ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: Баспана құрылысында жылдық жоспар орындалды

Алдымен өткен жылғы көрсеткіштерге тоқталатын боласақ, 2014 жылғы жалпы алаңы 7,5 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2013 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 110 пайызды құрайды. Ал жылдық жоспарға қатысты тұрғын үйді іске қосу 109 пайызды қамтыды, яғни пайдалануға беру жоспары 6,9 млн. шаршы метр деңгейінде еді.
Жалпы республика бойынша 63 724 бірлік тұрғын үй, оның ішінде 26 442 жеке тұрғын үй пайдалануға берілді.
Атап айтқанда, «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен жылдық жоспар бойынша 588,9 мың шаршы метр (8147 пәтер) ескерілген еді, дегенмен бұл жоспар артығымен орындалып, 739,6 мың шаршы метр тұрғын үй (12557 пәтер) пайдалануға берілді. Бұл тұрғыда ҚР Ұлттық экономика министрлігі 2014 жылғы тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша алға қойылған мақсат орындалғанын атап өтуде.
2015 жылғы қиын экономикалық жағдайға, сондай-ақ экономиканың көптеген саласындағы көрсеткіштерінің төмендеуіне қарамастан, биылғы 11 айда тұрғын үй құрылысының саласында оң нәтижеге қол жеткізілді. Қаржыландырудың барлық көздері есебінен жалпы алаңы 7,7 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, бұл 2014 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 122 пайызды құрады. Яғни, жылдық жоспарға қатысты тұрғын үйді тапсыру деңгейі 108 пайызды қамтып отыр. Осының алдындағы жоспарда тапсырылатын үйлердің көрсеткіші 7,1 млн. шаршы метр болған еді.
Жалпы республика аумағында 66 424 тұрғын үй, оның ішінде 29 982 жеке тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы орайда Қазақстан аумағындағы салынған баспананың бұл көрсеткіші былтырғыдан асып түскенін байқатады.
«Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының аясында республикалық бюджеттің қаражаты есебінен жылдық жоспар аясында 371,9 мың шаршы метр (5062 пәтер) баспана салу көзделген еді. Биылғы 11 ай бойынша 346,4 мың шаршы метр тұрғын үй (5853 пәтер) пайдалануға берілді немесе жылдық жоспардың 93 пайызы орындалды. Алайда, желтоқсаның аяғына дейін жылдық жоспар орындалатын болады»,-дейді ҚР ҰЭМ мамандары.
Белгілі болғандай, «ҚИК» ИҰ» АҚ желісі бойынша жалға берілетін тұрғын үй салу және сатып алу бағыты бойынша жалпы алаңы 667,3 мың шаршы метрді құрайтын 65 нысан бойынша (немесе 11689 пәтер) жалға берілетін тұрғын үйді салу мен сатып алуға келісімдер жасалды, оның ішінде 2015 жылы 426,7 мың шаршы метрді немесе 7228 пәтер тапсырылады. Бұл көрсеткіш жылдық жоспарда (401 мың шаршы метр) 106 пайызды құрады.
Жоғарыда атап өтілгендей, республика бойынша жылдық жоспар орындалып отыр. Ағымдағы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қаржыландырудың барлық көздері есебінен 8 өңір өздерінің жоспарлық көрсеткіштерін орындады, яғни олардың қатарында Астана және Алматы қалалары, Алматы, Қызылорда, Ақтөбе, Жамбыл, Маңғыстау мен Оңтүстік Қазақстан облыстары бар. Дегенмен де әкімдіктердің деректері бойынша, қалған өңірлер ағымдағы жылдың сонына дейін өздерінің көрсеткіштерін орындауға уәде беруде.
Ұлттық экономика министрлігінің атап өтуінше, республикалық бюджеттің қаражаты есебінен тұрғын үйді салудың және жеке құрылыс салушылардан сатып алудың құны Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасында бекітілген. Осылайша, тұрғын үйдің 1 шаршы метрін салудың құны Астана мен Алматы қалаларында 142,5 мың теңгеге дейін, Атырау, Өскемен және Ақтау қалаларында - 115 мың теңгеге дейін, өзге өңірлерде - 90-100 мың теңге болады. Тұрғын үй құрылысының белгіленген құнынан асатын шығындар жергілікті бюджеттің қаражаты есебінен жүргізіледі.
«ҚИК» АҚ желісі бойынша тұрғын үй бағытында баспананың 1 шаршы метрін салудың құны Астана және Алматы қалаларында 185 мың теңгеге дейін, қалған өңірлерде 150 мың теңгеге дейін құрайды. Сонымен қатар тұрғын үйді сатып алудың (сатып алынатын) құны Астана және Алматы қалаларында 200 мың теңгеге дейін, ал өзге облыстарда 165 мың теңгеге дейінгі соманы қамтиды.
Атап айтқанда, осы бағыт бойынша құрылыстың құны 2015 жылдан бастап жыл сайын инфляция коэффициентіне және құрылыстағы баға индексінің өзгеруіне сәйкес түзетілетін болады.
Ал жеке құрылыс салушылардың тұрғын үйдің 1 шаршы метрін салуының құнын «сұраныс - ұсыныс» қағидаты бойынша нарық өзі реттейді.
Енді алдағы уақытта, яғни «2016 жылы бағдарламасы бойынша қанша көлемде тұрғын үй пайдалануға берілмек?» деген сауал туындайтыны анық. Бұл тұрғыда ҚР ҰЭМ мамандары қалыптасқан экономикалық жағдайға және бюджетті қысқартуды көздейтін жалпыға ортақ экономикалық шараларға байланысты 2016 жылғы бюджет түзетілгенін алға тартуда. Осыған орай, Ұлттық экономика министрлігі Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасына, оның ішіңде тұрғын үйлердің көрсеткіштерінің түзету бөлігінде өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.
Айтпақшы, еліміздегі үлескерлер мәселесі де оң шешілетіні белгілі болды. Биылғы күзде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев 2015 соңына дейін Қазақстанда мыңнан астам үлескер өздерінің пәтерлерін алатынын жеткізді.
«14 нысанның құрылысын аяқтау (1664 үлескер) жұмыстары қалды. Яғни, біз бұл тұрғыда әрбір адамның аты-жөнін нақты білеміз және үйін алуға үмітті барлығы қамтылған. Осы мәселе ерекше бақылауда тұр. 2015 жылдың соңына дейін 9 нысанның құрылысы (1153 үлескер) аяқталмақ, сондай-ақ 2016 жылға 551 үлескерге тиесілі 5 нысан қалады», - деді вице-министр.