Жыл басынан бері елордалық тәртіп сақшылары лаңкестікке байланысты 8 рет жалған ақпарат алды
Олардың 3-еуі мектепте, тағы 3-еуі қоғамдық орында, 2-уі тұрғын үйлерде болады деп хабарланған. Бұл мәселе жөнінде бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихатында Астана қалалық Ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанат Битенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, осындай хабарлардың бірі елордада тамыздың 9-ы күні болған. Онда кешкі 18-42 минөт шамасында таксофон арқылы Кенесары көшесінің 161-ші үйінен полицияға телефон шалған ер адам Бөкейхан көшесіндегі 8 үйдің 4-ші пәтерінде бетперде киген белгісіз біреулердің адамдарды кепілдікке алғандығы жөнінде хабарлаған. Ал тамыздың 14-і күні таңғы сағат 14-41 минөттер шамасында Иманов көшесі мен Республика даңғылының қиылысқан тұсындағы «Меломан» дүкенінінің жанынан белгісіз ер адам полицияға телефон шалып, Ақмола көшесіндегі үйлердің бірінде тағы да белгісіз біреулердің адамдарды кепілдікке алғандығын хабарлаған. «Арнайы жүргізілген іздестіру шараларының барысында тәртіп сақшылары елорданың 20 жасар тұрғынын ұстады. Ол мұндай әрекетке бұзақылық жасау үшін ғана барыпты. Қазір аталған фактілер бойынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 242-ші бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті азамат ешқайда шықпау жөнінде нұсқау алды», деді Ж.Битенов.
Сонымен қатар ол алдын ала дайындалған лаңкестік актілердің орын алатындығы жөнінде жалған ақпарат таратқаны үшін 200-ден 500-ге дейінгі айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып, болмаса 1 жылдан 2 жылға дейінгі аралықта еңбекпен өтеу жұмыстарына жегіліп, кей жағдайда, тіпті бұл әрекеттің бас бостандығынан айыру жазасына да кесілетіндігін ескертті.