ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: 2015 жылғы Президент сайлауы теңдессіз нәтижесімен тарихта қалады (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан Қой жылында Тәуелсіз Қазақстанның саяси өмірі де ерекше оқиғаларға толы болды. Солардың ішінде 2015 жылғы сәуір айының 26-ында өткен ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына айрықша тоқталуды жөн санадық. Өйткені, сайлаудан басталған әңгімелер кейіннен Елбасының тұғырнамалық жоспарына айналып, одан кейінгі күні бес институттық реформа ретінде заңнамалық бекіп, енді міне, жаңа 2016 жылдың қаңтарынан осының барлығы дерлік нақты іс жүзіне асырылатыны күтіліп отыр. Әлбетте, реформа Қазақстанда үздіксіз жүргізіліп келе жатыр. Дегенмен, Президенттің бес институттық реформасы Қазақстанның дамуын жаңа сапаға жетелейтіні де анық. Ендеше, жыл аяқталар тұстағы қорытынды ретінде биылғы жылдың аса маңызды саяси оқиғасына тағы да бір көз жүгірттіп өтсек.
None
None

Алдымен сайлаудың мерзімінен бұрын, яғни кезектен тыс өткізудің жай-жапсарына тоқталсақ. 2015 жылғы ақпанның 14-і күні Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысында кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы бастама көтерілді. Кейіннен Қазақстандағы қоғамдық ұйымдар, бірлестіктер, саяси партиялар мен жекелеген саясаткерлер, сондай-ақ шетелдік сарапшылар тарапынан қызу қолдау жасалған сайлауды мерзімінен бұрын өткізудің қажеттігі ең алдымен әлемдік экономикалық дағдарыспен, үрделі халықаралық жағдаймен байланыстырылды. «Елімізді жаһандық сын-қатерлер кезеңінен алып шығу үшін еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңа жалпыхалықтық сенім мандаты берілуі қажет. Әлемде тұрақсыздық орын алған күрделі кезеңде еліміз стратегиялық бағытынан айнымай, Қазақстанды жаңғырту және дүние жүзінің озық 30 елінің қатарына енуі үшін Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа сенім білдіру қажет», - деп мәлімделген болатын Ассамблея Кеңесінің Үндеуінде.

Кейіннен, халықтық қолдауға ие болған бастама негізінде Парламенттің қос палатасы Елбасына Үндеуін жолдады. Ал Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президенттік сайлау өткізудің тетігіне қарай, Конституциялық Кеңеске жүгініп, Ата заң нормаларына түсінік беруді сұраған. Осыған орай, Конституциялық Кеңес өз түсініктемесінде: «Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабы 3-1-тармағының нормасын, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын жеке-дара тағайындауға айрықша құқығы бар деп түсінген жөн. Елбасының Президенттің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы шешім қабылдауына Республика Конституциясы қандай да бір шарттар мен шектеулер қарастырмайды. Мұндай сайлау тағайындау туралы шешім қабылдағанда Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 3-тармағында қарастырылған, Қазақстан Президентінің сайлауы мерзімі жағынан Республика Парламентінің жаңа құрамын сайлаумен тұспа-тұс келмеуге тиіс деген ереже ескерілуі керек», деп түсіндірді.

Сөйтіп, заңдық тұрғыдан еш кедергі болмағандықтан, қоғамның басым көпшілігі осыны қолдағандықтан билік те бұл іске бел шеше кірісті. Президент Н. Назарбаев ел өміріндегі аса маңызды шешімді қабылдау тұрғысында халыққа үндеу де жолдады. Онда Елбасы: «Менің Мемлекет басшысы лауазымындағы конституциялық өкілеттігім де 2016 жылы аяқталады. Халық екі ұсыныс айтуда. Біріншісі - ел президентін кезектен тыс сайлауын өткізу. Екіншісі - Президент өкілеттігі мерзімін ұзарту туралы референдум өткізу. Екі ұсынысты да жүзеге асыруға болады. Дегенмен, Конституция талаптарына сай келетін ең дұрысы сайлау өткізу болып саналады» деп жариялады. «Қайта қаһарына мінген әлемдік дағдарыс жағдайында бірлік бізге бұрынғысынан бетер құнды. Мемлекеттің тыныштығы мен елдің бірлігін сақтап, дамыту Президенті бастап, елі қостаған кезде ғана баянды болмақ. Жауапкершілік бүкіл халыққа да жүктеледі. Осыны ұмытпайық. Алдағы биік белестер мен асқар асулар үшін біз барлық кедергілерді бағындырып, алға басуға тиіспіз. Құзырлы органдар Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасы еліміздің Конституциясына және сайлау туралы заңға сай деген қорытынды шығарды. Мен сайлауға қатысты «иә» мен «жоқты» мұқият ой таразысына салдым. Сөйтіп, «кезектен тыс президент сайлауын өткізген жөн» деген пайымға келдім. Сайлау елімізді ұлы істерге ұйыстырып, баянды болашақ жолында біріктіре түсеріне сенемін. Қазақстандықтарды ел тарихындағы тағы бір тағдырлы оқиғаға жауапкершілікпен қарап, белсене қатысуға шақырамын», - деді Елбасы халыққа арналған үндеуінде.

Сөйтіп, кезектен тыс сайлау 26 сәуірде өтті. Сайлаудан соң Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенттігіне кезектен тыс сайлауындағы дауыс беру қорытындыларын жариялап, Елбасы Н. Назарбаевтың жеңісін ресми мәлімдеді. Республиканың облыстық, Астана және Алматы қалалық аумақтық комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес, тiзiмдерге енгiзiлген 9 547 864 сайлаушының iшiнен 9 090 920 адам немесе 95,21 пайызы дауыс беруге қатысты. Сайлаушылар дауысы жалпы республика бойынша төмендегiдей бөлiндi: Әбiлғазы Құсайыновқа сайлаушылардың 57 718 дауысы берiлдi, бұл 0,64 пайызды құрады. Нұрсұлтан Назарбаевқа - 8 833 250 немесе 97,75 пайыз, Тұрғын Сыздықовқа - 145 756 немесе 1,61 пайыз сайлаушылар дауыс бердi. Осылайша, Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президентi болып Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев сайланды деп санау туралы қаулы қабылдады.

Бұдан кейінгі кезекте қайта сайланған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың инаугурациясы, яғни ұлықтау рәсімі 29 сәуірде елордадағы еңселі ғимараттың бірі - Тәуелсіздік сарайында болып өтті. Бұл - ел тарихындағы бесінші инаугурация. Бұған дейін Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті алғаш рет 1991 жылы 10 желтоқсанда ұлықталып, Қазақстан халқына ант берген болатын. Екінші сайлау 1999 жылы 10 қаңтарда өтіп, онда жоғары сенім мандаты Н.Назарбаевқа тапсырылды. Президентті ұлықтау салтанаты сол жылы еліміздің жаңа елордасы - Астана қаласында өтті. Қазақстанда 2005 жылғы 4 желтоқсанда үшінші жалпыхалықтық президенттік сайлау өтіп, оның нәтижесі бойынша да Нұрсұлтан Назарбаев жеңімпаз атанды. Ұлықтау салтанаты 2006 жылдың 11 қаңтарында жаңа Ақордада өтті. Бұдан кейін 2011 жылы сайлауда да халық сенімі тағы Нұрсұлтан Әбішұлына тапсырылды, ұлықтау рәсімі 8 сәуірде өткен еді.

Ұлықтау рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан Республикасы Президентiнiң өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн» деп ант беріп, сосын еліміздің Туын сүйді. Бұдан соң, Әнұран шырқалып, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов қайта сайланған Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан Республикасы Президентiнiң куәлiгiн салтанатты түрде табыс етті.

Конституцияға сәйкес жасалған шаралардан соң, Президент ресми түрде қызметіне кіріскен болып саналады. Осыған орай, мемлекет басшысы сөз сөйлеп, алдағы мәселелерге тоқталды. «26 сәуір еліміз үшін тағы бір тарихи тағдырлы күн болды. Президент сайлауы Қазақстан халқының кемеңгерлігін бүкіл әлемге танытты. Ел өздерінің бірлігіне, беріктігі мен кемел келешекке сенімін танытты. Мәңгілік елдің мызғымас ұстанымдарына адалдығын көрсетті. Бұл таңдау - жарқын болашаққа қадам басқан Қазақстанның таңдауы. Бірлігін берекеге ұластырып, ұлы істер жолында ұйысқан барша халықтың жолы. Өзінің ұрпағының болашағын қасиетті Отанымыз Қазақстанмен бірге көретін әрбір азаматтың ерік-жігері», - деді Елбасы.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы сайлауалды тұғырнамасы ретінде жарияланған бес инстиутттық реформаны жүзеге асырудың маңғызды қадам екенін, Президент лауазымында алда осы мәселеге жіті назар аударылатынын де ескертті. Бұл ретте Мемлекет басшысы реформаларды түбегейлі іске асыру мақсатында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын заңдық қамтамасыз етуді ұсынды. «Ұлт жоспары - бұдан ары қарайғы мемлекеттік құрылыстың 100 нақты қадамынан тұрады әрі осы бойынша бес институционалдық реформалар бойынша атқарылатын жұмыстар түсіндіріледі. Тұтастай алғанда, бұл жоспар жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап беріп, жаңа тарихи жағдайда 30 дамыған елдің құрамына ену жоспарына айналады», - деді Н. Назарбаев.

Жалпы, биылғы сайлаудың ерекше сипат алғанын, оған халықтың әсіресе жастардың қызығушылығын қазақстандық қана емес, шетелдік сарапшылар да, байқаушы миссиялар да алға тартты. Сонымен қатар, сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге қатысты ешқандай да сын болған емес. Кейіннен бір сұхбатында Президент Н. Назарбаев бұған тағы да оралып: «2015 жылғы сайлау біздің тұтас ұлт болып қалыптасқанымызды көрсетті» деген болатын. «Халық өзіне не ұсынылып отырғанын жақсы түсінеді, сондықтан да мен жариялаған бағдарламаны қолдап отыр. Соңғы сайлауға бірауыздан қатысуы да соның айғағы. Ешқандай бұзушылық бұл сайлауда болған жоқ, АҚШ-тан бастап бәрі мұны атап өтті. АҚШ алғаш рет сайлау үшін халықтың кезекке тұрғанын мойындаған шығар. Саясаттанушылар түсінген шығар, мен өзім алғаш рет бізде ұлттың қалыптасқанын сездім. Қандай дінге, этносқа жататынына қарамастан халық бір адамға дауыс берді. Бәрі тең болды. Біз осы саясатты жалғастыруға тиіспіз. Осыны бәрі, қазақ та, украин, орыс та түсінуі шарт: біз осындай бірліктің арқасында ғана біртекті ұлт бола аламыз. Қазақша айтқанда, біз ұлт бола бастағанымызды осы сайлауда көрсеттік. Осы бағытта алға жылжысақ, бұл - керемет дүние», - деді Н. Назарбаев.

Шындығында, 2015 жылғы Президент сайлауы бұрынғы сайлаулардан мүлдем өзгерек болды. Оның нәтижесі ғана емес, халықтық белсенділік те осыны аңғартты. Айта кетерлігі, алдағы 2016 жылы да Мәжіліс сайлауына кезек келе жатыр. Ал оның маңызы да еліміз үшін ерекше екенін айтпасақ та түсінікті.

Соңғы жаңалықтар