Жыл соңына дейін елімізде 900 км жол жаңартылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда «Нұрлы жол» бағдарламасының шеңберінде 16 жоба іске асырылуда, олар негізінен автомобиль жолдары саласындағы жобалар.

 Жыл соңына дейін елімізде 900 км жол жаңартылады

Бүгін бұл туралы ҚР Үкіметінің мәжілісінде  ҚР Инвестициялар  және даму министрі Әсет Исекешев мәлімдеді.

Естеріңізге салайық, 2015-2019 жылдарға арналған  «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы дағдарысқа қарсы сипатқа ие - ол халықты және бизнесті қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді, отандық  құрылыс материалдарын өндірушілердің дамуын көтермелейді, жаңа жұмыс орындарын құрады.

2015 жылы жұмыстар  11 жобаның ішінен 8-і   автомобиль жолдары саласындағы жобаларда жүргізілді, олар: «Батыс Европа - Батыс Қытай», «Орталық-Оңтүстік», «Орталық-Шығыс», «Бейнеу-Ақтау», «Алматы - Өскемен», «Астана - Петропавл», «Ақтөбе-Атырау» және «Орал-Каменка» тас жолдары.  Барлығы 2 мың шақырым жерге жол салынса, 75 мыңдай адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылмақ. Осы рете айта кету керек, 2015 жыл қорытындысы бойынша, елімізде 456 км  жол салынды және қайта жаңартылды.

«2016 жылы жұмыстар жоғарыда аталған 8 жобада жалғастырылды, оларда 1,7 мың шақырым қамтылды. Жыл қорытындысы бойынша 900 шақырымнан астам жолдарды қайта жаңарту жоспарлануда. Елдің барлық  автомобиль жолдарын салуға 100 мыңға жуық адам тартылатын болады», - деп атап өтті министр.

Ол сондай-ақ, Қорғастан Қызылордаға дейінгі аралықты қамтитын тас жолдың да салынатынын айтып өтті.

«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасын жүзеге асырғалы 2 028 шақырым жол учаскесінде жұмыстар аяқталды және Шымкенттен РФ шекарасына дейін Орынбор бағытында, және Тараз-Алматы учаскелері бойынша қозғалыс ашылды. Ағымдағы жылда Алматы -Қорғас (304 шақырым) Шымкент - Ташкент (100 шақырым) және  Шымкент - Жамбыл облысы шекарасы (81 шақырым) учаскелерінде жұмыстар жалғасып жатыр. Бұл учаскелер жыл қорытындысы бойынша толығымен аяқталады  және дәліздің толық бойында қозғалыс ашылады», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, Алматы-Бішкек тас жолында көлік ағымының екі есе артуына байланысты Ұзынағаш-Отар учаскесінде 4 жолақты I-техникалық санатқа ауысу жоспарланады. Учаскені қаржыландыру Дүниежүзілік Банк қарызынан үнемдеу есебінен іске асырылатын болады.

«Қорытындысында Қорғастан Қызылордаға дейін бірінші санатты тас жолы салынады, бұл өз кезегінде жол апатын төмендетуге септігін тигізеді»,-деді Ә. Исекешев.

Айта кетейік, Қазақстанның көлік-логистика кешенін дамыту Қазақстан Республикасының ҚХР және Европа елдері сияқты аса ірі сауда әріптестері арасындағы тиімді географиялық жағдайын ескере отырып, ел экономикасының басым бағыттарының бірі болып табылады. Қазақстан Орталық Азия өңірінің ірі іскерлік және логистикалық хабына айналу міндетін алға қойды.