Жыл соңына дейін Петропавлда 238 отбасы қоныс тойын тойламақ (ФОТО)

«Ағымдағы жылы Петропавлда «2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 2 үй тапсырылады. Бұл 90 пәтерлік және 55 пәтерлік үйлер. Осы екі үйдің пәтерлерінің 50 пайызын жергілікті атқарушы орган, тағы 50 пайызын - өз салымшылары үшін «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» үлестіріп жатыр. Біздің кезекте тұрған азаматтарымыздың үй құжаттары қабылданып, өңделді. Петропавл қаласының ресми сайтында негізгі талаптар бойынша кім өткені туралы ақпарат бар», - деп ақпараттандырды Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі секторының меңгерушісі Бауыржан Бейсембаев.
Сондай-ақ Петропавлдағы «Береке» шағынауданында биылғы жылы «Жас отбасы» бағдарламасы бойынша 93 пәтерлік үй пайдалануға беріледі. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жетім балалар үшін 200 орынға арналған екі жатақхананың құрылысы аяқталып жатыр.
Петропавлда жыл басынан бері төрт көпқабатты үй пайдалануға берілді. Қоныстойын 180 солтүстікқазақстандық атап өтті. Облыс орталығында баспанаға кезекте тұрған азаматтардың саны 11 мың адамнан асып отыр.
«Келесі жылы бізде «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ-ның бағдарламасы жұмыс істейді. Юбилейная - Семашко мекенжайы бойынша 2015 жылдың маусым айынан бастап құрылыс жүргізіліп жатыр. Қазіргі кезде үйдің 2 қабаты салынған. Сондай-ақ үш үй бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. 2016 жылы бұл үйлерді тапсырамыз», - деп қосты Бауыржан Бейсембаев.