«Жыл келгендей жаңалық» сезіндік пе?

Бұл - бүгіндері біз айтып тауыса алмай, тамсанып біте алмай жүрген Мұхтар Әуезов «Жыл келгендей жаңалық сеземіз» атты баяндама жасайтын әдеби кеште болған оқиға. Айтып тауыса алмай дейміз-ау, соны айтып жеткізе алып жүр ме екенбіз? «Көкірек зор, уайым жоқ» кезеңге қатысты сыни көзқарас тұрғысынан, тіпті, әдеби терминге айналып кеткен «шала Шекспир, толыспаған Толстой» тіркесі дүниеге келген күні бәзбір ақсақалдар әлгіндей немқұрайдылық танытып жатса, қазір «төргі дастархандағы үлкен ағалар жастарға көңіл аудармайды» деген реніштің бір бүгін ғана айтылып жүрмегенін болжауға болады. Зейнеп Ахметова «Шуақты күндер» атты естелік кітабында Бауыржан Момышұлының көшеде кездесіп, баласының (Бақытжан Момышұлы) кітабы шығуымен құттықтап, қауқылдай жөнелген жүргіншіге: «Мен оны оқымаймын», - деп кесіп тастайтынын айтатыны бар. Әлгі кісі таңданып, қалжың деп ұққан сыңай байқатыпты. Баукеңнің әзілдеп тұрмағанына көзі жеткен соң, себебін сұрайды ғой. Баукең: «Ол жаман маған үйрете қоярдай не жазып қарық қылды дейсің» - деген жобада қысқа қайырыпты. Мұндайда шынымен оқымады ма, көңіл аудармады ма деген сұрақтың тууы заңды. Қисынынан Бауыржан Момышұлы мінезіне бағып, көлденең килігіп, жуық арада тоқтай қоймаған «құттықтаушыға» қитығып, шығарып салма салтымен самарқаулық танытқанын аңғаруға болады. Естелік иесі де осыны меңзейді.
Дегенмен, осы бір самарқаулықтың бізге қатысы бар ма, жоқ па дегенге жауап іздеп көрсек күмілжіп қалатынымыз да рас.
Бүгінгі жастар... Жиырма үш жасында тұңғыш жинағы шыққан бір жастың кітабын қолына алып тұрып: «Тым ерте шығарып қойған жоқсың ба?» - деп таңырқап еді бір ағам. Содан кейін күліп, «Тынық Донды» жазып бастағандағы Шолоховтың жасын мысалға келтірген. Кейін ойладым: Оқыды ма екен? Әлгі «тым ерте емес пе»-сін оқып шығып айтса... Үкім демейік, жас талапты қамшылауы, «толыспаған» «шалалығына» деген ең қысқа ескертпесі болар ма еді дейміз ғой... Немесе әлгі сөзді өзінің «тым ерте» айтып қойғанына көзі жетер ме еді. Сосын батасын берсе... Дуалы ауыз ағасы талапты інісінің бағына даңғыл жол салып бермесе де, жігер берген болар еді ғой.
Рас, дуалы ауызға ілігу екі бастан оңай болмаса керек. Тағы да Әуезовтің аталмыш баяндамасына ораламыз: «Жақсы жазғандарыңыз далаға кетпейді, ешбір қасиет бағаланбай қалмайды, алтының танылмай қалмайды». «Әдебиетке реклама керек емес. Әдебиет өзін-өзі рекламалайды» дейді тағы. Азуын айға білеп, аузымен құс тістеген ерен жүйрік деп танылып болған, әр кесімі - бір-бір үкім, әр лебізі - алғаулы бата саналатын дөй кісіден баға алмаққа кім-кім де құмар. Сондықтан да, бүгінгі әдет (жастарға қатысты) кітабыңның алғашқы бетін толтыра автограф жазып, ағаларға тарту ету дәстүрі. Заңды да нәрсе. Бір әттеген-айы, әлгі кітапты оқыды ма, жоқ па деген сұрақ іштей мүжіп бітеді. Осы жерде «ауылдастың тайы озсын» деген рушылдыққа ұқсас бір мәселе қылаң береді. «Тағы бір қызық. Семейден бір жас келе қалса, екі сөзінің бірі - «Тыныштықбек. Тыныштықбек оқыған өлең. Тыңдаған өлең», «Оның жанында сен кімсің?» дегендей. Қарағандыдан келгендердің аузында «Серік Ақсұңқарұлы». Аспанға қараса да, Қарағандының төбесін көретіндей. Екеуі де қазақ поэзиясында орындары бар ақын. Сөз жоқ. Бірақ бізге өлшем емес. Олар мүмкін сенің талабыңды тасқа ұрмайын деп мақтаған шығар». Әріптесім, жас сыншы Бағашар Тұрсынбайұлының сөзі бұл. Әлгінде Әуезовтың аузына іліккен I. Мәмбетов, Т. Шопашев, Т. Молдағалиев, Сағи Жиенбаев, Қ. Мырзалиев сынды жастар сол бір кештен кейін өздерін қалай ұстады екен дейтінің болады мұндайда. Ал, бұл кезде аталған ақындардан тыс қаншама таланттар болатын. Соның барлығы сол кезде Әуезов ақсақалдың қолына түспегенмен, әлгі «алтынның танылмай қалмайтынының» дәлеліндей бүгінде төрден орын алып үлгерді. Тіпті, баяндамада келтірілген ақындардың кейбірі бүгіндері көп аталмайды.
Иван Шухов деген жазушы барын бүгіндері көп жастар біле де бермейді. Бірақ, заманында Горкий Шуховтың «Горкая линия» атты шығармасына көзі түсіп, оң пікір білдірген. Горкийдің аузына ілігу дегеннің қандай екенін өзіңіз бағамдай беріңіз. Десе де, алғашында жұрт елеңдескендей болғанымен, Иван Шуховтың жаппай ел аузына ілігіп, қоғамдық пікір тудыра қоймағанын бағамдау қиынға соқпайды. Бұл нені білдіреді? Тағдыр ма? Анығы, кім не айтса да, қалай бағаласа да тарихтағы орныңды белгілеп бере алмайтындығының бір мысалы осы. Бұдан батагөйдің бір ауыз сөзі түкке тұрмайды деген қорытынды шығаруға тағы болмайды. Мәселен, әдеби қорытынды отырысында сөз сұрап, датталған бірқатар шығармаларға араша түскен студент Әбіш Кекілбаевтың бір ауыз сөзі үшін сырттай ризашылық білдіріп, қайта-қайта айтып жүрген Мұхтар Әуезов, Жыраулар поэзиясы жайлы эфирден сөйлеген Мұхтар Мағауинді көріп қалып, іздетіп, ақыры «Қазақ әдебиетіне» қызметке келуіне ықпал еткен Ғабит Мүсірепов, Мұқағали туралы бірінші болып жылы пікір айтқан Әбділда Тәжібаев, алғашқы әңгімелері жарияланып үлгерсе де, көп ешкім назар аудара қоймаған Дулат Исабеков туралы жазушылар съезіндегі баяндамасында 2-3 минут тоқталған Тахауи Ахтанов, кездесіп қалған бір сәтінде өлеңін оқытып, сол арада Жұмекен Нәжімеденовтың өлеңдер топтамасын жинаққа енгіздірген Әбу Сәрсенбаев, Оралхан Бөкейді ауылдан қалаға, әдеби ортаға әкелген Шерхан Мұртаза... Жеткілікті мұндай мысалдар. Физиктің басына түскен алманың мысалындай қылып, жай ғана кездейсоқтыққа балап, кейде, тіпті, Бәленшені Түгеншекең «ашыпты» деп салатынымыз бар. Болам деген баланың белін буған көреген көздер жайында сүйсініспен айта келіп, «ашылған Американың» таланты мен қарымын көлеңкеде қалдырып алатын кезіміз де жоқ емес. Сондықтан ба екен, кейінгі жас буын ағаларын тым жағалағыш боп кеткені... Әдебиетке сәуегейлік жүрмейді дейтініміз бар ғой, дегенмен, бұл мәселеге талантты тап басып тани білу тұрғысынан келген жөн. «Сарқытын іштім талай жақсы ағаның...» деп Есенқұл ақын айтқандай, Әуезов ішкен графиндегі суға жапа-тармағай бас қойғандардың (Ә. Кекілбаев) барлығы бірдей классик болып кетпегені және ақиқат.
Берірек келсек, осындай мысалдарды таба аламыз ба? Фариза Оңғарсынова дүниеден қайтқанда әлеуметтік желіде «апамның батасын алып едім» деген талай жасты көрдік. «Мен үлкендерді, байларды, шенеуніктерді шақырмаймын. Сендер сияқты жастарды шақырамын. Бұрын біздерді Әбділда сияқты ағаларымыз шақыратын, қазір бұл дәстүр жайына қалып бара жатыр», - дегені есімде», - депті Фариза апасының аялы алақанын көп көрдім дейтін Бауыржан Қарағызұлы. Бұл тізімде бүгінде жастар арасында тізімге жиі ілініп жүрген Ерлан Жүніс, Тоқтарәлі Таңжарық, Ақберен Елгезек, Дәурен Берікқажы, Бақытгүл Бабаш, Азамат Тасқараұлы сынды ақындар бар. Ақын апа туралы бәрі бір ауыздан «анамдай еді» дейді. Бұл, өз кезегінде, болашақта «Фариза үміт күткен ақындар» деген антология жасауға болатын дүние. Бар мәселе, сол үмітті кімнің қалай ақтайтынында. Ал, жастарға қамқорлық тұрғысынан бүгінгінің мысалын келтіргенде Фаризадай ақын кемде-кем.
Фариза апамыз айтыпты деген бір сөз: «Мен елу пайыз ақындығыммен танылсам, даңқымның қалған елу пайызы Әбиірбек Тінәлиевтің Мұқағалидың сөзіне жазылған «Фаризаға» атты әнімен шарықтап кетті». «Жігітінен қазақтың дос таба алмай», «қыз да болса» Фаризаға «мұң шаққан» Мұқағали... «Алдыңғы толқын ағалар» емес, ұядан қатар ұшқан замандас та таланттың танылуына, мойындалуына ықпалды. Бір мысалды өзімізден келтірсек, шыққанына екі жылға жуықтаған тұңғыш жинағымыз (проза) туралы бірді-екілі дос-жаранның бірен-саран «жақсы екені», жанашыр ағалардың ара-тұра арқадан қағатыны болмаса, ата сақал біткен ауыздардан қандай да бір жылы сөз күтуді ұмыта бастағандай едік. Нұрбек Түсіпханның «Үш талшыбық» атты сын-мақаласы («Қазақ әдебиеті», 2014, №5) жарияланған соң, тоң жібіп, сең бұзылғандай болды. Көп өтпей біраз ағалар кітабымызды сұрағанда замандас үнінің рөлін түйсінгендей болдық. Барды - бар, жоқты - жоқ деп, жан-жақты талдау жасай алатынын көрсеткен замандас, «сынға енді аяқ бастым» деген Нұрбектің адресіне де жылы лебіздер естіп қаламыз. Есімі ел асқан арғы буын мен жұртқа кеңінен мәлім алдыңғы буын әр сұхбатында жастар туралы сөзге келгенде «оқығам жоқ» деп беріден қайырып немесе «көзім шалып қалып еді, тәуір сияқты көрінді» деп мөлтек қана сипай соғып өте шығатынына етіміз өліп те кеткен шақта, өз шабысын өзі қызықтап, беріле жазатын жас буын сыншылардың «өнерге әркімнің-ақ бар таласы» кезеңінде елітіп, армандар құшағында жүрген қатарласына илігіп, шүйлігіп жатса, ол, шынында да олжа.
Бұ күні үйлі-баранды болып, отағасы атанып үлгерген қыз-жігіттерге айтқызсаң, бір жылдары (студент кездері) «Қазақ әдебиетінде» Маралтай Райымбекұлы жүргізген «Жас қалам» қосымшасын алғыспен еске алады. Сол қосымшаға іліккен жас қатар құрбысы ғана емес, мен деген қарағай мүйізді алыптардың да назарына ілігіп қалып жататын дейді.
Университет қабырғасында жүрген бүгінгі жазып-сызуы бар толқын Жарас Сәрсекті жақсы көретінін байқаймыз. Әу баста «Үркер» арқылы жарық көріп, кейіндеп «одақ» жақты бетке алатын жеткіншек өрендердің алды-арты бұлар ғана емес екенін ескерсек, қанатын қатайтып үлгермеген сарыауыздардың бойына сенім ұялатуда Жарас сияқты ағалардың да қосар үлесін қағыс қалдыра алмаса керек кім-кім де.
Бір кездері үлкен жанашырлықпен «Қалам алып хат жаздым Маралтайға» деп, «Жас қазақ» газетінің бетінде өлең арнаған Исраил аға Сапарбай былтыр Жазушылар одағында, бірде-бір ақсақалсыз өткен «Жас қаламгерлер форумына» келіп бір таң қалдырса, жастардың өзі кіріп-шығып, өзгені тыңдау тұрыпты, өзіне кезек тигенше тыным таппай кеткен кештің соңына дейін тапжылмай отырып екі қуантты. Сахнада жаппай, жарыса өлең оқыған ұл-қызына «әдебиет - теуіп ашып кіретін есік емес» деген сарында ескерту жасап, батасымен алқағаны тағы бар. Бірді-екілі сәтті өлеңдер мен тосын, тың тіркестерге, формаларға да тоқталған. Бірақ, соған бала-шаға қатты көңіл бөле қоймады-ау, сірә. «Исраил ағам осылай деді», - деп желпініп жүрген ақын көрмедік. Сонымен қоймай, «бізге көңіл бөлінбейді» дейміз...
Қуандық Шолақ әлі таныла қоймаған, жас кезінде Төлеген Айбергеновты аялдамадан көріп, бұрылып сәлем беріпті. Жөн сұраса келгенде атақты ақын жас жігіттің бір өлеңін өзіне жатқа оқып беріп таңдандырыпты. Мұндай оқиғаның жас жүрекке қаншама қуаныш сыйлағанын бағамдау қиындық туғызбайды. Орыстардың өте сәтті шыққан «Есенин» көп сериялы фильмінде дәл сол кезеңде дүрілдеп тұрған Фрунзе мен Есениннің кездесетіні бар. Кәрі тарланның жас талант өлеңінен үзінді оқитыны нанымды. Және желең киіне салған Сергейге «денсаулықты жастайыңнан күту керек» деп, өз пальтосын жабатыны... Сонымен қоса Троцкийдің: «Барабан - не ваш инструмент» дейтіні... Алғашқысы ақынға, жас періге деген құрмет пен жанашырлық болса, соңғысы өлең мен өмірдегі ақын болмысын бір ауыз сөзбен бере салған сұңғылалық, заманға берілген баға. Бір сүйінерлігі осындай көптеген қолпаштар мен қолдауларды Есениннің тиесілі сыбаға ретінде, салқын қабылдауы. Троцкий журнал ашып бермек болғанда бас тартып, басына бәле тілеп алатыны соның дәлелі. Қазақша айтқанда «мал табуда өлеңге есектің артын жуғызбау». Бұл да біз сабақ алуға тиіс дүние деп есептеу керек.
Қалтай Мұхамеджановтың игі жақсы түгел қатысқан «Бөлтірік бөрік астында» спектаклінің тұсаукесерінде Әуезов болмай қалыпты. «Шымылдық ашылғаннан жұрт езуіне ие бола алмаған» (Әбіш Кекілбаев), көрерменге тегіс ұнаған спектакль туралы бір қызығы біраз уақыт бойы басылым бетінде ешкім жақ ашпапты дейді. Жазылмағанмен ел аузында жүрген қойылымның дықпыртын естіп, арнайы барып көрген ұлы Мұхтар алғашқы әсермен «Біз бұл күлкіге ырзамыз» деп, мақала жазған. Бір ұшы саясатқа тиіп кетуі мүмкін, астарлы спектакль жайлы екі ұдай күйде, әліптің артын бағып жүргендер осыдан кейін таласа жазып, Қалтайдың атағын қысқа уақыт аралығында-ақ дүрілдетіп жіберген дейді.
«Жаңа жыл сайын өзіңе есеп беріп тұру керек» дегенді кім айтты екен. Жастар жағы не жаздым деп нақтылы есеп бермей-ақ қойсын делік, албырттық - жастыққа тән. Ақыл тоқтатқан аға буын артына бір қайырылып, үмітті көзбен бір шолып шығу керек болар ма... Қалтайлардың ізбасарлары көктем келгендей бір желпінтіп тастар бәлкім.
Алмас НҮСІП