Жыл басынан бері Өзбекстанға 700 мыңнан астам қазақстандық турист барды

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Өзбекстанның туризм саласы қалпына келіп, жыл басынан бері шетелдік саяхатшылар ағыны 2 еседен астам өскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Жыл басынан бері Өзбекстанға 700 мыңнан астам қазақстандық турист барды

Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік статистика комитетінің мәліметінше, биылғы жеті айда елге туристік мақсатта 2,4 млн шетел азаматы барған. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 2,2 есе көп.

Шетелдік туристердің үштен бірі дерлік Қазақстан азаматтары болды – 716,7 мың адам. Сондай-ақ, туристік ағын көшбасшыларының үштігіне Өзбекстанмен көршілес елдер: Қырғызстан (675,1 мың турист) және Тәжікстан (637 мың) кірген.

Ресейлік сахатшылар легі – 247,2 мың адам болды. ТМД-дан тыс елдерден 124 мың турист сапар шеккен, оның ішінде Түркиядан 38,6 мың, Оңтүстік Кореядан 8,4 мың, Германиядан 8 мың, АҚШ-тан 6,3 мың.

Бұған дейін тек шілде айында ғана Өзбекстанға 180 мың қазақстандық турист барғаны хабарланған болатын.