16:42, 03 Ақпан 2009 | GMT +5
Жыл соңына дейін Астанадағы проблемалы тұрғын үйлердің құрылысы аяқталатын болады
АСТАНА. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астанада үлескерлердің қатысуындағы 19 проблемалы тұрғын үйдің 9-ының құрылысы үстіміздегі жылдың соңына дейін аяқталады.

Бұл туралы бүгін құрылысы «Жаңа құрылыс» ЖШС арқылы аяқталуы тиіс проблемалы тұрғын үйлерді аралаған Астана қаласы әкімінің орынбасары Сергей Хорошун мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның атап көрсеткеніндей, 19 проблемалы тұрғын үйдің қалған 10-ы бойынша экономикалық тұрғыдан тиімсіз деген шешім шығарылды. Яғни, тұрғын үйлер бой көтеруі тиіс жер телімдерінде ескі үйлерді сырып тастау, оның іргетасын қалау сияқты құрылыстың бастапқы іс-шаралары жүргізілмеген. Бұл тұрғын үйлердің үлескерлері «Жаңа құрылыс» ЖШС-ның көмегімен салынып жатқан, атап айтқанда «Алтын ғасыр», «Байқоңыр», «Возрождение», «Оқжетпес», «Европалық», «Эгалитэ», «Әл-Фараби», «Тәуелсіздік» тұрғын үй кешендеріне қайта үлестірілетін болады. Сондай-ақ «Жаңа құрылыс» 753 пәтерлік жаңа үйдің құрылысын жүргізіп жатыр.Бүгінгі таңда 5574 алданған үлескердің 3438-і тұрғын үй құрылысына үлескер ретінде қатысқандығы туралы құқықтарын дәлелдей алды. Әкім орынбасарының сендіруінше, барлық нысандар жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады. Естеріңізге сала кетейік, Елбасының тапсырмасына сәйкес Астана қаласының әкімдігіне құрылыс секторындағы мәселелерді шешу үшін республикалық бюджеттен 107 миллиард теңге бөлінді. Бұл соманың 17,2 миллиарды проблемалы тұрғын үйлердің құрылысын аяқтау үшін «Жаңа құрылыс» ЖШС-ға, 48,8 миллиарды екінші деңгейлі банктер арқылы құрылыс компанияларын қаржыландыру үшін «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына бағытталды. Қалған 41 миллиардына қала әкімдігі құрылысы аяқталмаған нысандардан 6213 пәтер сатып алып, оны келешекте әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарға жалға беретін болады.