Жыл басынан бері Қазақстанда 75 парақорлық фактілері анықталды - Қаржы полициясы
АСТАНА. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - 2009 жылдың басынан бері Қазақстанда 75 парақорлық фактілері анықталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Биыл осы санаттағы (парақорлық-ред.) 75 қылмыс анықталды. Оның ішінде пара алудың 40 фактісі анықталып, параның жалпы сомасы 4,5 млн. теңгені құрады. 15 адам сотталды», деді бүгін Астанадағы брифингте Қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай.Оның айтуынша, 2008 жылы 187 парақорлық фактілері анықталған, оның 84 пайызын немесе 158 фактісін ең қауіпті көрініс - пара алу құраған. 288 қылмыстық іс сотқа жіберіліп, 195 адам сотталған.
Қаржы полициясының ресми өкілі 2008 жылы және биылғы жылы парақорлық фактісінің көпшілігін ішкі істер органдарының, білім беру саласының, салық органдарының, қылмыстық-атқару жүйесінің,
ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері, сот орындаушылары, әкімдіктің және халықты әлеуметтік қорғау саласының қызметкерлері жасағанын атап өтті.