Жыл соңына дейін Қазақстан-Қытай шекара өткелінің жаңа бекеті салынады

Бұл туралы бүгін ҚР ИДМ автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков мәлім етті.
"Еуразия құрлығының ортасында орналасқандықтан, бізге транзиттік әлеуетімізді толық пайдалана білуіміз керек. Президент өзінің Жолдауында Қазақстан арқылы өтетін транзитті 5 млрд-қа дейін жеткізуді тапсырды. Шамамен 7 мың шақырым жолды жөндейтін боламыз. "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" - 2010 жылдан бері жүзеге асырылып жатқан біздің негізгі жобамыз. Ол қазір жұмыс істей бастады десе де болады. Қазіргі уақытта ҚХР шекарасында "Нұр Жол" өткелін салып жатырмыз, оны жылдың соңына дейін пайдалануға береміз", - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслиxатында.
Ол бұл шекара өткелінің маңызына тоқталды.
"Біз Қытайдың Ресеймен, ары қарай Еуропамен байланысын қамтамасыз етеміз. Сонымен қатар Батыс Еуропаға Орталық Азия елдері: Қырғызстан мен Өзбекстан шыға алады. Қытай мен Ресей арасын жалғау мәселесін шешеміз. Біз Қытайдан Батысқа ғана емес, Шығыс Сібірге шығатын жолдарды қалпына келтіреміз. Ол - Қытайды Шығыс және Батыс Сібірмен жалғайтын Омбы-Қапшағай тас жолы", - деді ол.