Жыл қорытындысы. Футболдан Астана біріншілігі

Бірақ солардың ішінде шоқтығы биігі - Футболдан әуесқойлар арасындағы Астана қаласының біріншілігі.
«Астана-1964» атой салған маусым
2015 жылдың 27 желтоқсанында басталған Астана қаласының қысқы біріншілігіне 13 команда қатысқан. Арасында «Зенит», «Школьник», «Арт Принт», «Целиноград» сынды дебютанттар да болды. Барлық ойын «Астана-Арена» стадионында өтіп, қала біріншілігінің барысынан кәсіпқой футболшыларды да көріп қалатынбыз. Бұл қысқы маусымның ерекшелігі ғой. Кәсіпқой футболшыларға да қатысуға рұқсат. Сондықтан, бастапқы турларда Исламбек Қуат «Школьник» сапында ойқастап жүрсе, кәсіпқой карьерасын кеше ғана аяқтаған Максим Жалмағамбетов осы командада бастан-аяқ ойнады. Әлі де доп теуіп, «Школьникті» алға жетелеп жүр. Бірер уақыт «Достардың» намысын Мұрат Тілешев, Айдар Күмісбеков, Мұрат Сүймағамбетов, Антон Чичулин сынды мықтылар қорғады. Ардагерлерден құралған «Целинниктің» сапында Константин Котовтан бастап, Марат Ысқақов, Сергей Калюбин, Александр Лисин, Владимир Глевич, Игорь Басманов сынды кезінде Ақмола футболын аяққа тұрғызып, Қазақстан аренасында атой салған ардагерлер ойнады.
Ал чемпионат «Зениттің» қарқындылығымен есте қалды. Екі кезеңнен тұрған біріншіліктің алғашқысында тек бір ғана кездесуде тең ойнап, қалған бәрінде жеңіске жеткен Илья Меланич шәкірттері сөзсіз - сол маусымның фавориті еді. Сондай-ақ, тағы бір дебютант «Школьник» футболшылары да жер тарпып тұрған. Бірақ тәжірибенің жөні бір бөлек қой. Екінші кезеңде бұрыннан қалыптасып қалған командалар - «Астана-1964» пен «Достарға» қарсылас шақ келмеді. Әсіресе соңғыларының қарқыны қатты еді. Тек соңғы турда өзара кездесуде ғана чемпионның тағдыры шешіліп, Дидар Сыдықбек, Қуаныш Әбдуалиев, Ербол Изекенов бастаған, оңтүстіктің меценаты Данияр Абдуалиев қостаған «Астана-1964» футболшылары чемпион атанды.
Қысқы маусымның үздіктері: Үздік қақпашы - Серік Елубаев (Зенит) Үздік қорғаушы - Әнуар Төкенов (Школьник)
Үздік жартылай қорғаушы - Тухан Хамхоев (Достар)
Үздік шабуылшы - Ербол Изекенов (Астана-1964)
Үздік жаттықтырушы - Әділ Шанабаев (Достар)
«Зенит» қалай чемпион атанды?
Жазғы маусым жайлы әңгіме көп жүрді. Бірде 12 команда қатысатын болып, бірде олардың саны 16-ға дейін көтерілетін болып, әйтеуір нақты санын ұзақ күттік. Ақыры мамырдың 7-сі күні «Астана-Аренада» алғашқы ойындар өтті. 14 команданың қатысуымен. Өкінішке қарай, солардың қатарында қысқы маусымның чемпионы «Астана-1964» болған жоқ. Ол жақтан жауап ұзақ күткен ұйымдастырушылар команданы біріншілікте сақтап қалу үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасады. Алайда, қаржы тапшылығы өз дегенін жасады. Есесіне, Солтүстік Қазақстан облысының «Рузаевка» командасының қосылуы біріншілікке өзінше әр берген еді. Ал «Целиноград» командасында африкалық легионерлердің ойнауы тіптен таңсық құбылыс болды. Бірақ, көпшілік бұл жаңалықты да жақсы қабылдады. Ойындардың басым бөлігі «Астана-Аренада» өткенімен кей матчтар Қажымұқан атындағы Орталық стадионда, кейбірі Мичурино кентіндегі «Астана» спорт кешенінің алаңында ұйымдастырылды.
Арада үш-төрт тур өткен соң-ақ алғашқы «бақытсыздар» анықтала бастады. Ұйымдастыру комитетінің шешімімен «Телеком» командасы біріншіліктен шығарылды. Тағы бес алты турдан кейін, яғни біріншілік бел ортасына тақағанда «Целинник» ардагерлері де біріншіліктен аластатылды. Олардың жағдайы тіптен қызық. «Рузаевкамен» ойнап жатқан. Бас төреші Ғалымжан Кенжалинов болатын. Ардагерлер 0:2 есебімен ұтылып жатты. Жүйкелері де жұқарып барады. Кенет бір ойыншысы өте дөрекі ойнап, ойын ережесін бұзды да, қызыл қағаз алды. Алайда, алаңды тастап кеткісі келген жоқ. Басқа амалы қалмаған бас төрешіге ойынды тоқтатуға тура келді. Артынша Тәртіптік-бақылау комитеті «Целинникті» ауыр жазалады.
Ал чемпиондық атақ «Зенитке» бұйырды. Қысқы маусымдағы сәтсіздіктерден сабақ алған Илья Меланич құрамын бірқатар мықтылармен күшейтті. Бұған дейін «Астана-1964» командасының намысын қорғаған Асан Барлыбаевты бірден өз құрамдарына алдыртты. Трансферлік кезеңде «Зенит» құрамын «Школьникке» «ренжіп кеткен» Әнуар Төкенов пен Александр Богомолов күшейтті. Өздерінің де жігіттері қара жаяу емес еді. Ақыры чемпионаттың аяқталуына үш тур қалғанда «Зенит» чемпиондық атақты ресми түрде рәсімдеді.
Үздік қақпашы - Бейбітжан Мамырайымов (Школьник)
Үздік қорғаушы - Данияр Плотников (Зенит)
Үздік жартылай қорғаушы - Роман Гончарев (Достар)
Үздік шабуылшы - Вильдам Насибуллин (Арт Принт)
Үздік сұрмерген - Тухан Хамхоев (Достар)
Үздік жаттықтырушы - Илья Меланич (Зенит)
Үздік төреші - Сергей Попов (Астана)
Келесі чемпион кім болар екен?
Желтоқсанның 10-ы күні елорда біріншілігінің кезекті қысқы маусымы басталды. Барлығы 16 команда сынға түсіп жатқан бұл біріншілік келесі жылдың наурызына дейін созылмақ. «Жеңіс», «Жебе», «КазАэроНавигация», «Виктория» сынды дебютанттар да бар. Ал көш басында алғашқы екі турдан кейін ұпай жоғалтпаған бес команда тұр. Олар: «Школьник», «Зенит», «№8 БЖМОРС», «Достар» және «Астана-2000». Келесі тур 2017 жылдың басында басталады. Бастан-аяқ «Астана-Аренада» өтіп жатқан бұл бәсекеде кімнің бағы жанар екен?
Астана біріншілігінің 2016/2017 жылғы қысқы маусымының турнир кестесі мына сілтемеде.
Дереккөз: Астана футбол федерациясы