Жыл басынан бері 6 мыңнан астам қарағандылық жұмысқа орналасты

Кәсіпкерлікті дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында 6058 адам жұмыспен қамтылды.
Оның ішінде 3,3 мың үміткер бос орындарға жолдама алды.
«Әлеуметтік жұмыс орындарына – 294, қоғамдық жұмыстарға – 2310. Жастар тәжірибесінен өту мүмкіндігін өңірдің 118 тұрғыны пайдаланды. «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша екі жас маман шеберлігін арттыра алды. «Бірінші жұмыс орны» жобасы аясында 20 адам жұмысқа орналастырылды. Бұл бағдарламаны 29 жастан аспаған жастар пайдалана алады. Мысалы, жұмыс тәжірибесі жоқ түлектер, жұмыспен қамту орталығында тіркелген-тіркелмегеніне қарамастан жұмыссыз деп танылған жастар, соның ішінде NEET санатындағылар», – деп атап өтті жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова.
Сондай-ақ, өңірде «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы жүзеге асып жатыр.
Ол зейнет жасына толған жұмыс істеп жүрген жұмыскерді кейіннен ауыстыра отырып, жас мамандарды жұмысқа орналастыруға бағытталған.
Осы жылдың қаңтар айынан бастап ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысу ұзақтығы мен еңбекақы мөлшері ұлғайтылды.
«Жастар тәжірибесі» алты айдан бір жылға дейін созылады, жалақысы 30 АЕК (91 890 ₸). «Бірінші жұмыс орны» жобасын іске асыру шеңберінде 30 АЕК жалақымен 12 айдан 18 айға дейін жұмысқа орналасуға кепілдік берілген.
Зейнет жасына жақындаған жұмыссыз адамдар үшін «Күміс жас» жаңа жобасы әзірленді. Биыл оны 534 адам пайдалана алады.
Бұл ретте мемлекет жыл бойы жалақыны субсидиялайды.
Ай сайынғы субсидия мөлшері – белгіленген жалақының 50 пайызы, бірақ салықты, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысы мен банктік қызметтер үшін өтемақыларды ескере келе 30 АЕК-тен аспайды.
«Бүгінде жұмыс берушілер мен зейнеткерлік жасқа жақындаған тұлғаларды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жобаны іске асыру республикалық бюджеттен қаржыландыруға байланысты басталады. Жұмыссыздарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары және өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың кәсіпкерлік белсенділігін арттыру туралы ақпараттандыру үшін өңірде жылжымалы мобильді жұмысқа орналастыру пункттері жұмыс істейді», – деп қосты Әсем Жүніспекова.