Жыл басынан есірткіні интернет арқылы сатудың 153 фактісі анықталды - ІІМ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл басынан есірткіні интернет арқылы сатудың 153 фактісі анықталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті басқармасының бастығы Бақытжан Әмірханов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Кезінде ауған героині белең алып тұрған кезде ол қолма-қол сатылатын. Ал бүгінгі таңда интернет-ресурстар арқылы саудаланады. Сатушы мен алушы бір-бірін көрмейді, танымайды. Интернет-ресурстарды пайдаланады. Сондықтан арнайы тармақ енгіздік. Мұнан бөлек, жарнама, насихаттау деген баптар енгізіліп отыр. Жыл басынан бері ішкі істер органдары есірткіні интернет арқылы сатудың 153 фактісін, жарнамалаудың 79 фактісін тіркеді», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, есірткі заттарының қылмыстық мөлшері болады. Бүгінде есірткінің 1 грамынан бастап қылмыстық жауапкершілік көзделген. Ал 1 граммнан аз болса, құқық бұзушылыққа тарту қарастырылған.

Сонымен қатар басқарма басшысы еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі есірткі өсіретін алаңдарды анықтау тікұшақ, ұшқышсыз аппараттар және «Қазғарыштың» жерді спутник арқылы қашықтан зондтауы арқылы жүргізілетінін атап өтті.

«Биыл 20-ға жуық плантация анықтадық. Үнді қарасорасын өсіруге Қызылорда облысының және оған шектес өңірлердің ауа райы өте қолайлы. Сораның құрамындағы тетрагидроканнабинолдың ағзаға әсері өте күшті болады. Сондықтан нарықта бағаланады», - деді Бақытжан Әмірханов.


Соңғы жаңалықтар