш былтырғы жылғыдан 17,6 пайызға артық. Бұл мәліметтерді бүгін журналистермен болған брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, тиісті заңнамаға сәйкес, жемқорлық қылмыстар санатына Қылмыстық кодекстің 13-ші бабы және Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 5-ші бабы жатады. «2007 жылдың маусым айында агенттіктің ұсынуымен жемқорлыққа қатысты қылмыстардың шеңбері қысқартылды. Сондай-ақ шет елдер мен халықаралық ұйымдардың лауазымдық тұлғаларының парақорлық үшін жауаптылығы енгізілді. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық әрекеттері бойынша қылмыс жасаған немесе құқық бұзған азаматтарды мемлекеттік қызметке алуға тыйым салынып, мұндай адамдарды жұмысқа алған басшыларды жұмыстан шығару шарасы бекітілді», деді ресми өкіл. Оның мәліметтеріне қарағанда, жыл басынан бері еліміз бойынша 295 мемлекеттік қызметкер тәртіптік және әкімшілік жауапқа тартылған. Ал сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша келтірілген залалды өндіру 58,9 пайызды құрады. «Яғни біз қолданған шаралардың нәтижесінде мемлекетке келтірілген 461 миллион 400 мың теңгенің 271 миллион 600 мың теңгесі өндірілді. Ал 115 миллион теңгеге тыйым салынды. Жемқорлық әрекеттерінің басым бөлігін, яғни 7,3 пайызын парақорлықпен байланысты фактілер құрап отыр», деді М.Жұманбай.